Құптан намазын оқымай қаза еткен адамға шайтан не істейтінін білесіз бе?
Құптан намазын оқымай қаза еткен адамға шайтан не істейтінін білесіз бе?
4 жыл бұрын 19645

Бес уақыт намазды қаза етпей, уақтылы оқып тұрудың маңыздылығы Құран аяттарында да, Пайғамбарымыздың хадис шәрифтерінде де көптеп айтылған. Себепсіз қаза етудің ауыр күнә екендігі белгілі. Соның ішінде құптан мен таң намаздарын қаза етудің күнәсі ерекше. Бұл екі намаз мұнафиқтарға ауыр келетіндігі хадистерде айтылады. Ал, аталмыш екі намазды қаза етпей оқып жүрген кісінің пейішке кіретіндігі сүйіншіленген. 

Ендігі жерде, Құптан намазын оқымай, ұйықтап жата беретін кісінің құлағына шайтан зәрін сындырып кететіндігін білетін бе едіңіз? Бұған байланысты сахаба Абдулла ибн Мәсъут былай деп әңгімелейді:

ذُكِرَ عِنْدَ النبيِّ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ رَجُلٌ، فقِيلَ: ما زَالَ نَائِمًا حتَّى أَصْبَحَ، ما قَامَ إلى الصَّلَاةِ، فَقالَ: بَالَ الشَّيْطَانُ في أُذُنِهِ.

«Пайғамбарымыздың қасында (с.а.у.) бір кісі еске алынды (бір кісі жайында сұралды). (Араларындағы біреу): «Ол таң атқанға дейін ұйықтады. Намазға тұрмады», - деп айтты. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «(Демек) Оның құлағына шайтан зәрін сындырған екен» - деді», - дейді ардақты сахаба. (Осы хадисте құптан намазы жайында сөз етіліп отырғанын Имам Тахауи айтқан).

Алла елшісінің (с.а.у.) «шайтан зәрін сындырған екен» деген сөзі екі мағынаны білдіруі мүмкін:

  1. Шайтаннан жеңіліп, оған қор болды. Шайтан өзінің үстемдігін жасап, оны аяқ асты етті деген мағынада астарлы түрде айтылған болуы мүмкін.
  2. Немесе олай еткен кісінің құлағына шайтан тікелей мағынада дәретін сындырып кететіндігі білдіріліп тұруы да ғажап емес. Оны да жоққа шығара алмаймыз. Өйткені құптанды қаза еткен кісінің жанынан періштелер қашып, шайтанға оңай олжа болары анық. Шайтан да білгенін істеуі мүмкін.

Осы тұрғыда, адамның өзге ағзаларының ішінен құлақты ерекше атап өтуінің өзіндік мәні бар. Өйткені, құлақ – сақтық пен сергектікті тудырар бірден-бір көмекші. Ұйқыдан оянуда құлақтың көмегі өте көп. Біз көбіне естіген дыбыстан оянып жатамыз. Осы ақиқатқа ишара еткен Алла Тағала «Кәһф» сүресінде, үңгір иелерінің ұйқыға кетуін сөз ете келе былай деп өтеді: «Үңгірде біз олардың құлақтарын бірнеше жылға бекіттік...»[1].  


[1] Құран Кәрім: «Кәһф» сүресі, 11 аят.

Абдусамат Қасым
2 пікір