Пайғамбарымыздың «мүмін-мұсылман бір қуыстан екі рет шағылмайды» деген сөзінің төркіні неде?
Пайғамбарымыздың «мүмін-мұсылман бір қуыстан екі рет шағылмайды» деген сөзінің төркіні неде?
3 ай бұрын 4987
Абдусамат Қасым

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әрбір хадисі даналыққа толы екендігі жасырын емес. Құранда Пайғамбарымыздың сөздерін «хикмет» (даналық) деп атаған. Оның (с.а.у.) шарапатты хадистерінің өмірлік қағида болуымен қатар, қай заманда да ескірмейтін өміршендік ерекшелігі де бар.

Алла елшісі (с.а.у) сондай хадистерінің бірінде мынадай «өмірлік қағида» үйретеді:

لا يُلْدَغُ المُؤْمِنُ مِن جُحْرٍ واحِدٍ مَرَّتَيْنِ.1

Мағынасы:

«Мүмін-мұсылман бір қуыстан екі рет шағылмайды»2.

Яғни, бір қателікті екі рет істемейді деген сөз. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, бір нәрсеге бір рет ұрынды ма, содан сабақ алып, келесі де тағы да сол қателікке ұрынбауы тиіс деп отыр.

Хадистің түпнұсқасында «хүжр» сөзі қолданған. Оның қазақшадағы мағынасы: тар қуыс, тесік дегенге саяды. Жылан, шаяндар сондай қуыс, тесіктерді мекендейтіндіктен Алла елшісі (с.а.у.) арнайы сол сөзді таңдап отыр. Бір тесікке аяғыңыз кіріп кетіп, жылан шағып алса, келесіде қайта сол тесікке аяғыңызды салмаңыз. Бұндағы мақсат: әрбір қателіктен және әрбір сәтсіздіктен сабақ алып, келесіде ондай қателікке ұрынбас үшін, қырағылық танытуымыз керек деп отыр.

Хадисте:

  1. Қырағылық,
  2. Ояу болу,
  3. Сезгіштік,
  4. Аңқау болмау,
  5. Жоспарлы болуды үйретуде.

Хадистің төркіні (айтылу себебі)

Енді, аталмыш хадистің айтылу себебі қандай, соған келелік. Алла елшісі (с.а.у.) аталмыш өмірлік қағиданы мынадай жағдайдан кейін айтқан еді:

«Бәдір» шайқасында Меккелік мүшриктердің арасынан қолға түскен тұтқындардың ішінде «Әбу Ъиззә» есімді шаир адам болды. Соғыс заңы бойынша, қолға түскендердің туыстары пидиясын төлеп, босатып ала алатын. Бірақ Әбу Ъаззаның ешкімі жоқ болды, сондықтан да, ол Алла елшісіне жалынып, жалбарынып, өзінің пақыр, кедей екендігін айтып, төлемсіз босатып жіберуін сұрайды.

Алла елшісі (с.а.у.) қиылып тұрған тұтқынға жаны ашып, оны төлемсіз босататын болып шешеді, бірақ уәде бойынша Әбу Ъазза енді мұсылмандарға қарсы ұйымдастырылған соғысқа қатыспау керек болды.

Алайда, Әбу Ъазза уәдесінде тұрмады. Ол тұтқыннан босап, Меккеге келісімен жергілікті қалталылардың бірі Сафуан ибн Умәйя оны алдап, арбап және отбасының нәпақасын өзінің мойнына алатындығын айтып, Әбу Ъаззаны қайта Меккелік мүшрик әскерлерінің қатарына қосып, «Ухуд» соғысына аттандырады. Бірақ, Әбу Ъазза «Ухуд» соғысында да мұсылмандарға тұтқынға түсіп қалады.

Тұтқында отырып, ол екінші кез Алла елшісінің (с.а.у.) алдына шығып, өлердегісін айтып, тұтқыннан босатуын өтінеді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) кейінгі үмбетке сабақ болар мына бір асыл сөзін айтқан екен: «Мүмін-мұсылман бір қуыстан екі рет шағылмайды!».

Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин! 


1  الراوي : أبو هريرة | المحدث : البخاري | المصدر : صحيح البخاري
2  «Сахих Бұхари».

0 пікір