Құдайдың құдіреті
Құдайдың құдіреті
11 жыл бұрын 5904 islam.kz
Бердіхан Құсайын

Әлемге жарық шашып тұрған күн мен біз өмір сүріп отырған жердің арақашықтығы жаз және қыс айларындағы ауытқуға байланысты 135 немесе 149,5 миллион шақырымды құрайды екен. Алда-жалда осы қашықтық бір метрге ары немесе бері кетсе дүние бүлінеді. Жердің бетін мұз қаптайды немесе күйіп-жанып өртеніп кетеміз. Осындай зор қашықтықты бір метр ары, не бері жібермей ұстап тұрған кім? Ол Құдіретті бір Құдай.

Сол сияқты ғарышта жүзіп жүрген сансыз дененің қозғалыс шеңбері, айналатын орбитасы бар. Мысалы, жер шары сағатына 1670 шақырым жылдамдықпен айналады. Күн жүйесі өзінің барлық планеталарын қосақтап алып «Құс жолы» галактикасын айналады. Оның айналу жылдамдығы сағатына 108 000 шақырым. Осылай кете береді. Арғы жағына біздің қиял жетпейді.

Ал, ғылыми мөлшер бойынша құрамында 200 миллиард жұлдызы бар «Құс жолы» галактикасы тағы бір біз білмейтін шексіз  галактиканы 950 000 шақырым жылдамдықпен айналады. Бұл үйлесім миллиардтаған жыл бұзылмай сақталып тұр. Оны сақтап тұрған кім? Ол Құдіретті бір Құдай.

Қысқасы, біздің миымыз жетпейтін мыңдаған галактикалардың үлкендігімен салыстырғанда біз өмір сүріп отырған Жер пленатасы олардың қасында кіп-кішкентай тозаң құрлы тұрмайды.

Осыншама дүниені бір сәт бүлдірмей, ғажайып заңдылықпен басқарып отырған аса күшті Алла тағала тозаң құрлы қауқары жоқ «Жер» дейтін мақұлығының үстінде тірі жүрген сіз бен бізді назарында ұстап, тілек тілесек қабыл етіп, рахым-мейір шапағатын төгіп, ризықтандырып, ұрпақ сүйгізіп… отырған жоқ па?! Ендеше осыны түсінген, сезінген адам баласы Аллаһтың құдіретіне неге бас имеске.

1 пікір