"Сахих Мүслім" атты хадистер жинағында орын алған риуаятта, Айша анамыз (р.а.) бізге ораза кезіндегі ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықтың шегін көрсетеді, Ол (р.а.) былай дейді:
«Пайғамбарымыз ﷺ ораза ұстап жүріп те жұбайларын сүйетін және (тікелей тәні жанасып) құшақтайтын. Бірақ Ол нәпсісіне сендердің ең мықтыларың еді».
Хадистегі «тікелей жанасу» (мубашара) — терінің теріге тиюін немесе қолмен ұстауды білдіреді. Бұл амалдар, егер соңы мәнидің (ұрықтың) бөлінуіне соқтырмаса, оразаны бұзбайды. Айша анамыздың (р.а.) «Ол нәпсісіне ең ие жан еді» деуі — Пайғамбарымыздың ﷺ өз қалауын толық басқара алатын адам болғандығының белгісі. Алла Елшісі ﷺ өз сезімін толық бақылай алатын еді. Егер мұсылман адам өз нәпсісіне сенімсіз болса, яғни аймаласудың соңы оразаны бұзатын әрекеттерге соқтыруынан қорықса (мәни шығуына немесе жыныстық қатынасқа ұласып кетуінен қорықса), онда мұндай істерден аулақ болғаны дұрыс.
Хадистен алар үкімдер:
Шариғат үкімдеріне тікелей қатысы бар болғандықтан адамнан бөлінетін сұйықтықтардың үкімін білу әрбір мұсылманға қажет:
- Мәзи (смегма): Жұбайымен ойнау немесе аймаласу кезінде бөлінетін мөлдір, жабысқақ сұйықтық. Мұндай жағдайда тек дәрет алып, киімді тазалау жеткілікті, ғұсыл міндет емес, оразаны да бұзбайды.
- Мәни (сперма): Шәһуаттың шегіне жеткенде қысыммен көп мөлшерде ытқып шығатын қою сұйықтық (ер адамдарда қою ақшыл түсті, әйел адамдарда сұйық, сарғылты түсті). Оның (жұбайын құшақтау не аймалау барысында) бөлінуі оразаны бұзып қана қоймай, адамға ғұсыл құйынуды (толық жуынуды) парыз етеді. (Осы тұрғыда, ойлау нәтижесінде мәнидің өздігінен бөлінуі оразаны бұзбайды).
Қысқа насихат
Ораза бізге нәпсіні тыюды үйретсе, ажал туралы ой — өмірдің мәнін ұқтырады. Адам баласы үшін ең басты қауіп дүниенің тауқыметі емес, Ақыреттің қамын ұмыту болып табылады.
«Уа, Адам баласы! Егер сен үшін Ақыреттің қайыры дайындалған болса, бұл дүниенің қиындығы саған зиян тигізе алмайды».
Әрбір жан өз іс-амалының кепілі. Ажал бізге біз ойлағаннан да жақын, ал Раббымыздың алдына бару — ақиқат. Сондықтан, қолымызда мүмкіндік барда, алдымызда тұрған мәңгілік өмір үшін ізгілік жинап үлгеруіміз қажет. Ораза айы — сол ізгілікке молынан кенелер ай1.
1«ар-Рақаиқул Әхкәм ъаля Әхәдисыйс Сыйям».