Рамазанда істелуі керек 5 амал
Рамазанда істелуі керек 5 амал
1 ай бұрын 3623 islam.kz
Мұса Жамал

«Рамазан айының әрбір минуты берекелі. Ал Аллаға жасалған әрбір дұға ерекше» - мұсылман адам Рамазан айы бойы осы ұранды ұрандап өткізуі керек. Өйткені, бұл ай мұсылман үшін ерекше ай және ол оны жыл бойы күткен. Осы қасиетті айды ерекшелендіріп, безендіретін амал түрлері бар, мұсылман адам мүмкіндігінше соларға ұқыптылық танытқаны жақсы. Ол қайсы амалдар десеңіз, назарларыңызға Рамазан айында ауыз бекітуден бөлек және бес уақыт намазды оқығаннан өзге жасалуы абзал болған бес амалды ұсынып отырмыз. Олар төмендегінше: 

1. Қасиетті Құран кітапты бастан аяқ толық оқып шығу.

Бәрімізге белгілі болғандай Қасиетті Құран Кәрім Рамазан айында түскен болатын. Рамазан – Құран айы. Пайғамбарымыз да әр Рамазан айында Жебірейіл періштеге Құранды бастан аяқ оқып тапсыратын болған. Сондықтан бүкіл әлем мұсылмандары оны толық оқуға тырысады. Құран Кәрімде: «Рамазан айы - Құран түскен ай» делінеді («Баққара» сүресі, 185-аят). Пайғамбардың сахабалары мен кейінгі дін ғалымдары бұл аяттың мәнін жақсы түсінгендіктен Құранды бір рет емес, бірнеше рет қайталап оқып тұрған! 

Рамазанның басты мақсаты – Алланың Кітабына ерекше мән беру екендігін сахабалар білген! Имам Әз-Зуһриден (Аллаһ оны рахым етсін) «Рамазан айында не істеу керек» деп сұрағанда, Ол: «Құран оқы және адамдарға тамақ бер», - деп жауап берген еді. 

АбдуРаззақтың Имам Суфиян әс-Сауриден жеткізген риуаятында, Имам Суфиян әс-Сәури (р.а.) Рамазанның басталуымен барлық нәпіл ғибадаттарды ысырып қойып, бүкіл уақытын Құран оқуға арнайтын болған екен. Ал Ибн Абдул-Хакамның айтысына қарағанда, Имам Мәлик рахимаһуллаһ осы айда ілім үйретуден алыстап, Құран оқуға көбірек мән береді екен. 

Сондай-ақ, Рамазан айында Жебірейіл періште Мұхаммед пайғамбарымызға келіп, Құранды онымен бірге қайталап тұратын. Бұл туралы Абдулла Ибн Аббас, Аллаһ оған және әкесіне разы болсын, айтқан. 

2. Тарауих намазын оқу

Бұл намаз ерлерге де, әйелдерге де бекітілген сүннет амал болып табылады, яғни, «сүннет муаккәда». Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)бір сөзінде: «Кімде-кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла ризалығы үшін тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», - деген (әл-Бухари). 

Бұл намазды Мұхаммед пайғамбар сахабаларымен бірге Рамазан айының 23, 25 және 27 түндерінде мешітте оқыған. Адамдар бұл намазды парыз деп қабылдап қалмасы үшін аталмыш намазды күнде мешітте оқымайтын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларымен сегіз рәкәғат оқып, қалған рәкәғаттарды үйінде оқитын болған. Бұл туралы Имам Муслим, Имам әл-Бұхари және Имам ат-Тирмизи өздерінің хадистер жинақтарында Әбу Заррдан, сондай-ақ Айша анамыздан келтірген. 

Пайғамбар мен оның сахабаларының тарауихты жиырма рәкатқа дейін оқығаны екінші әділ халифа Омар ибн әл-Хаттабтың іс-әрекетінен белгілі. Ол осы намаз түрін жиырма рәкәғат қылып оқуды заңды түрде бекітті. Бұған байланысты Абдуррахман ибн Абдул-Қари былай дейді: «Мен Рамазан айында Омармен бірге мешітке кірдім. Біз мешіттегі жамағаттың шағын топтарға бөлініп оқып жатқандарын көрдік. Сол кезде Әзіреті Омар: «Оларды бір жамағатқа топтастырсақ жақсы болар еді!», – деді. 

Сөйтіп, Ол (Омар р.а.) Убей ибн Кағбты намазда имамдыққа тағайындап, (өзгелерге оған ұйып оқуларын бұйырды)», - деп Имам әл-Аскалани мен Имам аш-Шавкяни хабарлаған (р.анһума). Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір сөзінде: «Менің жолым болған сүннеттер - сендерге міндет және салих халифалардың жолы да сендерге (ұстануға) міндет», – деген болатын. Әзіреті Омар сол Алла елшісі (с.а.у.) айтқан салих халифалардың екіншісі болғанын ұмытпа! Осыны Имам Малик (р.а.) былай деп толықтырады: «Омар заманында тарауих намазы жиырма рәкат қылып оқылатын. Осы кезден бастап жиырма ракат сүннет болып бекітілді». 

3. Зекет беріңіз, садақа беріңіз және мұқтаждарды тамақтандырыңыз 

Дәстүр бойынша дүние жүзіндегі мұсылмандар зекеттерін Рамазан айында беруге тырысады, сондай-ақ осы айда мұқтаж жандарға садақа таратуға да аянбайды. Бұл немен байланысты? Сірә, олар Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Ибн Аббастан жеткен мына сөзіне сүйенсе керек:

«Пайғамбар адамдардың ең жомарты еді. Әсіресе, Рамазан айында Жебірейіл періште (ғалейһиссәләм) келген кезінде адамдардың ең жомарты болатын. Жебірейіл періште Пайғамбарымызға Құранды тағлым ету үшін Рамазанның әр түнінде келіп тұратын. Пайғамбардың жомарттығы желден де жылдам болды», - деп әңгімелейді сахаба. (әл-Бухари жеткізген). 

Сондай-ақ, Ораза айтқа дейін мұсылмандар пітір садақаларын беріп үлгерулері керек. Рамазан айының берекесі ізгіліктің қай-қайсысына болса да әсер етері сөзсіз, ал зекет болса, байларға парыз, ол – Алла Тағаланың парыз еткен ғибадат түрлерінің бірі әрі Ислам дінінің тірегі болып табылады. Бұнымен қатар, Рамазан айында берілетін пітір садақасы қалталы мұсылманға уәжіп болып табылады, оны бай санатына жатпайтындар да берсе сауап. Нәпіл ғибадаттардың өзі еселеніп сауабы берілетін болса, зекет пен пітір секілді міндет амалдардың сауабының қарымтасы қаншалықты болатындығын топшылай беруге болады. Риуаяттың бірінде Осы айда жасалған бір парыз амал, өзге айларда жасалған жетпіс парыз амалға тең екендігі айтылған. («Имам Бәйһәқи»). 

4. «Иғтиқаф» жасау 

Иғтиқаф – Рамазан айында жасалатын амалдардың ішіндегі Алла Тағала үшін ең сүйікті амалдың бірі. «Иғтиқаф» сөзі араб тілінде «бір жерде тұрақтау» дегенді білдіреді. Шариғаттағы мағынасы, иғтиқаф Аллаға жақындау мақсатында мешітте қалу деген сөз. Үкімі - сүннет. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл ғибадат түріне құлшыныс танытқан, оның соңынан ерген сахабалары да бұл сүннет амалды жандандырып тұруға ат салысты. Айша анамыз былай деген (оған Алла разы болсын, былай): «Пайғамбарымыз бақилық болғанға дейін Рамазан айының соңғы күндерінде иғтикаф құлшылығын жасады». (әл-Бухари мен Муслим жеткізген). 

Пайғамбардың иғтикафқа кірген күндері негізгі қажеттіліктерден тыс, мешіттен шықпағаны айтылады. Рамазан айының соңғы он күні туған күні, Ол және Оның сахабаларының құлшылық жасауға құлшыныстары арта түсуші еді, өйткені бұл күндер - Қадір түніне тура келеді. 

5. «Қадір түнін» күту. 

Қадір түнінің мың айдан қайырлы екендігін бәріміз білеміз. Бұл туралы Құранда айтылған. Қадір түніне тура келу деген сөз, ол түні барлық тілектеріңіз қабыл болады дегенді білдірмек. Басқаша айтқанда, қадір түні - сіздің өміріңізді жақсы жаққа өзгертуге бірден бір мүмкіндік. 

Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)былай дегенін жеткізеді: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінің ішінен іздеңдер». (әл-Бухари). Тағы бір хадисте: «Қадір түнін соңғы он түннің тақ күндері іздеңдер», - делінген (әл-Бұхари). 

Ендеше, мұсылман қауым, сауап бақшасы болып саналатын бұл қасиетті айда барынша сауап жинап қалайық!

Алла Тағала жасаған құлшылықтарыңызға еселеп сауап жазсын!

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: