Оразаның ағзаға тигізер 10 пайдасы
Оразаның ағзаға тигізер 10 пайдасы
8 сағаттан соң 37 islam.kz/
Данат Зарип

Рамазан айында ауыз бекіту — тек рухтың азығы ғана емес, тәннің де шипасы. Ғылыми зерттеулердің көрсеткенідей, Рамазан оразасын ұстаған адамның ағзалары жаңару процесінен өтіп, бір жылға жетерлік қуат жинайды. Ораза денедегі улы заттарды (токсиндерді) айдап, қандағы қант мөлшерін реттейді және иммунитетті нығайтады. Бұл, сайып келгенде, ағзаның ерте қартаюының алдын алады. Төменде Рамазан оразасының денсаулыққа тигізер ең басты 10 пайдасын ұсынамыз:

1. Ағзаны улы заттардан (токсиндерден) тазартады

Ораза ұстаған адамның ас-судан тыйылуының нәтижесінде, оның ағзасында ішкі ресурсқа жүгіну процесі болады. Нәтижесінде жиналып қалған артық майлар еріп, сонымен бірге ағзада жылдар бойы жиналған улы заттар (токсиндер) сыртқа шығарылады.

2. Имунитеттің қауқарын арттырады

Рамазан талаптарын дұрыс сақтау арқылы ораза ұстау — иммунитетті көтереді. Бұл үшін ауыз ашар (ифтар) мен сәресіде (сухур) тағамның теңгерімін сақтап, құнарлы ас ішудің маңызы зор.

3. Қабыну процестерін бәсеңдетеді

Зерттеулерге сүйенсек, ораза кезіндегі уақытша аштық денедегі түрлі қабынулар мен аллергиялық реакциялардың (мәселен, артрит пен псориаз) азаюына, тіпті мүлдем жойылуына септігін тигізеді. Сондай-ақ, ораза ішек жолдарының асқынған дерттерін (жаралы колит т.б.) емдеуге де көмектеседі деген болжамдар бар.

4. Тері мен жанардың нұрлануына әсер етеді

Ағзадағы жаңару процестерінің арқасында тері тазартылып, көздің жанары нұрлана түседі. Оразадан соң көз ағының мөлдірленіп, ашық болатыны байқалған.

5. Инсулинге сезімталдықты арттырады

Ораза кезінде жасушалардың инсулинге сезімталдығы артады. Бұл — ағза үшін өте маңызды құбылыс. Осының арқасында ас ішкеннен кейінгі қандағы қант мөлшері жүйелі реттеліп, ұйқы безіне түсетін салмақ едәуір жеңілдейді.

6. Қан қысымының қалыпқа түсуіне септігін тигізеді

Егер адамның қан қысымы жоғары болса, ауыз бекіту оны көп жағдайда өз қалпына келтіреді. Ораза кезіндегі дұрыс тамақтану мен уақытша аштық жүрек-қан тамырлары жүйесін тынықтырып, қан қысымын төмендетеді.

7. Ас қорыту жүйесінің тынығуы

Ауыз ашар мен сәресіде шектен тыс тоя жемей, ораза әдебін сақтаған жағдайда, ас қорыту мүшелері тиісті деңгейде демалады. Бұл — жыл бойы тынымсыз жұмыс істеген асқазан-ішек жолдарының қайта қалпына келуіне берілген таптырмас «үзіліс».

8. Артық салмақтан арылуға көмектеседі

Ораза кезінде ағзадағы май қорының азаюы есебінен салмақ тастау процесі жылдамдайды. Дегенмен, ораза тек арықтаудың құралы емес екенін ескерген жөн. Нәтижелі болуы үшін майлы және тәтті тағамдарды азайтып, көкөніс пен жеміс-жидекке басымдық берген абзал.

9. Салауатты тамақтану дағдысын қалыптастырады

Тәжірибе көрсеткендей, ауыз бекіткен адамның зиянды, өңделген өнімдерге деген тәбеті тыйылып, табиғи тағамдар мен жеміс-жидектерге ықыласы ауады. Демек, Рамазан айы — ағзаны дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына үйретудің теңдессіз мүмкіндігі.

10. Жаман әдеттерден арылуға жәрдемдеседі

Рамазан оразасы — адамды тәуелділіктен құтқаратын ең ұлы тәрбие мектебі. Бұл айда темекі, алкоголь, тіпті есірткі мен артық кофеинге деген құмарлықты жеңу әлдеқайда жеңіл болады. Ағза тазарған сайын, сана да зиянды әдеттердің құрығынан босап, ерік-жігер нығая түседі.


islam ru

 

 

0 пікір