Перғауын өлімінің сыры арқылы Исламға келген - Морис Бюкай
Перғауын өлімінің сыры арқылы Исламға келген - Морис Бюкай
9 жыл бұрын 27299
Марфуға Шапиян

Қазірде француздың белгілі ғалымы, жазушысы, дәрігер-хирургы Морис Бюкайдың есімін білмейтін мұсылман баласы кемде-кем. Бұл мақаламызда Батыс әлемін дүр сілкіндірген “Інжіл, Құран және ғылым” атты кітаптың авторы, перғауынның суға батып өлгенін дәлелдеген ғалым Бюкайдың Ислам әлеміне сапары қалай басталғандығы жөнінде сыр шертпекпіз.

 

Бюкай француздың ең атақты дәрігері

Морис Бюкай 1920 жылдың 19 шілдесінде Францияның Понт Элевек қаласында дүниеге келген. Ол христиан отбасында тәрбиеленген. Ата-анасы Морис пен Мария Бюкайлар таза текті француздар еді. Морис орта мектепті бітіргеннен кейін Францияның Медицина университетіне оқуға түсіп, үздік студенттердің бірі болады. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған соң, өз саласының білікті хирургына айналады. 1945-1982 жылдар аралығында дәрігерлікпен қатар гастроэнтерологияның да нағыз маманы болып шығады. Ол өз заманының Франциядағы ең атақты, жоғары дәрежелі дәрігері еді.

Профессор Морис Бюкай

 

Перғауынның суға батып өлгенін дәлелдеген Бюкай

Франция – ежелден археология, көне заман мұралары мен ескерткіштеріне ерекше көңіл бөлетіндігімен аты шыққан ел. 1981 жылы француз билігінің басына әлеуметтанушы Франсуа Миттеран келеді. Ол 80-жылдардың соңына қарай Мысырдан зерттеу жүргізу үшін перғауын мумиясын сұратып алады. Солай Мысыр тарихындағы ең жауыз патшаның өлі денесі ұшақпен Францияға әкелінеді. Әуежайдан мумияны Президенттен бастап, министрлер, елдегі жоғарғы шенді қызметкерлердің барлығы аяқтарынан тік тұрып күтіп алады. Кезінде халқына “Мен – сендердің құдайларыңмын” деп жар салған перғауын құдды тірідей, олар әміршінің өлі денесінің алдында бастарын да иеді. Салтанатты күтіп алу аяқталғаннан кейін мумия Археологиялық зерттеу институтына жөнелтіледі. Онда француздың атақты археолог, хирург, анатомдары перғауын денесін зерттеуге, оның құпиясын ашуға топтастырылып, дайын тұр еді. Ал бұл жобаның жетекшісі, бас хирургы, белгілі дәрігер, гастроэнтеролог Морис Бюкай болатын. Өзге қызметкерлер дененің қалыпқа келтірілуін, бальзамдалып, мумияға айналу жолын зерттесе, Бюкайды перғауынның қалай өлгені қызықтырды әрі оны анықтауға барын салды. Зерттеу толассыз жүргізіліп жатты. Соңғы нәтижелер түн ортасында шықты. Перғауын денесіне жабысқан тұз оның суға батып өлгенін сөзсіз дәлелдеп тұр еді. Халық патшаларының денесін судан шығарып алып, бүлініп үлгерместен бальзамдап, қатырып тастаған.

Перғауын өлімінің себебін анықтаған ғалымның алдынан тағы бір сұрақ шықты. Денесі судан шығарылса да бұл мумия басқаларына қарағанда неге ұзағырақ әрі жақсы сақталған? Олай болуы мүмкін бе? Бюкайдың басы қатты. Бірақ суға батып өлгеніне көзі жетіп тұр. Ақыры, соңғы қорытындысын “Перғауын суға батып өлді, сосын денесі бальзамдалды” деп жасап, ашқан жаңалығын халыққа жарияламақ болды. Сол кезде әріптестерінің бірі құлағына: “Тоқтай тұрыңыз, асықпаңыз. Мұсылмандар перғауынның суға батып өлгенін бұрыннан айтып жүр”, - деп сыбырлады. Бұл сөзге профессордың сенгісі келмеді. Өйткені, мұндай жаңалықты озық технология, заманауи құрал-жабдықтар болмаса ашу мүмкін емес қой! Бірақ әріптесі де қояр емес. Ол Құранда перғауынның суға батып өлгені және денесінің кейінгілерге сабақ болу үшін сақталатыны жазылғанын, мұсылмандардың оған шүбәсіз сенетінін жеткізді. Бюкайдың таңданысы тіпті артты, санасын жауапсыз сұрақтар торлады. Құранға 1300  жыл болған. Ал мумия 1898 жылы ғана табылды емес пе? Арабтар тұрмақ, күллі адамзат перғауынның денесін ежелгі мысырлықтар бальзамдағанын жақында ғана білді. Сонда ол қалай Құранда жазылған?

Перғауын мумиясы

 

“Перғауынның суға батқанын Мұхаммед мыңдаған жыл бұрын білген, ал мен қазір білдім...”

Морис Бюкай ой тұңғиығына батып, сол түнді ұйықтамаған күйі мумияның жанында өткізді. Ол әріптесінің Құранда жазылды деген сөздерін қайта-қайта ой елегінен өткізіп, өзге қасиетті кітаптарды есіне алды. Матфейден, Лукадан келген Інжілде Мұса пайғамбарды перғауынның қудалағаны айтылады, денесі туралы бір ауыз сөз жоқ. Сұрақты профессор енді өзіне қоя бастады: “Сонда менің алдымда жатқан мына дене Мұсаны қудалаған Мысыр перғауынына тиесілі болғаны ма? Және бұл деректі Мұхаммед мыңдаған жыл бұрын білген, ал мен қазір біліп отырмын ба?” Профессор ұйқысыз таң атырып, өзіне Тәуратты алдырды да, жанталасып оқи бастады. Онда жазылған: “Су кері қайтып, перғауынның артынан келген оның әскерінің арбалары мен аттарын түгелдей басып қалды. Олардан ешкім тірі қалмады”, - деген жолдарды оқығанда, есі ауып қала жаздады. Қасиетті кітапта өлімі айтылса да, перғауынның денесінің ерекше жағдайда сақталатыны жөнінде ештеңе айтылмапты.

Зерттеу аяқталып, барлық іс-шаралар атқарылғаннан кейін Франция мумияны перғауынға лайық шыны табытқа салып, Мысырға кері қайтарды. Мумия туралы Құранда жазылғанын естігелі бері жаны тыныштық таппаған профессор Бюкай өз бетінше зерттеуді тоқтатпай, мұсылман дәрігер-анатомдары қатысатын Сауд Арабиясында өтетін медициналық форумға аттанып кетеді. Бара сала бірінші сұрағаны, әрине, өз ашқан жаңалығы – перғауынның суға батып өлген жайы еді. Сонда мұсылман ғалымдарының бірі Құранды ашады да, Юнус сүресінің 92-аятындағы Жаратушының: “Кейінгілерге ғибрат болуы үшін, бүгін сенің денеңді ғана (жансыз түрде) құтқарамыз. Шынында адамдардың көбі аяттарымыздан (ғаламаттарымыздан) бейхабар”, - деген сөзін оқып береді. Аяттың Бюкайға қатты әсер еткені сондай, ол орнынан атып тұрып, барлығының көзінше: “Мен Исламды қабылдадым әрі ақиқат айтылған Құранға сендім”, - деп айқай салады. Алла Тағаланың аяттарына ой жүгіртіп, перғауынның өлі денесінен ғибрат алған ғалым Құран құдіретін осылай мойындаған еді...

М.Бюкай мұсылман ғалымдарымен

 

Бюкайдың “Інжіл, Құран және ғылым” атты кітабы Батысты дүр сілкіндірді

Морис Бюкай Францияға мүлде басқа адам болып оралды. Кейінгі 10 жылда ол Құран аяттарын соңғы әрі бұрынырақ ашылған ғылыми жаңалықтармен салыстырды. Осынша уақыт ішінде қанша іздесе де, профессор заманауи ғылым мен аяттардан бір де бір қарама-қайшылық таппады. Нәтижесінде Құран туралы: “Өтірік оған алдынан да, артынан жолай алмайды. Оны Данышпан әрі Мақтауға лайықтының өзі жіберген” деген қорытындыға келді.

Зерттеген кітабынан Жаратушының қолтаңбасын таныған француз профессорының 10 жылдық еңбегі “Інжіл, Құран және ғылым. Қасиетті жазбаларды заманауи ғылым негізінде талдау” атты кітап болып дүниеге келді. Кітабында ол дін мен ғылымды егіз дейді. Құранның Інжілге қарағанда көптеген ғылыми жаңалыққа негіз болатынын атап көрсетеді. Әрі Інжілдің қателіктерін тауып жазып, Құранда ондай бірде-бір қарама-қайшылық, қате жоқ екенін айтады. Кітап француздарды ғана емес, бүкіл Батыс әлемін дүр сілкіндірді, қоғамға қозғау салды. Алғашқы тиражы қолдан-қолға тимей бірден тарап кетіп, артынан жүздеген мың данамен қайта шығады. Француз тілінде жазылған кітап араб, ағылшын, парсы, серб, хорват, түрік, урду, неміс тілдеріне аударылып, Батыс пен Шығыс кітап дүкендерінің барлығының сөресінен орын алды. Ал кітаптың кіріспесінде Бюкай: “Құранда жазылған ғылыми жаңалықтар алғашында мені таңғалдырды. Осыдан 13 ғасыр бұрын жазылған кітаптан қазіргі ғылыммен үндесіп жатқан әртүрлі саланың дәл жауаптарын көремін деп еш ойлаған емеспін”, - деп жазған еді. 1988 жылы Бюкайдың бұл еңбегі Француз Академиясы тарапынан ең үздік кітап ретінде марапатталды.

Ең қызығы, Морис Бюкай өмірден өткеннен кейін Батыста “букаиллеизм” атты термин пайда болды. Бұл сөз заманауи ғылымның дінге қарсы келмейтінін айғақтап қана қоймай, үлкен жарылыс теориясының, космосқа саяхаттың Құранда жазылғанын дәлелдейді.  

 "Інжіл, Құран және ғылым" кітабы

Бюкайдың мұсылмандықты қабылғанына христиандар неліктен күмәнданады?

Мұсылман әлемі Бюкайдың Ислам дінін қабылдағанын, кітап жазғанын айтып қуанса, христиан жұртшылығы бұл пікірді жоққа шығарады. “Бюкай “Құран, Інжіл және ғылым” атты кітапты жазып, Құранның артықшылықтарын атап көрсеткенмен, өзі Ислам дініне өтпеген. Оның Исламды қабылдағанын айғақтайтын қандай да бір дәлел бар ма? Ол намаз оқыған мешітті кім біледі?” - деп, мұсылмандарды тығырыққа тіреп жүргендер де жоқ емес. Олар көбінесе дәрігер Уильям Кэмпбеллдің: “Бюкай біраз уақыт Сауд Арабиясының королі Файсалдың отбасылық дәрігері болды. Осы уақытта “Інжіл, Құран және ғылым” атты кітабын жазды. Ол 1975 жылы жарық көрді. Меніңше, Бюкай оны католиктік шіркеуге деген ашу-ызадан жазған. Артынан осы арқылы көп ақша табатынын байқап, жұмысын жалғастыра берді. Доктор Бюкай католизмді жақсы білді әрі ол өте білімді католик болатын. Морис дін қызметкерлерінің Мұса пайғамбар туралы қарама-қайшы пікірлеріне қатты ашуланған. Қалай болғанда да, мен оның осы кітапты христиан ретінде жазып шыққанына сенімдімін және оның Исламды қабылдағаны туралы дерек те жоқ”, - дейді.

Әрине, француздарды да түсінуге болады. Өздерінің әлемге аты шыққан ғалымдарын мұсылмандыққа қимайды, меншіктегісі келеді.

Бірақ біз Морис Бюкайды мұсылман деп ойлаймыз. Мүмкін ол шынында да, Құранмен Сауд Арабиясы королі Файсалға, Мысыр президенті Әнуар Садатқа қызмет еткен кездерінде танысқан шығар. Сосын,1976 жылы “Інжіл, Құран және ғылым” кітабын жазған шығар. Тіпті осы кездері де ол Құранды мойындағанымен Исламды қабылдауға әлі асыға қоймаған болуы мүмкін. Тек кейін Мысыр перғауынының денесін зерттеп, талай ақиқатқа көз жеткізген соң Сауд Арабиясындағы форумға келгенінде “Исламды қабылдадым әрі тек шындық жазылған Құранды мойындадым” деп айғайлайтыны бар ғой. Міне, дәл осы сәтте Ислам Морис Бюкайдың жүрегіне толықтай кірсе керек. Өйткені, дініміздің ең алғашты шарты – иман келтіру екені бәрімізге белгілі. Ал Құранның кереметтеріне тәнті бола түскен Бюкайдың елуден асқан шағында араб тілін үйреніп, Құранды түпнұсқадан оқуға аңсары аууын христиан әлемі қалай түсіндірер екен?!

"Інжіл, Құран және ғылым" кітабының мұқабасы

 

Бюкайдың адамның шығу тегі туралы Дарвин теориясын жоққа шығаруы

Бюкай араб тілін жетік меңгерді, Құранды түсініп оқи алатын дәрежеге жетті. Жай оқып қана қоймай, Құранды тереңірек зерттеп, “Адамның шығу тегі” атты келесі кітабын оқырман назарына ұсынды. Дарвиннің ұстанымдарына қарсы келетін бұл кітап та жақсы оқылды. Әлем Дарвиннің 100 жылдық мерейтойын тойлауға дайындалып жатқан 1982 жылы Бюкайға: “Дарвиннің теориясымен келісесіз бе?” деген сұрақ қойылады. Сонда ғалым: “Жоқ, мүлде келіспеймін. Дарвиннің теориясы түгелдей өтірікке құрылған әрі ғылыми негізсіз. Менің соңғы кітабым “Адамның шығу тегінде” мұның бәрі айтылады”, - деп жауап берген.     

Бюкайдың ғылым әлеміндегі дәрежесі өсе берді. Ол тек Франция ғана емес, Кембридж, Оксфорд, Гарвард, Солтүстік Ирландия университеттеріне лекция оқуға шақырылды. Ол өзінің ғылыми жаңалықтары туралы айтып қоймай, әлемнің ең мықты профессорларына Құранның ғылымға еш қарсы келмейтінін, қайта оны қуаттай түсетінін мойындатты. Жүрген жерінде Құдайдан түскен кітаптар арасындағы еш өзгеріссіз сақталғаны Құран екенін де айта жүрді.       

Ал 1991 жылы Бюкайдың “Перғауын мумиясы: заманауи медициналық зерттеу” атты келесі кітабы ағылшын тілінде жарық көрді. 

"Адамның шығу тегі" кітабының мұқабасы        

Иманын жүрегінде сақтап, ақиқатты тапқан ғалым

Ғалымның өзіне журналистер “Құран мен өзге де қасиетті жазбаларды зерттеуіңізге не себеп болды?” деп сұрағанда, ол: “Фрацуз бола тұра мені гений, ғажап жаратылыс, үлкен интеллекттің иесі  Мұхаммед (с.а.с.) атты адамның тұлғасы қызықтыратын. Ислам туралы көбірек білгім келді. Бірақ газеттегі мақалалар және аз-маз деректерден бұл діннің лаңкестікпен байланысты екенін ғана білдім. Қызығушылығыма жауап беретін бір-ақ жол бар еді. Ол – араб тілін үйрену. Екі жылымды осы тілді үйренуге арнадым. Сосын Құранды егжей-тегжейлі зерттеуге көштім. Барлық зерттеушілер Құранның Жәбірейіл періште арқылы соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.с.) түсірілген Құдай сөзі екеніне күмән келтірмейді. Өз зерттеуімде де, көңілге күдік ұялатар бір де бір сөз кездестірмедім. Керісінше, ақиқатты, шындықты оқып отырғанымды сезіне түстім”, - дейді. Ал журналистің қызды-қыздымен қойған “Сіз Ислам дінін қабылдадыңыз ба?” деген сұрағына Бюкай: “Мен Құранның бастауында тұрған “Бисмиллах” сөзін оқымастан бұрын Құдайдың бір әрі үлкен құдірет иесі екеніне күмән келтірмегенмін. Құдай мені Құранды үйренер жолға салды. Сонда менің жаным, жүрегім “Құран – Құдайдың сөзі, Мұхаммед (с.а.с.) – Оның Елшісі” деп айғай салған еді. Құдай менің жүрегімдегі сенім туралы біледі. Мен жақындарымның менталитетін жақсы білемін. Олар мені түсінбеуі мүмкін. Бірақ оларға айтарым, мен мұны соқыр діни наным-сеніммен айтып отырған жоқпын, мұның бәрі ғылымға негізделген”, - деп өте сауатты жауап беріпті.

"Перғауын мумиясы: заманауи медициналық зерттеу" кітабы

Ал сұхбатының соңында Бюкай Исламның Батыста таралуы туралы ойын былай жеткізеді “Адамдарға оның ана тілі арқылы жақындауға болады. Мен осы тәсілді, яғни тілді қолдандым. Менің “Інжіл, Құран және ғылым” атты кітабым христиандарға өз ана тілдерінде тарады. Інжілдің қарама-қайшылықтарын, Құранның құндылықтарын түсінген көптеген адамдар мені хаттың астында қалдырды. Олардың көпшілігінің ислам дініне көзқарасы өзгерген еді”. Ерекше ғалым, ақиқатты ізденіп жүріп тапқан Морис Бюкай өз Отанының да, Батыстың да мұсылманданып келе жатқанын әрі түптің-түбінде таразының басы басқа жаққа қарай ауатынын сезді. Бүгінде Батыстағы мұсылман бауырларымыздың саны күн санап емес, сағат санап өсіп жатыр. Қараңғы түнде шамшырақ жағып, қауымына Хақ жолды көрсеткен Морис Бюкай француздардың мұсылмандануында өзінің үлкен үлесі бар екенін білді ме екен, білмеді ме екен, кім білсін?!.

 

1 пікір
  • «Конечной инстанцией любого разумного человека является Ислам» Л. Толстой.
    9 жыл бұрын