Харам нәрселерді тұтыну, өсімқорлық, жетімнің ақысын жеу,
зина жасау және өсек айту
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Миғражға көтерілуі туралы Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) о дүние өмірінен көргендерін былай деп баяндап береді:
«Содан біраз жүрген соң жас піскен дәмді ет қойылған дастарқан көрдім. (Бірақ) оған ешкім жақындамайды. Ал басқа бір дастарқанда тұрып қалған, иістенген еттер бар екен. Оны бір адамдар жеп жатыр. Мен: «Уа, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. (Жәбірейіл): «Олар – үмбетіңнен халал тұрып, харамға бас қойғандар», – деді.
Сосын сәл алға жүрген едік, қарындары зорайып кеуіп кеткен адамдарды көрдік, егер біреуі сәл қозғалса қорқып шуылдап:
«Аллаһым, Қиямет қайымды болдырма», – дейді. Жәбірейілден: «Олар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар перғауын туыстарының жолдан тапқан балалары», – деді. Оларға тағы бір топ қосылды. Жаппай Алла Тағалаға жалбарынып шулағанын естідім. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім. «Олар сенің үмбетіңнен өсім жеушілер», – деді», – деген. Сосын Пайғамбар (с.а.с.): «Сондай-ақ өсім жегендер қабірлерінен жын соққандай есеңгіреп тұрады», – деген аятты оқыды.
Пайғамбар (с.а.с.) сөзін жалғап:
«Содан сәл ілгері жүріп, еріндері түйенің еріндеріндей, ауыздарын ашып тас жұтып, ол (тастары) арттарынан шығып жатқан адамдарды көрдім. Аллаға жалбарынып байбалам салғандарын естідім. Мен: «Уа, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. (Жәбірейіл):
«Олар – үмбетіңнен жетімдердің мал-мүлкін жеушілер», – деп айтты», – деп: «Әлбетте, жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын отпен толтырған болады. Сондай-ақ олар жалындаған тозақ отына кіреді», – деген аятты оқыды.
Пайғамбар (с.а.с.) сөзін жалғап:
«Сосын сәл жүріп омырауларынан ілініп тұрған әйелдерді көрдім, Аллаға жалбарынып шулап жатқандарын естідім.
«Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім.
Ол:
«Үмбетіңдегі зина жасаушы әйелдер», – деді.
Тағы алға басқанда көргенім – біреулердің оң жақтарындағы еттерін кесіп, ауыздарына салып, оларға: «Бауырыңның етін жегеніңдей же!» – дейді. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім.
(Жебірейіл):
«Үмбетіңдегі өсекшілер», – деді», – деген[1].
Намазды ауырсыну, мал-дүниесі бола тұра садақа бермеу,
аманатқа жеңіл қарау және аңдамай сөйлеу
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Миғражға көтерілгендегі көргендері туралы Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисінде Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді:
«Содан соң бастарын таспен ұрып жаратын қауымға келдік. Бастары жарылған сайын қайтадан бұрынғы қалпына түседі. Олар осы азаптан бір сәт
босамады. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім. Ол: «Намазды ауырсынатындар», – деп жауап берді. Сосын алдарында және арттарында мүйіздері бар бір адамдарға келді. Олар мал секілді үркеді. Олар дариғ, заққум және жаһаннам мен оның тастарынан шоқтар жейді. Мен:
«Уа, Жәбірейіл! Мыналар кім?» – дедім.
(Жәбірейіл):
«Бұлар – мал-дүниелерінің садақаларын бермеушілер», – деді. Алла Тағала оларға ештеңе де зұлымдық жасаған жоқ. Алла пенделерге зұлымдық жасаушы емес.
Бұдан кейін алдарына піскен таза ет салынған қазан және жаман ет салынған қазан қойылған қауымды кездестірдік. Олар жаңағы жаман еттен жеп, жақсысын қалдырады. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім. Ол: «Өзінің некелі, адал жары бола тұра жаман әйелге келіп, оның үйіне қонып шыққандар», – деді.
Сәлден кейін жолда тұрған үстінен бір нәрсе өтсе болды сынып кетерліктей бір ағашқа келдік.
– Уа, Жәбірейіл! Бұл не? – дедім.
– Бұл сенің үмбетіңдегі жол кесушілердің, тонаушылардың мысалдары, – деді. Алла тағала: «Иман келтіргендерді Алланың жолынан тосып, бопсалап, қыңырлық іздеу үшін жол үстінде отырмаңдар», – деп айтты емес пе?
Сосын көп мүлік жинап, оны көтере алмаса да үстіне тағы қосып (алып) жатқан бір адамның тұсынан өттік. Мен:
«Уа, Жәбірейіл! Бұл кім?» – дедім.
(Жәбірейіл): «Бұл – үмбетіңдегі өзіндегі аманатты өтемей тұрып үстіне (аманат) қосып алатын адам», – деп айтты.
Содан соң еріндеріне темір сақиналар кигізіп жатқан қауымға келдік. Сақиналар өткізіліп болған соң, бастапқы халіне қайта түседі. Сөйтіп осылайша жалғаса берді.
«Уа, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. Ол:
«Олар фитнаның (өсек, бос сөз) құтпашылары», – деді.
Содан соң бір кішкене інді кездестірдік. Одан үлкен өгіз шықты. Ол өгіз шыққан жеріне қайта кіргісі келеді, бірақ кіре алмайды. Мен:
«Уа, Жәбірейіл! Бұл кім?» – дедім.
(Жәбірейіл):
«Бұл – аңдамай бір сөз сөйлеп, кейін оған опық жейтін және қайтарып ала алмайтын бір кісі», – деп айтты»[2].
"Қабір азабы" атты кітаптан.
Кітапты арабшадан аударған: А. Зулай.
[1] Әл-Бәйһақидің хадистер жинағында риуат етіледі.
[2] Әл-Бәйһақи мен Ибн Кәсир риуаят еткен.