Сабит ибн Құрра (толық есімі Абулхасан Сабит ибн Құрра әс-Саби) – 834 жылы Харранда туылып, 901 жылы Бағдатта қайтыс болған мұсылман ғалым. ІХ ғасырдағы белгілі астроном, математик, механик әрі дәрігер. Орыс тілді әдебиеттерде Сабит ибн Құрра немесе Табит ибн Құрра ретінде де кездеседі. Түп тегі сириялық. Бағдаттағы Хикмет үйінде зерттеулермен айналысқан.
Ол алғаш рет жер шарының шеңбері 360 меридиан сызығына бөлінетіндігін анықтап, Экватор ұзындығын есептеген, осыған сай жер шарының радиусын тапқан мұсылман ғалым. Оның бұл жаңалығы Андалусия арқылы Европаға тарап, көптеген ғалымдар оның осы теориясына сүйене отырып, жер шарының еңкіштігін, әрі белгілі бір қатпарлары болғанын түсінген. «Қамус әл-аламда» айтылғандай, математиканың бір саласы болған «калкулусты» (тастармен есептеу немесе шот) ойлап табу да Сабит ибн Құрраға тән. Дәл осы шотты ойлап табу көптеген жаңалықтарға жол ашқан. Доктор Жамаладдин «Алла және ғалам» атты еңбегінде дифференциялық есебін Ньютоннан бұрын Сабит ибн Құрра ашқанын жазған.
Сабит ибн Құрраның математика мен геометрия саласындағы үлкен еңбегі әрі бүгінгі ғылымға қосқан ең үлкен үлесі «Пифагор» теориясы тұрғысындағы зерттеулері. Тіпті бұл мәселеде Сабит ибн Құрраның «Пифагор теоремасына» толықтыру жазғаны да бар. Оның екі трактаты Евклидтің бесінші постулатын дәлелдеуге арналған.
Сабит ибн Құрра математика, медицина, философия, астрономия секілді көптеген ілім түрлерімен айналысып, артына жүз елуден астам еңбектер жазып қалдырған. Синан ибн Сабит пен Иса ибн Асуад ән-Насрани секілді көптеген ғалымдар жетілдірген. Әуелі Кефертусқа барды. Кейіннен өзі танысқан ірі ғалым Мұхаммед ибн Мұсаның кеңесімен Бағдатқа, халифаның сарайына алынды. Халифа Мұғтасым Сабит ибн Құрраны қатты құрметтеп, оған ғалымдар жетілдіру үшін барлық жағдай жасады. Тіпті дәулетті бола тұра Сабитке егіс алқабын беріп, оған «Әбулхасан» деген лақап ат берді. Екеуінің арасында болған мынандай бір оқиға да айтылады.
Бір күні халифа Мұғтасым Сабит ибн Құррамен қол ұстасып, қыдырыстап келе жатып, бірден қолын тартып ала қояды. Сабит халифадан бұл шұғыл әрекетінің себебін сұрағанда, мынандай жауап естіді: «Әй, Әбілхасан, мен байқамай қолымды сенің қолыңның үстіне ұстаппын. Ал анығында ғалымдарды аялап қолда ұстау керек. Олардың қолдарын да жоғары ұстау қажет» дейді. Мемлекет басшыларының ғалымдарға осыншалықты құрметінің арқасында кейінгі ғасырларды да нұрға бөлейтіндей сол ғасырларда мұсылман елдерінде ғылым қатты дамып, әлемге тараған.
Мұсылман ғалымдар позитивті ғылымдардың басты қағидалары мен негіздерін қалау арқылы қазіргі заман ғылымдардың да негіздерін қалаған. Қазіргі уақытта ғалымның математика, механика, физика, география, музыка теориясы және философияға қатысты қырық төрт трактатты қамтитын қолжазбалары бар.
Бұған қоса, ғалым Архимед, Аполлон, Евклид, Птоломей сынды гректердің көне еңбектерін де аударумен шұғылданған. Мәселен, Архимедтің «Шар мен цилиндр туралы», «Жеті бөлікке бөлінген шеңбердің құрылымы туралы», «Шеңберлерге қатысты кітап» атты еңбектері, сондай-ақ Аполлонның «Конустық түйісулер» атты бесінші, жетінші кітаптары тек Сабиттің аудармалары арқылы белгілі.
Өкініштісі, біз кезінде ғылымның дамуына қосқан мұсылман ғалымдардың үлесінен хабарсыз болып келеміз.
islam.kz