Қадір түнінің маңыздылығы
Қадір түнінің маңыздылығы
2 жыл бұрын 5562

Аллаһ тағала мұсылман үмбетіне бұрынғы үмбеттерге қарағанда көп жеңілдіктерді берген. Мысалы, бұрынғы үмбеттерде арнайы құлшылыққа арналған орында ғана ғибадат жасалса, мұсылмандарға барлық жер мешіт саналып, қалаған жерінде құлшылық жасау еркіндігі берілді. Бұрынғы үмбеттерде соғыстан тапқан олжа харам саналды, ал пайғамбарымызға соғыстан түскен олжа адал етілді. Қасиетті Қадір түні де мұсылмандарға ғана тән. Қадір түнінің ерекшелігі ретінде бұл түні орындалған құлшылықтың жай уақыттардағы мың айлық ғибадатқа тең келетіндігін айтуға болады.

Қадір түні деп аталу себебі

1. Бұл түн аса қадірлі түн, өйткені арап тіліндегі «Ләйләтуль Қадр» сөзі: «қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түн басқа түндерден орны ерекше. Өзге түндерде жасалған ғибадаттар оған жете алмайды. Сондықтан атына заты сай «қадір түні» деп аталған.

2. Бұл түнде жаратылыстардың тағдыры белгіленіп, келесі қадір түніне дейінгі болатын (адамдардың рызық несібелері, өмір өлшемдері секілді) маңызды оқиғалар Алла тағала тарапынан періштелеріне аян болады. 

Қадір түнінің маңыздылығы 

Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады»1, – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған. 

Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды уақыт – қадір түні. Ал ең қорқынышты түн адамның қабірде болатын түні. Қадір түнін құлшылықпен өткізу қабірдің жап-жарық болып нұрлануына жол ашады. 

1. Құран – қадір түнінде түскен. Құранда осы қасиетті кітаптың рамазан айында түскендігі жайлы былай делінген: 

«Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай»2. 

Алрамазанайының ішіндегі қадіртүніндеҚұранның түскендігі жайында «қадір» сүресінің бірінші аятында былай делінген: 

«Шынымен де БізҚұранды Қадір түні түсірдік».

 2. Жәбірейіл және басқа да періштелер түсетін түн. 

«Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Рух (Жәбірейіл) түседі»3. 

Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Аллаһтың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі, қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады»4. 

Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн. 

3. Тыныштық пен есендікке бөленетін, тозақ азабынан құтылатын түн. 

«Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) сәлемі жалғасады» – делінген5. 

4. Мың айдан қайырлы. 

«Қадір түні мың айдан қайырлы»6. 

Қадір түні мың айдан артық. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді. 

5. Қате, кемшіліктер, күнәлар кешіріледі. Хадис шәріпте: 

«Кімде-кім қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»7, – делінген. 

6. Қадір түні берекелі түн. Құранда Аллаһ тағала: 

«Біз Құранды берекелі түнде түсірдік»8, – дейді.

Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов, "Ораза - теңдесіз құлшылық"

Қосымша:


1Ибн Мәжә, Сиам 1634
2«Бақара» сүресі, 185-аят.
3«Қадір» сүресі 4-аят.
4Ахмад 10316
5«Қадір» сүресі 5-аят
6«Қадір» сүресі 3-аят
7Бухари, Муслим,
8Духан сүресі 3-аят.

0 пікір