Періштелер қандай жерлерге жоламайды?
Періштелер қандай жерлерге жоламайды?
3 жыл бұрын 13659
Нұғман Тұрғын

Періштелер – Алла Тағаланың кәрім, күнәсіз жаратылыстары. Періштелердің бар екендігіне сену иман шартына жатады.

Періштелер Алланың бұйрықтарын екі етпей орындайды. Олардың түрлері көп. Әрқайсысының өзіндік қызметі бар. Сондай-ақ, періштелер сансыз. Олардың саны бір Аллаға ғана аян. Мысалы, бір хадисте былай айтылады: «Қиямет күні тозақ алып келінеді. Оның жетпіс мың шылбыры бар. Әр шылбырда жетпіс мың періште болады, олар тозақты тартады (тартып, сүйреп әкеледі)»[1] - делінген. Осы хадиске қарасақ тозақты сүйрейтін періштелердің мөлшерінің өзін есептеп қарасақ 4,900,000,000 жетеді екен.

Періштелердің түрлері мен жасайтын қызметтері саналуан. Бізге белгілі - рахым періштелері бар, жақсылы-жаманды істерді жазып отыратын періштелер бар, қорғаушы періштелер бар, жаңбыр періштерелі бар, қар періштелері бар, жел, тау періштелері бар, адамға жақсылыққа шабыттандырып тұратын періште бар т.б. түрлері көп.

Бүгінгі жазбамыз - рахым періштелері мен береке періштелері жайында болмақ, дәлірек айтқанда рахым және береке періштелерінің кірмейтін орындарын айта кетсек деп отырмыз.  

Хадистерге қарағанда аталмыш періштелер мына мекендерге кірмейді:

1) Ит бар үйге кірмейді. Ол жайында хадисте былай делінген: «Ит пен суреттер бар үйге періштелер кірмейді». («Сахих Бұхари»).

2) Тірі заттың суреттері мен тірі заттың мүсіндері бар үйге кірмейді: «Мүсіндер мен суреттер бар үйге періштелер кірмейді». («Сахих Мүслім»). Балалардың ойыншықтары және төсеніш, көрпе-жастық сияқты заттардағы суреттер кедергі емес.

3) Қоңырау бар үйге кірмейді. Айша айнамыз былай дейді: «Алла елшісінің: «Қоңырау бар үйге періште кірмейді» дегенін естідім». (Нәуәи, «Мәжмуъ», Нәсәи, «сүнән»).

4) Ғұсылсыз адам бар үйге кірмейді. «Сурет, ит және жүніп болған адам бар үйге періштелер кірмейді». («әл-Мүстәдрак»). Бұл жерде шомылуға мүмкіндігі бола тұра намазы қаза болғанша ғұсыл алмайтын, намаз оқымай еш себепсіз ғұсылсыз жүре беруді әдетке айналдырған кісіге қатысты болып отыр. Одан бөлек, намаз уақыты кіргенше ғұсыл алмай жүрудің періштелердің келуіне кедергі емес, бірақ ол кезде де дәрет алып алған дұрыс. Басқа бір хадисте «... және жүніп бар үйге кірмейді, бірақ дәрет алса ол басқа» делінген. (Әбу Дәуід, «Сүнән», хасан хадис).

5) Арақ ішетін мас адам бар үйге кірмейді және мас адамның қасына періште жоламайды. Сахаба Абдулла ибн Аббас (радияллаһу анһу) былай деген: «Періштелер үш адамның қасына жоламайды: Жүніп адамға, мас адамға және (зағфаран өсімдігінен алынған, реңі бар) иіс суды жағып алған (ер адамға)». («Табарани». Сахих).

6) Үстінен жағымсыз иіс шығатын адамға періште жоламайды: «...Шынында, адам баласы тітіркенетін (немесе қынжылатын) нәрселерден періштелер де тітіркенеді (немесе қынжылады)». («Сахих Бұхари»)[2].

7) Ұрыс-керіс, жанжал болған жерге періште кірмейді. Риуаяттарға қарағанда, Алла елшісі (с.а.у.) ардақты сахабаларымен бірге отырғанда бір кісі кіріп келіп, Әзіреті Әбу Бәкірге тіл тигізіп, оны ренжітеді. Бірақ Әбу Бәкір (р.а.) үндемей, әлгі адамға жауап қайтармайды. Ол адам екінші рет тағы да тіл тигізіп мазалайды. Әзіреті Әбу Бәкір тағы да үнсіз қалған еді. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм оның бұл әрекетіне риза болып, жүзіне күлімсіреп қарайды. Әлгі адам бұл әрекетін тағы да қайталап еді, Әзіреті Әбу Бәкір бұл жолы оған тиісті жауабын берді. Сол уақытта Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) дереу орнынан тұрып кетіп қалады. Әбу Бәкір да дереу соңынан барып: «Уа, Расулаллаһ! Маған ренжідіңіз бе? – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Жоқ», - дейді де, артынан сөзін былай жалғайды: «Көктен бір періште түсіп, әлгі адамның саған айтқандарын өтірікке шығарып, сенің орныңа оған жауап беріп жатты. Сен жауап қайтарып, өшіңді алған соң періште кетіп, орнына шайтан келді. Мен шайтан келген жерде отырмаймын», - деп тұрып кетуінің себебін түсіндіріпті. («Әбу Дәуід», «Сүнән». Әдәп. №4896).

Үйлеріңіз берекеге толсын!


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[2] Хадистің толық нұсқасы: «Кімде-кім, сарымсақ, пияз және жуа жеген болса, мешітімізге жақындамасын (иісі кеткенше). Шынында, адам баласы тітіркенетін (немесе қынжылатын) нәрселерден періштелер де тітіркенеді (немесе қынжылады)».

0 пікір