Құтпа оқылу барысында сөйлеудің немесе телефон шұқылаудың зияны
Құтпа оқылу барысында сөйлеудің немесе телефон шұқылаудың зияны
5 жыл бұрын 10444
Абдусамат Қасым

Бүгінгі жазбада жұма намазында жиі кездесетін бір олқылық жайында айтқымыз келіп отыр. Көп байқаймын, жұмаға келушілер арасында құтпа оқылу барысында өзара әңгімелесіп отыратындар, не болмаса телефон шұқылап отыратындар бар. Бұл кісілер жұма құтпасын тыңдау "уәжіп" екендігін білмесе керек. Ал, құтпа оқылу барысында әңгімелесу немесе бір нәрсемен мәшғұл болу – тахриман мәкруһ болмақ. Бұл дегеніміз, ондай әрекеттер намазымыздың сауабын кемітеді деген сөз.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құтба оқылып жатқанда өзге біреуге «тыныш» деудің өзін үлкен айып санаған. Алла елшісі былай дейді:

والذي يقول : أنصت ليس له جمعة

«Кімде-кім (біреуге) «тыныш» десе, оның жұмасы жоққа есеп»[1].

Яғни, намазы кем болады, толық болмайды деген сөз.

Біреуге "тыныш" деп ескерткен адамның намазы осындай болса, сөйлеп отырушының намазының күйі не болмақ?!

Тіпті, құтпа сәтінде біреу сізді әңгімеге тартса немесе бір нәрсе сұраса, оған жауап қайырмай, үндемеген жөн. Намаз аяқталғаннан соң немесе аса қажет болып жатса, құтпа оқылып болғаннан кейін ғана сұрағына жауап беруге болады. Оған дейін үндемеген жақсы. Сахабалар (Алла олардан разы болсын) құтпа оқылып жатқан сәтте біреу бір нәрсе сұрайтын болса, жауап бермейтін болған. Бұның өзі Құтпа сәтінде үндемеудің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Осыған қатысты сахаба Әбу Дәрда (р.а.) өзінің басынан өткен оқиғаны былай деп әңгімелейді:

«Жұма күні мешітке кірдім. Пайғамбарымыз (с.а.у.) құтпа оқып тұрған екен. Құтбада «Бәрә’ә» сүресін оқыды. Сол сәтте мен Үбей ибн Каъбтан: «Осы сүре қашан түсті?» - деп сұрадым. Ол маған ләм-мим демеді. Кейін намазымызды оқып болғаннан соң оған: «Мен сенен сұрағанымда, үндемедің ғой» дегенімде, ол: «Сен намазыңды босқа жіберіп алдың (немесе намазыңның сауабынан құр қалдың)» деді. Артынан оның сөзін Алла елшісіне айтқанымда Алла елшісі: «Үбей дұрыс айтады» деді»[2]. .

Ендігі жерде, телефон шұқылаушылар "мен сөйлемеймін ғой" деуі мүмкін. Алайда сөйлемесек те құтпаны тыңдаудың орнына бос, керексіз нәрселермен мәшғұл болуымыздың өзі "мәкруһ" үкімін тудырады. Сол себепті, құтпа оқылып жатқанда телефон шұқылаудың да зардабы жоқ емес. Кезінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) құтпа оқылу барысында кішкене тас түйіршіктерін шұқып, Құтпаны тыңдамай басқа нәрсемен шұғылданып отырушыны сөккен. Ол бір хадисінде былай дейді:

ومن مس الحصى فقد لغا

«Кім тас түйіршіктерін ұстаса, жұмасы босқа кетті»[3].

Яғни, жұма намазының сауабынан құр қалды деген ұғымда.

«Аталмыш хадис құтпа оқылу барысында тас түйіршіктерін шұқылау т.б. бос нәрселермен шұғылданудан тыюда» дейді Имам ән-Нәуәуи (р.а.).

Демек, құтпа оқылу барысында аса зәру болмаса, жалпы әңгімелесуге, телефон шұқылауға, яки басқа бір нәрселермен мәшғұл болуға болмайды. Бұндай әрекеттер күнә саналып, жұманың сауабынан құр қалуға алып келеді.  

Алла баршамыздың жұма намазымызды қабыл етсін! Жұма мүбарак болғай!


[1] Имам  Ахмад: «Мүснәд».
[2] Имам Байһәқи: «әс-Сунәнуль Кубра».
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

0 пікір