Рамазан айында ұзақ құлшылықтардан, төгілген көз жасы мен шын жүректен шыққан дұғалардан кейін көбіміз ерекше бір жеңілдік сезінетініміз анық. Алайда, сыртқы құлшылыққа (ораза, намаз, садақа) ден қойғанымдай, көңіл түкпірінде жиналып қалған «эмоционалдық қоқыстардан» да құтылуды ұмытпауымыз керек. «Ораза ұстап, Құран оқып жүрмін, осы да жеткілікті емес пе?» — дерсіз. Жоқ, жеткіліксіз.
Психологиялық тұрғыдан алсақ, адамның ішкі жан күйі оның психологиялық ахуалына тікелей әсер етеді. Егер бойымызды мазасыздық, көреалмаушылық немесе өкпе-реніш билеп тұрса, біздің зейініміз құлшылыққа емес, іштегі «іріңдеген жараларға» ауа береді. Сол себепті, Рамазан аяқталмай тұрып, рухымызды улап жатқан 10 түрлі кеселден арылуымыз қажет.
1-У: ӨКПЕ-РЕНІШ
Өміріңізде сізді алдаған, көңіліңізді қалдырған жандар бар ма? Олар туралы ойлағанда әлі де қаныңыз қайнай ма? Егер біреу жаныңызды жараласа, сіздің алдыңызда екі жол тұрады: не «жәбірленушінің» кейпіне еніп, өзіңізді аяумен күн кешу, не болған істі тағдырдың жазуы деп қабылдап, алға қарай нық қадам басу. Көкіректегі кек пен өкпе – қайда барсаңыз да арқалап жүретін ауыр шабадан іспетті. Одан арылуды үйреніңіз, сонда ғана жаныңыз рақат тауып, еркіндікті сезінесіз.
Ең алдымен, өткендегі қателіктеріңіз үшін өз-өзіңізді кешіріңіз. Бұрын-соңды қаншалықты бейқам, өзімшіл немесе ерсі қылық көрсетсеңіз де, түзелуге әрқашан үміт бар. Жаратқанның кешірімінде шек жоқ, тәубе есігі де ешқашан жабылмайды.
«Уа, Адам баласы! Егер сенің күнәларың көктегі бұлттарға дейін жетсе де, Менен кешірім сұрасаң, Мен сеңі кешіремін» (Тирмизи жинағындағы хадис құдси).
Ата-анаңызды, жарыңызды, бауырларыңызды және сізді ренжіткен барша жанды кешіре біліңіз. Оларға қапаланып, ызаға булыққанша, әрбір істің артында Алланың бір хикметі мен даналығы барын ұғыныңыз. Дәл осы сынақтар сізді тұлға ретінде қалыптастырып, қайратыңызды шыңдады. Рухани азаттыққа жету үшін өткеніңіз бен бүгініңізді қандай болса, солай қабылдаңыз.
«Кімде-кім қиянатқа ұшырап, соны кешірсе, Алла Тағала оның дәрежесін көтеріп, бір күнәсін өшіреді» (Тирмизи).
Сіз қазір өз нәпсіңізбен (Эго) бетпе-бет келіп, жаныңызды тазарту жолында ішіңіздегі жамандықпен арпалысып жатқан «жекпе-жектесіз». Іште кек сақтауға деген құмарлықты жеңіңіз. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл туралы былай деп өсиет еткен:
«Раббым маған мына нәрселерді бұйырды: менімен байланысын үзгенмен байланысты үзбеуді; маған бермегенге беруді және маған зұлымдық қылғанды кешіруді».
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның сахабалары нағыз жомарттықтың, жанқиярлықтың үлгісі еді. Олар өздеріне жәбір көрсеткендерге кеңшілік жасап, тіпті ең қатал дұшпандарының өзін кешіріп, рахымдылық танытты. Шынайы кешірімнің түпкі мәні – өзгенің қателігін ұмытуда. Оны қайта-қайта қазбалап, еске түсіре бермеуде. Бұл – адам баласы жасай алатын ең парасатты әрі кемел істердің бірі.
Жатар алдында: «Мені ренжіткендердің бәрін Алла үшін кешірдім», – дегені үшін ғана тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленген сахабаның оқиғасын ойлаңызшы. Бұл сондай қарапайым іс. Сізден ешқандай қаражат та, ауыр еңбек те талап етілмейді. Болғаны – жүрегіңізбен сондай шешімге келу ғана.
№2 У: АШУ-ЫЗА
Ашу – бұл адам баласына тән табиғи сезім, ол кейде бізді әрекет етуге жігерлендіруі де мүмкін. Алайда, ашу-ыза дұрыс арнаға бағытталмаса, ол тән мен жанның дертіне, ауыр сөздер мен балағатқа, тіпті шаңырақтың шайқалуына (ажырасуға) соқтыратын басты себепкерге айналады. Осы сезімді тізгіндеуді үйреніңіз, әйтпесе ол сізді өз еркіне бағындырып алады.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Нағыз мықты – күресте жеңген палуан емес, нақыз мықты - ашу қысқанда өзін ұстай білген адам» («Сахих Бұхари»).
Ашуды жеңу үшін қажетті бірнеше маңызды алғышарттар бар. Егер сіз өз тағдырыңызды барындай қабылдап, қазіргі сәтте басыңыздан өтіп жатқан әрбір істің – мейлі ол жағымсыз көрінсе де – түбінде сіз үшін қайырлы екенін сезінсеңіз, ашуыңызға ие болу әлдеқайда жеңілдейді.
Ашуды ауыздықтаудың тағы бір маңызды тұсы – «кемелдік» немесе ересек адамға тән жауапкершілік. Яғни, сезімдеріңіздің тізгіні әрдайым өз қолыңызда болуы тиіс. Өз көңіл-күйіңіздің қожайыны тек өзіңізсіз, сондықтан ашулану немесе ашуланбау туралы шешімді тек сіз ғана қабылдайсыз. Айналаңыздағы адамдарды кінәлай беруді доғарыңыз. Сіз – ересек, ақыл-ойы толысқан тұлғасыз, сондықтан сезімдеріңіз басқаларға емес, тек өзіңізге тиесілі. Егер бойыңызда адамдар басқан кезде сізді ашуға булықтырар «ашу нүктелері» (түймелері) көп болса, сол нүктелерді ӨШІРІП ТАСТАҢЫЗ. Оларға жауап беруді (реакция білдіруді) тоқтатыңыз, сонда өзгелер де ол нүктелерді басуды қояды.
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір кісі насихат сұрағанда, Ол (с.а.у.) оған: «Ашуланба», – деп қысқа қайырды. Әлгі адам тағы да сұрайды, Пайғамбарымыз тағы да: «Ашуланба» дейді, содан кейін тағы бір мәрте сұрады, Алла Елшісі үшіншісінде де: «Ашуланба», – деп жауап берді. Оның себебі – ашудың соңы көптеген қиындықтар мен күнәларға жетелейтінінде. Ашу үстіндегі адам өзгенің көңіліне қаяу түсіріп, қол жұмсауы, ғайбат айтуы немесе басқа да кесірлі істерге баруы мүмкін.
№3 У: МАЗАСЫЗДЫҚ ПЕН ҮРЕЙ
Мазасыздықтың қаупі сонда – ол адамды іштей жегідей жеп, еңсесін басып тастайды. Ал адамның еңсесі түсіп, рухы жасыған сәтте, ол ештеңеге зейін қоя алмайды, жан тыныштығынан айырылып, өзіне деген сенімін жоғалтады. Бұл күй адамның иман қуатына да, күнделікті тіршілігінің берекесіне де кері әсерін тигізеді. Үрей бойын билеген адам көбіне қолы-аяғы байланғандай дәрменсіз күй кешеді.
Адамдардың басым көпшілігі өткенге өкінумен немесе болашақтың қорқынышымен өмір сүреді, бұл жанға батпан жүк болып, ауыр күйзеліске (стресске) алып келеді. Бұдан құтылудың жалғыз шипасы – «осы сәтпен», дәл қазіргі уақытпен өмір сүру. Тек өткенге жалтақтамай, ертеңгі күн үшін де шектен тыс уайымдамай, Аллаға тапсырып, бүгінгі күнге зейін қойғанда ғана сіз толыққанды өмір сүре аласыз. Бұл үшін Жаратқанның шексіз даналығына кәміл сену қажет. Оның әрбір ісінде үлкен мән мен қайыр бар. Аллаға тәуекел етіп, тағдырыңызды барындай қабылдаңыз – сонда ғана іштегі үрей буланғандай жоқ болады.
Өз-өзіңізге айтатын сөздеріңізді бақылаңыз: ішкі диалог сізді не сабырға шақырады, не болмаса алапат күйзеліске ұшыратады. «Енді не болады, қалай күн көремін?» деп өзіңізді қамшылай бермей, керісінше: «Бәрінің қайырлы болатынына сенемін, Алла жазса, алдымнан шыққан кез келген істі еңсере аламын!» – деп бекемделіңіз.
Менің тәжірибемде қатты мазасыздыққа салынған, тіпті жүйкесі сыр берген клиенттер болды. Алайда олар да уақыт өте келе уайымды жеңіп, тыныш өмір сүруді үйренді. Халқымызда «Бәрі – ниеттен» дейді емес пе: егер сіз «тауым шағылып, жеңілемін» деп ойласаңыз – солай болады; ал егер «бәрін реттеймін, сабырымды сақтаймын» деп бекініп, өзіңізге сенсеңіз, тіпті нағыз алапаттың өзі сізді тепе-теңдіктен шығара алмайды. Жүректі орнықтырудың ең төте жолы – дұға етіп, Алладан сабыр тілеу.
«Сабыр мен намаз арқылы (Алладан) жәрдем тілеңдер. Расында, бұл – бойұсынушылардан (Аллаға тағзым етушілерден) басқаларға ауыр жүк» (Құран, 2:45).
№4 У: ЕҢСЕНІ БАСҚАН ЕЗГІ (ТҮҢІЛУ)
Әдетте, адамдар істеген ісі жоспарлағандай болмай, тірлігі оңға баспағанда түңілуге бой алдырады. Өз өмірін бақылай алмай қалғандай сезінген сәтте, олардың бойын үмітсіздік пен дәрменсіздік билейді. Бұл күйге түскен жанды мұң басып, апатия мен түңілудің тұңғиығына батады. Ондай адамның не өзіне, не қоғамға пайда тигізуге дәрмені қалмайды. Еңсені басқан бұл езуші күй адам өмірін толық бақылауына алып, оның барлық қарекеті мен берекесін жоққа шығарады.
Маған келетін клиенттердің басым көпшілігі дәл осы дерттен зардап шегеді. Мен оларға бұл тығырықтан шығуға көмектесу үшін зейіндерін қолдарында бар шексіз нығметтерге аудартамын және күн сайын Жаратушыға деген шүкіршіліктерін арттыруға тырысамын. Бойындағы ризашылық сезімі өскен сайын, мен оларды айналасындағы жағдайларды қандай болса, солай қабылдауға баулимын. Жағдай қаншалықты қиын болмасын, бұл – бір сынақ екенін және сол сынақтан өту үшін оны әуелі мойындап, қабылдау қажеттігін айтамын.
Түңілумен күресудің ең тиімді жолдарының бірі – көңіліңіз қаламай тұрса да, өзіңізді әрекет етуге, қозғалысқа мәжбүрлеу. Достармен жүздесіңіз, білім алуға барыңыз немесе күнделікті дене жаттығуларымен айналысыңыз. Осылайша сіз өзіңізді торығудың тереңіне батып кетуден сақтайсыз. Ал бұл күйден арылудың ең төте жолы – мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Мүгедектігі бар немесе тағдыр тауқыметін тартқан жандарға көмектескен сайын, сіз өз өміріңізге, қолыңыздағы бақ-берекеге деген шүкіршілікті тереңірек сезіне бастайсыз.
№5 У: ПЕССИМИЗМ
Егер бойыңызды пессимистік көңіл-күйге билетіп алсаңыз, қолыңыздағы бар нығметтің қадірін біле алмайсыз. Күні-түні тағдырыңызға шағымданумен боласыз, ал бұл әдет өз өміріңізді ғана емес, айналаңыздағы жандардың да берекесін кетіреді. Түңілуге бой алдырған сәтте адамның көзі тек кемшілік пен мінді көруге бейімделеді: үміт үзіледі, болашаққа деген құлшыныс сөнеді.
Шын мәнінде, шынайы иман келтірген жан тек оптимист болуы тиіс. Өйткені ол Жаратушының шексіз құдіретіне және әрбір істің қайырлы аяқталатынына кәміл сенеді. Мүмін адам өткенге де, бүгінге де күмәнмен қарамайды, себебі Хаким (Дана) иесі болған Алланың әрбір сынақты тегіннен-тегін бермейтінін жақсы біледі. Қандай жағдай болмасын, оның жақсы жағын іздеңіз. Әрбір оқиғаның астарында жатқан тәңірлік даналықты көре білуге өзіңізді тәрбиелеңіз.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның әрбір ісі ол үшін тек қайырлы. Мұндай бақ тек мүмінге ғана тән. Егер ол бір қуанышқа кенелсе, шүкір етеді – бұл ол үшін қайырлы. Ал егер басына бір қиындық түссе, сабыр етеді – бұл да ол үшін қайырлы» («Сахих Мүслім»).
№6 У: ҚЫЗҒАНЫШ (ІШТАРЛЫҚ)
Қызғаныш – адамның жанын жегідей жеп, жаймашуақ өмір сүруіне кедергі болатын, жүрек ішіндегі лаулаған өрт. Іштарлықтың дәні сіз өзіңізді өзгелермен салыстыра бастаған сәтте егіледі. Мұндай салыстыру адамды «менің бір кемім бар, мен көріксізбін, кедеймін, бақытсыз әрі бейшарамын» деген улы сезімнің құшағына қалдырады. Қызғанышқа бой алдырған жан тағдырдың сырын, Алланың жазуын (тағдыр мен жазмышты) түсінбейді. Шын мәнінде, байлықты да, денсаулықты да, абырой-мансап пен өзге де нығметтерді бөліп беретін – бір Алла. Сондықтан, егер сіз іштарлықпен өзгеде бар дүниені қаласаңыз немесе біреудің кескін-келбетіне қызығып, қызғаныштан соған ұқсағыңыз келсе – бұл (Алла сақтасын!) «мен Құдайдан да артық білемін» деген менмендікке жетелейді. Ешбір пенде Алланың біліміне күмән келтіретіндей батылдыққа бармасы анық. Бірақ адам үнемі тағдырына шағымданып, өзіне әділетсіздік жасалғандай күй кешсе, дәл осы шектен шыққан өрескелдікке бой алдырғаны.
Қызғаныш – бұл міндетті түрде емдеуді қажет ететін жан дерті. Назарыңызды өзгеге емес, өзіңізде бар сансыз нығметтерге аударыңыз және өзіңізді басқалармен салыстыруды доғарыңыз. Егер салыстыру керек болса, тек жағдайы сізден төмен адамдарға қараңыз. Сонда ғана жүрегіңіз Жаратушыға деген шексіз ризашылық пен шүкірге толады.
«Сол уақытта Раббыларың: «Егер шүкір етсеңдер, нығметімді арттыра түсемін, ал егер нығметіме күпірлік етсеңдер (қадірін білмесеңдер), шын мәнінде азабым өте қатты», – деп жариялады» (Құран, 14:7).
Әрбір нығмет – бір сынақ екенін ұғыныңыз. Егер сізде әлдебір нәрсе болмаса, бұл – сізге жасалған Алланың бір мейірімі деп біліңіз. Қолыңызда жоқ нәрселер үшін де шүкір етіңіз. Себебі, сол дүние сізде болғанда, сіз бәлкім бұдан да жаман, тасжүрек адамға айналып кетер ме едіңіз, кім біледі. (Қазақ айтпақшы: «Семіздікті қой ғана көтереді»).
№7 У: ӨЗІН СОРЛЫ КӨРУ
Өз-өзіне деген сенімсіздік пен төмен бағалау адамның бүкіл тыныс-тіршілігіне орасан зор кесірін тигізеді. Егер сіз іштей өзіңізді «ештеңеге татымайтын сорлымын» деп есептесеңіз, үнемі еңсеңіз түсіп жүреді және алдыңызға қойған асқақ мақсаттарыңызға ешқашан жете алмайсыз. Кейде адамның ең қатал, ең мейірімсіз сыншысы – оның өз-өзі болып шығады. Осындай қиратушы, құртушы ойлау жүйесін барынша азайтуға тырысыңыз.
Зерттеулерге сүйенсек, адам өзімен-өзі іштей сөйлескенде минутына 600-ге жуық сөз қолданады екен, өкініштісі – соның 85 пайызы жағымсыз, қараңғы реңкте болады. Осы ішкі әлеміңізді, ой-санаңызды өзгертіңіз. Тек жақсылықты ойлаңыз, айналаңызға үміт сыйлайтын, жаны жайсаң оптимистерді жинаңыз. Өзіңізге кішкентай болса да жетістікке жетуге мүмкіндік беріңіз және сол әрбір сәтті қадамыңызды мерекедей бағалап, қуана біліңіз.
№8 У: МІНШІЛДІК ПЕН СЫНШЫЛДЫҚ
Айналаңыздағы адамдарды өзіңізден бездірудің ең төте жолы — олардың әрбір ісіне мін тағып, сын көзімен қарау. Кімді көрсеңіз де, оның діндарлығын таразыға тартып, «хиджабын қалай киген?», «құлшылығы қаншалықты дұрыс?» деп сынау арқылы сіз олармен араңызға биік қорған тұрғызасыз. Үнемі айыптау мен сын астында қалған жан сізді қабылдай алмайды, тіпті оның жүрегінде сізге де, сіз ұстанған ислам дініне де деген жиіркеніш пен суық сезім оянуы мүмкін.
Исламның нағыз өкілі болғыңыз келсе, адамдарды қандай болса, солай қабылдап, оларды өлшеп-пішуді доғарыңыз. Өзіңізге «рухани егіздер» іздеп, басқаларды «жолы болмағандар» деп кемсітпеңіз. Өзгеге кеңшілікпен қарап, әр пенденің өз ерекшелігі барын ұғыныңыз.
Өкінішке қарай, адамның діндарлығы артқан сайын, оның сыншылдығы мен міншілдігі де бірге өсетін жағдайлар жиі кездеседі. Құлшылығым көбейді деп тәкәппарлыққа бой алдыру — нағыз масқаралық. Сіздің бүгін тура жолда жүргеніңіз — тек қана Жаратқанның шексіз мейірімі. Егер басқаларға менсінбей жоғарыдан қарап, дөрекі мінезіңізбен оларды діннен үркітетін болсаңыз, Алла сізді де бұл жолдан қас-қағым сәтте тайдырып жіберуі мүмкін екенін ұмытпаңыз.
№9 У: ЖАҒЫМСЫЗ ОРТА (ЗИЯНДЫ БАЙЛАНЫСТАР)
Араласа бастасаң, өміріңді улайтын адамдар болады. Олар — не үнемі түңіліп жүретін пессимистер, не өмірлік мақсаты жоқ, «ит өмірдің» жетегінде кеткен бейқам жандар. Мұндай адамдармен уақыт өткізу арқылы сіз өз өміріңізді улайсыз және бірте-бірте, байқаусызда олардың солғын көңіл-күйін жұқтырып аласыз. Мүмкіндік болса, ондай ортадан қашқақтаңыз немесе олармен өткізетін уақытты барынша азайтыңыз. Бойыңызға сіңген жағымсыз әсерді сейілту үшін жаны жарқын, оптимист және құдайшыл адамдармен көбірек араласыңыз.
Егер ондай жағымсыз көңіл-күйдегі жандар өз отбасыңыздың мүшелері болса, онда олардың сіздің өміріңізде болуының астарында Жаратқанның бір даналығы барын түсінуге тырысыңыз.
№10 У: ӨШПЕНДІЛІК (ЖҮРЕКТІҢ ҚАТАЮЫ)
Егер жүрегіңіздің түкпіріне біреуге деген өшпенділік ұялаған болса, одан арылудың ең қайырлы сәті — осы Рамазан айы. Өшпенділік — нағыз улы дерт. Ол адамның рухын өлтіреді және жаныңызды жаралап, сізді ештеңенің қадірін білмейтін безбүйрекке (циникке) айналдырады. Осы сезімнің қайдан шыққанын түсінуге тырысыңыз және тағдырыңызды барындай қабылдап, Хақ Тағаланың жоспарына тәуекел ету арқылы оны жеңіңіз. Есіңізде болсын: жанның сауығуы — өшпенділік тоқтаған жерден басталады. Жүрегіңізді махаббатқа толтырыңыз. Тіпті өзіңізге ұнамайтын жандар үшін де Алладан амандық пен жақсылық тілеңіз. Бұл — қатайған жүректі жібітудің және Жаратқанның шексіз сауабына кенелудің төте жолы.
ҚОРЫТЫНДЫ
Осы Рамазандағы басты мақсатыңыз — бойды билеген осы он түрлі удан тазару болсын. Жан дүниеңізге эмоционалдық тазарту жасаңыз, сонда жүрегіңіз келер жылға дейін тап-таза күйде, еркін тыныстайтын болады. Егер бұл істі ең болмағанда бір уды аластаудан бастап, бірте-бірте келесісіне көшіп отырсаңыз, Алланың қалауымен рухани әрі эмоционалдық ахуалыңыз сауығып, айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңыз жақсара түседі.
madrasah2 ru