Құранды қанша күнде хатым етіп (бастан аяқ оқып) тұру керек?
Құранды қанша күнде хатым етіп (бастан аяқ оқып) тұру керек?
5 жыл бұрын 14572
Абдусамат Қасым

Құран Кәрімді оқудың сауабы мол екендігі мәлім. Оны жиі оқып тұру - мұстахаб амал. Алла Тағала Құран Кәрімде Құранды көп оқуға тырысып жүргендерді мақтап былай дейді:

«Олар түннің бір уағында Алланың аяттарын тиләуат қылады». (Әли Имран Сүресі, 113 аят).

Мұхаммед пайғамбарымыз да (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Құранды көп оқитын мұсылманды «апельсин» жемісіне ұқсатқан. Апельсинның исі хош, дәмі де тәтті. Ал, Құран оқымайтын, не болмаса оқыса да, аз оқитын мұсылманды құрмаға ұқсатады - дәмі болғанымен, иісі жоқ. Құран оқитын мұнафиқты болса, райхан гүліне ұқсатқан - хош иісті болғанымен, дәмі ащы. Құран оқымайтын мұнафиқтың мысалы болса, «ханзала» өсімдігі іспетті дейді Алла елшісі. Оның не иісі жоқ, не дәмі жоқ, дәмі ащы[1].

Басқа хадисінде Құранның әрбір әріпі үшін он сауапқа дейін жазылатындығы айтылады[2].

"Алламен сөйлескісі келетін адам намаз оқысын, Алланың сөзін естігісі келген адам Құран оқысын" демекші, мұсылман адам Құран Кәріммен байланысын үзбеуі тиіс. Жиі Құран хатым етіп тұрған - мұстахаб, ұнамды әрекет. Оны мүлдем оқымау - мәкруһ.

Ал енді Құранды қанша уақытта хатым етіп тұрған жөн? – дегенге келер болсақ, сахабалардың кейбірі Құран Кәрімді екі түнде хатым етсе, кейбір сахабалар үш күнде, кейбіреулері 4-5 күнде және кейбіреулер жеті күнде хатым түсіріп тұратын болған.

«Қанша күнде хатым түсіріп тұрайын» деп сұрағандарға Алла елшісі: «бір айда оқы» дейтін. Кейде сұрап келушілерге «он бес күнде оқы» деп кеңес еткен. Ал, жиі оқығым келеді дейтіндерге болса: «ең қысқа уақыт - бір жетіде оқып тұр, одан асырма» деп өсиет ететін[3].

Сахабалардың көпшілігі жеті күнде бір хатым түсіріп тұрды. Дегенмен, араларында бір-екі айда, тіпті одан көп уақытта хатым етіп тұратындар болған.

Мұның ең аз мөлшерін Имам Ағзам Әбу Ханифа (радияллаһу анһ) «бір жылда ең аз екі рет» деп пайымдаған. Имам Ағзамның атақты шәкірттерінің бірі Хасан ибн Зияд (рахматуллаһи алейһ) ұстазы Әбу Ханифаның былай дегендігін жеткізеді: «Кімде-кім әр жылы екі рет Құранды (бастан соңына дейін) оқыса, ол Құранның ақысын берген болады. Өйткені, Алла елшісі (с.а.у.) жан тәсілім ететін жылы Жебірейіл періштеге Құранды екі рет оқып берген тұғын» - дейді абыз ғұлама. Осыған орай Ханафи ғалымдарынан Әбулләйс әс-Сәмарқанди (рахматуллаһи алейһ): «Құран оқушы кісі Құранды жылына екі рет хатым етіп тұруы керек, егер одан артығына күші жетпесе», - деген[4].


[1] «Сахих Мүслим». Сахаба Әбу Мұса әл-Ашғариден риуаят етілген.
[2] Имам Тирмизи: Сүнән: «Кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, ол үшін оған бір жақсылық бар. Әр жақсылық он есе еселенеді».
[3] «Сахих Бұхари», «Сахих Мүслим».
4] Имам Суюти: әл-Итқан фи улумил Құран. 657-665 бет.

0 пікір