Пайғамбарымыз (с.а.у.) ем үшін қолдануға кеңес берген жемістер
Пайғамбарымыз (с.а.у.) ем үшін қолдануға кеңес берген жемістер
8 жыл бұрын 22708
Марфуға ШАПИЯН
Қарбыз

         Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) жас құрмаға қарбыз қосып жегенді жақсы көрген. Ол туралы өзі (с.а.у.): «Жас құрманың ыстығын суық қарбызбен, ал қарбыздың суықтығын құрманың ыстығымен қайтарамыз», – деген болатын. Қарбыз туралы бұдан өзге де хадистер бар, бірақ жоғарыда келтіргенімізден өзгесі әлсіз.

         Көк қарбыз суық әрі тәтті келеді. Ол асқазанымыз бен ішектерімізді жақсы тазалайды. Қарбыз асқазанда қиярдан да аз жатады әрі асқазандағы кез келген тағаммен үйлесіп кете алады. Қарбызды жылы күйде жеген пайдалы, ал суық кезінде имбирь қосып жеген дұрыс. Қарбызды тамаққа дейін жеген абзал, тойып тұрып жеу жүректі айнытуы мүмкін.    

 

Анар

         Құранның Рахман сүресінің 68-аятында анар туралы: «Ол екі бақшада түрлі жемістер және құрма, анар бар»,делінеді. Құранда аталуының өзі бұл жемістің қадірін арттырса керек.

         Ал Әлиден (р.а.) қалған: «Анарды жұмсағымен жеңдер, ол асқазанның жақтауларын қорғайды», – деген сөз бар.

         Тәтті анар асқазанға өте пайдалы, оның жұмыс істеуін жақсартады, қатайтады. Сонымен қатар, анардың тамаққа, өкпеге, кеудеге пайдасы зор, әрі тұмауды жеңілдетеді. Анар шырынының ағзаға қуат беретін құнары бар. Бірақ безгек ауруы кезінде анардан бас тартқан дұрыс. Анарды нанмен жесеңіз, ол асқазандағы асты бұзылудан сақтайды. Ащы анар суық әрі құрғақ қасиетке ие. Ол іштің өтуін тоқтатады, өзге анар түрлеріне қарағанда несептің түзілу жолдарын ретке келтіреді. Ащы анар өту ауруының алдын алады, лоқсуды басады, өт жұмысын жақсартады, жүрек аурулары мен қанға пайдасы көп. Бал қосылып, қою етіп қайтатылған анар шырынын көзге тамызғанда ол сарғайған тұсын қалпына келтіріп, іріңнен сақтайды. Сол дәрі қызылиекте пайда болғае ауруларға да көмектеседі.

         Балға арастырылған анар дәндері қатерлі ісікке де ем. Ал анардың гүлі жараларды емдеуге қолданылады. Дәрігерлер арасында «анардың үш гүлін жеген жанға конъюнктивит ауруы жыл бойы жоламайды» деген сөз бар.             

 

Жүзім

         Кітаптарда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жүзім мен қарбызды ерекше жақсы көргені айтылады. Жүзім қасиетті Құран Кәрімнің алты жерінде кездесіп, жәннаттағы нығметтердің бірі ретінде аталады. «Нахыл» сүресінің 11-аятында «Алла сол сумен сендер үшін егіндерді, зәйтүн, құрма һәм жүзім бақтарын және әр алуан жемістерді өсірді. Шүбәсіз, осының бәрінде ойланатын қауым үшін өте маңызды бір белгі, бір ғибрат бар», – делінеді.

         Жүзім – жаңа піскен, кептірілген, піспеген кезінде де пайдалы өсімдік. Жүзімнің ең абзалы – ірісі әрі шырындысы. Тәттілігі бірдей болса да, қараға қарағанда көк жүзімнің пайдасы көбірек. Жүзім пісіп, жиналып алынғаннан кейін екі-үш күн жемей күткен дұрыс. Әйтпесе, күтпей жеудің соңы іш өтуге әкелуі мүмкін. Әдетте білетіндер жүзімнің қабығы жұқарғанша себетте сақтай тұрады.

         Жүзім – мейіз бен інжір секілді құнарлы тағам. Оны әдеттен тыс көп жеу бас ауруына әкелуі мүмкін. Немесе жүзіммен қатар анар жеген дұрыс. Жүзім көздің көруін жақсартады, бүйрек, демікпе ауруларына ем. Ол зиянды микробтарды өлтіріп, теріні жұмсартады. Шашты қатайтып, жақсы өсуіне ықпал етеді.

         Жүзім ең құрма, інжірден кейін ең пайдалы үш жемістің қатарына кіреді.

 

Баклажан

         Баклажанның ақ және қара екі түрі бар. Қара баклажан көп желінсе өттің толуына, қатерлі ісіктің пайда болуына әкелуі мүмкін. Ал аз мөлшерде қолданылған баклажан геморройды емдейді.

Баклажанды етпен жеген дұрыс, сонда өзінің зиянды қасиеттерін азайтады. Ал ақ баклажанның еш зияны жоқ.   

 

Құрма

         Әлемде құрма ағаштары өсетін көптеген бақтар бар. Бірақ олардың негізгі бөлігі араб елдерінде өседі. Құрма ағашы орта есеппен 100 жыл өмір сүреді.

         Сауд Арабиясы құрма өндіруден әлем бойынша көш бастап келеді. Онда жылына 400 түрлі құрмадан 20 млн кг құрма өндіріледі. Құрма Сауд Арабиясынан өзге Алжир, Бахрейн, Египет, Ирак, Ливия, Марокко, Оман, Судан, Сирия, Тунис, БАӘ, Йемен мемлекеттері де айналысады. Құрманың түрлерінің көптігі сондай, білем деген адамның өздері шатасып жатады.

         Құрма – мұсылмандар үшін Зәм-зәм суынан кейінгі қасиетті тағам. Құрма мен құрма ағаштары туралы Құранда 29 рет айтылған. Әнғам сүресінің 9-аятында: «Көктен су түсірген де – Алла.  Кейіннен сол арқылы әр түрлі өсімдіктер шығардық. Ол өсімдіктен бір жас бұтақ өсіп, бір-бірінің үстіне мінгескен дәндер, масақтар өндіреміз. Құрма ағашынан жеміс толы салбырап тұрған бұтақтар, бұған қоса жүзім, зәйтүн, анар бақшаларын өсіреміз. Бұлардың кейбіреуі бір-біріне ұқсайды, кейбірі ұқсамайды. Алғаш жеміс салғанда және толық піскен кезінде әрқайсысының жемісіне қараңдар. Күмәнсіз, сенетін көпшілік үшін мұнда көптеген ғибраттар бар», - делінген.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрманы қатты жақсы көрген әрі нағыз мұсылманды құрма ағашына теңеп: «Ағаштар арасында жапырағы еш түспейтін  ағаш бар, ол ағаш мұсылмандарға ұқсайды», - деген болатын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) ораза тұтқанда да ауызды құрмамен ашуға кеңес берген, құрманың әжуа деген түрінің сиқыр мен уланудан сақтайтынын айтқан.

Ислам дәуірінің ерте кезінде мұсылман әскерлерінің сөмкелерінде міндетті түрде құрма болған. Ол батырларға күш-қуат беретін тағам ретінде қолданылған. Сонымен қатар, адам ағзасы биікке көтерілгенде көп ылғал жоғалтатыны белгілі. Сол себепті ұшар алдында ұшқыштарға да жолаушыларға бірер құрма жеп алу артықтық етпейді.  

Құрма бала ағзасына да өте пайдалы. Құрманы ыстық сүтке араластырып жесе, оның құрамы мүлде өзгеріп, құнары арта түседі. Әрі баланың жөтелін басады. Құрманың сүйегін алып, оның орнына жаңғақ, миндаль салып жесе, ол ағзаға ең қажетті таптырмас ақуызға айналады. Құрма ішек ауруларына да пайдалы. Орыс ғалымы Мечников: “Құрма – ішек жұмысын жақсартатын бірден бір дәрі” деген болатын. Құрманы жүрегі ауырғандар да қолданады. Ол туралы Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен хадис бар. Бірде саңлақ сахабалардың бірі Сағд бин Әбууаққас (р.а) Меккеде  қатты науқастанып қалады. Пайғамбарымыз (с.а.у) хал-жағдайын сұрай барып: «Сен жүрек ауруына шалдығыпсың»,– деп, Харис есімді дәрігерді шақыруды бұйырып, оған әжуа құрмасының жетеуін сүйегімен бірге сүт немесе майға араластырып қою күйінде жегізуін әмір еткен (Әбу Дәуід). Осыдан кейін Сағд бин Әбууаққас (р.а)  жазылған екен. Таңертеңгі уақытта құрма жеп тұрған дұрыс.

         Пайдасының көптігіне қарамастан дәрігерлер қант диабетімен ауыратын адамдарға құрма жемеуге кеңес береді. Өйткені, құрманың құрамында қант мөлшері көбірек. Сонымен қатар, құрманы ашық жерде ұзақ уақытқа қалдыруға болмайды. Ол ылғалды болғандықтан көптеген бактерияларды өзіне сіңіріп алып, жеген адамды зиянға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан, құрманы қолданар кезде міндетті түрде, жақсылап жуу керек.

         Бужайрими құрманың асқазанға пайдасы туралы: «Егер құрма бос асқазанға түссе, тамақтың орнын алмастырады. Ал егер тамағы бар асқазанға түссе, ондағы қалдықтарды сыртқа алып шығады», - деп жазады.  

"Советы лучших врачей" кітабы бойынша 

0 пікір