Перғауын денесінің сақталуында не сыр бар?
Перғауын денесінің сақталуында не сыр бар?
6 жыл бұрын 9756
Мұхитдин ИСАҰЛЫ

Құранда хазіреті Мұса хақында көптеген аяттар бар. Онда хазіреті Мұсаның Мысырдан қашқаны, кейін қайта айналып, пайғамбар болып келіп Мысыр перғауынын мұсылмандыққа шақырғаны хақында баян етілген. Осы сүрелерде Исламды қабыл етпеген перғауын ақырында теңізге батуға таянғанда амалсыз тілмен иман еткені айтылған. Алайда жаны алқымға тұрып, иман еткен пенденің иманы қабыл болмайды. Сонда да болса, ешбір пенденің зәредей амалын құр қайтармайтын Ұлы Жаппар Ие перғауынның денесін сақтайды. Аятта былай айтылады: «Исрайыл ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда перғауын мен әскерлері жауыздық пен дұшпандық бойларын кернеп арттарынан қуды. Ақыр соңында ол теңізге батар сәтте: «Исрайыл ұрпақтары иман еткен құдайдан басқа құдай жоқтығына иман еттім. Мен де мойынсұнушылардан болдым» деді. «Енді ғана сендің бе? Расында, сен де бұрын қарсылық еткендердің бірі едің...» «Сенен кейінгілерге үлгі болу үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз. Негізінде көптеген адамдар аяттарымыздан мүлде хабарсыз».

Осы аятта болашаққа қатысты мұғжизалық хабар бар. Ұлы Жаратушы тілмен болса да иман еткен амалы үшін перғауынның суға батқан денесін шірітпей, келер ұрпаққа ой салып, күпірліктің ақыры немен аяқталғанын білдіру үшін сақтайды. Негізінде ол заманның перғауындарының бар арманы ұзақ өмір сүру. Сондықтан да тым құрыса денелерін келер ұрпаққа жеткізу мақсатымен мумиялап сақтаған. Алайда теңізге батқан перғауынның денесі мумияланбағандықтан шіруге лайық еді. Бірақ Алла Тағала оның амалсыз тілмен иман еткен амалын құр қайтармай қарымын бұл дүниеде берген. Бұл да перғауынның бар арманы еді. Осылайша, оның де- несі осы заманға дейін сақталып, ғалымдар жақында қызыл теңіздің жағалауынан мумияланбаған сәжде еткен бойы өлген адамның денесін тауып алады. Бұл әлбетте, сол перғауынның денесі. Өйткені, ғалымдар бұл дененің сол ғасырда өмір сүрген адамның денесі екендігін анықтаған. Әрі бұл мумияланбаған, сәжде халіндегі адам. Алайда табиғи заңдылық бойынша адамның денесінің ғасырлар бойы шірімей сақталуы мүмкін емес. Қазір ол Британия мұражайында сақтаулы. Алла Тағала оны өзінен кейінгі, яғни қазіргі ұрпаққа өзін құдай санап тәкаппарланғандардың ақыры немен аяқталғанын ғибрат етіп көрсету үшін сақтаған. Ұлы Жаратушы уақыты келгенде оның денесін ел-жұрттың көз алдына қойып, қарағанға үлгі етуде. Бірақ та «Көптеген адамдар аяттарымыздан мүлде хабарсыз». Яғни, Құранның ақиқатын біле тұра иман етпейді. Иә, алғаш ғалымдар перғауынның ғасырлар бойы шіріме- ген денесін қазып алып, сол қалпы мұражайға қойғанда, адамдар оның сәжде еткен түрін анық көрген. Кейіннен мұсылман әлеміндегі кейбір ғалымдар оның сәжде еткен бойы өлген перғауын екендігін дәлелдеп жазғанда, ағылшындар оны қырынан жатқызуға мәжбүр болған.

Құранда бұдан да басқа болашаққа қатысты көптеген хабарлар бар. Уақыты келген хабарлардың бәрі де айдай анық шыққан. Құранда осы мәселеге байланысты мынадай аят бар: «Біз аяттарымызды сыртқы әлемде және өз іштеріңде көрсетеміз. Сол уақытта Құранның ақиқат екендігі айқындалады». Бұл аятта Алла Тағаланың барлығы мен бірлігіне тиісті аяттар мен Құранның ақиқатын көрсететін дәлелдердің бірінен соң бірі айқындалатыны жөнінде айтылған. Айтылғандай көп өтпей-ақ жаратылыста- ну ғылымдары өз тілдерімен Құранның ақиқаттығын паш еткен. Қазіргі физика, химия т.б. жаратылыстану ғылым салалары оны растаумен қатар, келешекте де ғалымдар өз іштері мен ғаламды жаңа қырынан зерттеп, Ұлы Жаратушының барлығы мен бірлігінің басқа да мөрлерін көріп, олардың бәрін Құран ақиқаттарының растайтынына қайран қалып, Құранға бет бұра бермек.

0 пікір