Құран неге бөлек-бөлек боп түскен?
Құран неге бөлек-бөлек боп түскен?
4 жыл бұрын 5986

Қасиетті Құран Кәрімнің киелі аяттарының барлығы бірден түспеген еді. Аяттар - 23 жылдық пайғамбарлық дәуірі бойынша бөлшек-бөлшек болып жіберіліп отырды. Құранның әр бөлігіне «нәжм» атауы беріледі. Бұл сөздің басты мағыналарының бірі – «жұлдыз».  

Құран – алғашқы тыңдаушылары мен жауаптылары болып саналатын Пайғамбар (с.а.у.) мен сахабалардың қажеттіліктеріне жауап беретін деңгейде түскен. Құранның өзі бұл ерекшелігінің басты мәнін мына аяттарда білдіреді:

«Құранды адамдарға байыппен оқып беруің үшін біз оны бөлімдерге бөліп, бір-бірлеп түсірдік». (Исра, 106).

«Кәпірлер: «Құран оған бір-ақ түсіріле салса болмас па еді?!» - дейді. Біз (Құранды) көкейіңе тоқу үшін (оны бір-бірлеп, бөлек-бөлек уахи еттік) және оны анықтап оқыдық». (Фұрқан, 32-33).

Осы аят – мүшріктер тарапынан наразылық болғандығын, бірақ оған қарамастан иләһи хикметтің әдейі осылай түскендігін баяндады. Бұл мәселе, Құранның тұңғыш тыңдаушысы мен жауаптысы әрі баяндаушысы болған тұлға мен тұңғыш жауаптысы болған адамдардың Құран ілімінде, Құран қоғамы мен мәдениетінде не үшін бірінші қатарда таңдаулы орынға ие болғандықтарын және солай болуы керектігін де ашықтан-ашық көрсеткен. Қияметке дейін жалғасатын үмметтің негізінің тым бекем болуы шарт еді.

Құран аяттарының бөлек-бөлек түсуінің мән-мағынасын былайша айтуға болады: 

1) Құранның жаттауын жеңілдету және мазмұнын қорытып, көкейге түю мақсатында.

Құран бір мәртеде тұтас түссе, сахабалар оны жаттай алмайтын еді. Сондай-ақ‚ барлық нұсқауларын бірден игеріп, жүзеге асыра алмайтын еді. Әсіресе Құран түскен ортаның сауатсыз орта болғандығын, оқып-жазатындар санының және жазу құралдарының аздығын назарға алсақ, біртіндеп үйретіп, ілгерілетуінің қаншалықты дана бір іс әрі нығметті бір жағдай екендігін ұғыну қиын емес.

2) Мүшріктердің адасушылықтан қайтпай, өз жолдарын ұнатуларынан, ақиқатқа қарсы көр болуларынан,мазақ етулерінен, тағы басқалай азап етулерінен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көңіліне қаяу түсетін. Және Ол Алла Тарапынан жұбанышты қажет ететін. Кезең-кезеңімен аяттардың түсуі - Пайғамбарымыздың жаралы жанына демеу еді. Аяттардағы жұбату мен қуаттандырудың жаңаланып отыруы - Пайғабмарға барлық тартқан қасіреттерін ұмыттыратын. Алла Тағала сүйікті пайғамбарын әртүрлі сөзбен рухтандырып отырды. Кейде бұрынғы елшілердің тап болған қиындықтары баяндалған аяттар түсірді (Һуд, 120). Кейде Пайғамбарымызға ашық сабыр етуі керектігі ашық ескертілген аяттар түсті (Мүзәммил, 10; Ахкаф, 35). Кейде ренішке тыйым салынатын аяттар түсті (Йәсин, 75; Кәһф, 6 т.б). Кейде Аллаһтың өз пайғамбарын қорғайтындығына және Оны (с.а.у) қуаттандыратындығына кепілдік беретін аяттар түсіп тұрды. (Мәйдә, 67; Тур, 48).

Жәбірейіл сияқты тәңірлік хабаршының тіреу болуы да өз алдына үлкен нәрсе еді.

Уахидің бөлек-бөлек түсу барысында, мүшріктердің аятқа ұқсас бір шығарма алып келуге әлсіздік танытуларының өзі үлкен бір мұғжиза еді. Бұл да хақ иелерін қуантатын, ал адасқандарды болса түңілдіретін.

3) Құран аяттарында қамтылған іргелі-негізді Ислам үкімдерінің кейбірі мүжмәл (жалпы айтылған), кейбірі мұфассал (егжей-тегжейлі) түрде болып келеді. Құранның алғашқы тыңдаушылары, яғни, сахабалар мен араб қоғамы Ислам келмей тұрып, қандай да бір шектеулерден, міндеттемелерден ада‚ ерікті халық еді. Олардың істерін шектеу қоятын ешқандай заң немесе жүйе жоқ болатын. Сондай күйдегі бір халыққа бірден - жеке бас, отбасылық, қоғамдық, дүние-мүліктік, басқарушылық және жазалаушы үкімдерді баяндау – ондайға бұрын үйренбеген халық үшін бойұсыну жөнінен қиын болар еді. Сондықтан Аллаһ Тағала үкімдерін аз-аздан, біртіндеп түсіріп тәмәмдаған. Имам Бұхари өзінің хадис кітабында, Хазіреті Айшаның осы тақырыпта келтірген мына маңызды мағлұматын бере кетелік:

«Құран уахиы бастапқыда жәннат пен тозақ туралы баяндаған қысқа сүрелермен басталды. Адамдар Исламға жиналғанда (мұсылмандар көбейгенде) халал мен харамдар енді. Егер бірінші «Ішімдік ішпеңдер» деп әмір етілгенде, олар: "Ішкіліктен мүлдем бас тарта алмаймыз" дейтін еді. (Істің әу басында) «зина жасамаңдар» деген үкім түскенде: "зинаны мүлдем тастамаймыз" дейтін еді», - дейді Айша анамыз.

Құран – жеке бас пен қоғам болмысының тереңіне тамыр жайған, қанына сіңіп кеткен жағдайларды өзгертуде асығыстық жасамаған. Жоспарлы түрде біртіндеп үйретіп отырған. Мәселен, ішімдікпен өсімге тыйым салулары, намаз бен зекетке қатысты бұйрықтар, құлшылық тақырыбындағы ықыласты арттыру т.б. жағдайлар осылайша тәдрижи (біртіндеп‚ әсте-әсте) үйретіліп отырған.

Ал керісінше, адам болмысына терең еңбеген, қанға сіңіп үйлгермеген, бірақ‚ адамзаттық өмірде күнә болып саналатын үстірт мәселерге тән үкімдер - бірден ашық білдіріліп, тәдрижи (әсте-әсте) тәсіліне жөнелмеген. Зина, ұрлық, өлім, тартып алу, алдау секілді тыйымдар осыларға жатады. 

4) Құранның тек әлемдердің Раббысы болған Аллаһтың сөзі болғандығына меңзеу. Құран аяттары 23 жыл сияқты ұзақ уақытқа созылып, әртүрлі жағдайларға байланысты түсіп отырса да, аяттардың орындарынан қозғалта алмайтындай дәрежеде орын-орнымен тұрулары - адам күші жетпейтіндей иләһи бір туынды болғандығын көрсетеді. Кез-келген шебер бір жазушының өмірдің ағысындағы түрлі жағдайларға байланысты өте өзгеше ілім талдарының әртүрлі тақырыптарынан алып, жиырмадан астам жылда жазар болса, ол еңбегіндегі жүздеген тараудың барлық тақырыбы мен сөйлем және сөздерінің мағына жағынан, һәм сөзбе-сөз тұрғыда нақ орындарын табуы қиынның қиыны болар еді. Тіпті мүмкін емес секілді. Бұл қаншалықты мүмкін болмаса, Құранның да адамның сөзі болуы мүмкін емес. Өйткені, уақыттың, жердің, себеп-салдарлардың, жағдай және т.б. тақырыптардың өзгешелігі, кәдімгідей бытырап бөлшектенуге, байланыссыздыққа және таралуға жол ашады. Бірақ‚ Құран таңдандырарлық жағдай көрсетіп, бөлек-бөлек келсе де, бірақ бірден жазылғандай ретті болып тәмәмдалған. Тағы бір қызығы, Пайғамбарымыз (с.а.у.) келген аяттарды «пәленше сүренің, пәлен жеріне орналастырыңдар» - дейтін. Алайда уахидың үздіксіз келуінен ол сүренің ақыры қандай болатындығын білмейтін. Міне, осыдан-ақ Құранның - Бәрін білуші Алла тарапынан келген, аяттары өте орынды, ашық баяндалған кітап (Һуд, 1) екендігін аңғару қиын емес. Мысалы: Адамның ең шешені саналған бір шайыр, жазушысының өзі бір кітап жазатын болса‚ ол кітаптың дәл Құрандай мінсіз‚ үйлесімді болуы мүмкін болмас еді!

"Құран Кәрім және Құран ілімдеріне кіріспе" атты кітаптан.
Суат Йылдырым.

0 пікір