Оразаның адам рухына пайдасы
Оразаның адам рухына пайдасы
4 жыл бұрын 5236

Адам баласы – тән мен жаннан тұратын жаратылыс. Оның нәпсілік қалаулары тәндік табиғатының ерекшелігі, ал рухани әлемге қанат қағып самғататын, жаратылысының мәнін ұқтыратын ерекшелігі рухы болып табылады. Адам баласы хайуани сезімдерін тізгіндей алса, бойындағы періштелік қасиеттерінің күшейгенін сезіне алады. Аллаһ тағала адамды өзге болмыстардан жоғары дәрежеде жаратқан. Алайда оның бойында күллі болмыстан ең жоғарғы деңгейге көтеріле алатын қабілетпен қатар ең төменгі сатыға құлдырататын жаман қасиеттері де бар. Кейде періштелердің өзін шаң қаптырса, кейде шайтаннан да асып түседі. Құран адам бойындағы осы екі қасиетін:

ٍلَقَدْ خَلَقْنَا الِْنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ ثُمّ رَدَدْناهُ أَسْفَلَ السّافِلِينَ إِالّ الّذِينَآمَنُوا وَ عَمِلُوا الصّالِحَاتِ فَلَهُمْ أَجْرٌ غَيْرُ مَمْنُون

«Біз адам баласын ең көркем бейнеде жараттық. Сосын оны төменгілерден де төменге құлдыраттық. Тек қана иман келтіріп, ізгі амал жасағандардың жөні бөлек. Оларға түгесілмейтін сый бар», – арқылы тамаша түрде бейнелейді. («Тин» сүресі, 4-6-аяттар).

Адамның періштелерден айырмашылығы нәпсісінің болуында. Періштелер ішіп-жемейді, жұптаспайды, ешқашан Жаратқанға қарсы шықпайды. Олар әрдайым Аллаһ тағаланы ұлықтап, бұйрықтарын қалт жібермей орындайды. Адам баласы болса ішіп-жейді және кез келген сәтте кемшілікке бой алдырып, жаза басуы мүмкін. Әсіресе ораза ұстаған мұсылман таңның атысынан кештің батуына дейін ішіп-жеуден, нәпсілік қалауларынан, өсек-ғайбаттан тыйылу керек. Ол осы қасиетімен періштелерді де жолда қалдырып кетеді. Жаратқан иеміз мұндай құлдарын періштелерге мақтан етіп, оларға үлгі-өнеге етеді. ( әт-Тәрғиб, 2/99).

Формасы әр түрлі болса да бүкіл діндерде оразаға аса мән беріледі. Адам баласы кәмілдікке рухани жолмен ғана жете алады. Рухани жол ғибадат, құлшылық, ораза арқылы болмақ. Адамзаттың рухани өресін кеңейтіп, жол көрсету үшін жіберілген пайғамбарлар өздері ораза тұтып, басқаларды да осы жолға шақырған.

а) Ораза Жаратқанға қауышуды еске салады

Ораза – Жаратқан иенің нығметтерін сезінуді әрі Оған қауышуды жұмыр басты пенденің есіне салады. Ораза бұны мына екі жолмен түсінеді: «дүниелік ләззаттар пәни, ал ақиреттің ләззаттар мен нығметтер мәңгілік. Дүниедегі қиындықтар мен қайғы-мұңдар өткінші ал ақыретте жаннаттағы жүрек тыныштығы мен Аллаһтың разылығы мәңгілік». Мұсылман осылайша ойлап дүниенің ләззаттары ақыреттің ләззаттарымен теңеспейтінін, дүниедегі қиыншылықтары мен аш сусыз жүруі, Аллаһпен қауышқанда мұның барлығы мол сауапқа айналып, Аллаһтың дидарын көріп, оның разылығын алумен салыстырғанда түкке тұрғысыз екенін ораза тұтқанда сезінеді. Таңның атысынан кештің батысына дейін нәр татпай аш-сусыз жүрген адам уақытша қиналғанымен, ақиретте Жаратқанға қауышып, жаннаттың нығметтеріне бөленгенде, оның өткен барлық қиыншылықтары ұмытылады. Ол ардақты Елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

لِلصَائِمِ فَرْحَتَانِ، فَرْحَةٌ عِنْدَ فِطْرِهِ، وَ فَرْحَةٌ عِنْدَ لِقَاءِ رَبِّه

"Ораза ұстаушының екі қуанышты сәті бар: біреуі – ауыз ашар, екіншісі – Аллаһ тағалаға қауышқан сәті" - деген хадисін есіне алып, күні бойы нәпсісін тізгіндеп, Жаратқанға қауышу сәтін армандайды. (Сүнәну-кубра, Нәсаи, 2526).

Осындай асқақ сезім оны тура жолдан тайдырмай, күнә атаулыдан алшақ тұтады.

ә) Ораза нығметтердің қадірін ұқтырады

Аллаһ тағала жер бетін жайнаған дастарқан етіп жайып, жер бетіне жіберген халифасына ұсынған. Күніге көктен мың бір рызығын төгіп, бірі таусылса басқасын толассыз жіберуде. Қыс-жаз демей әр маусымның өзіне тән жемістерін сыйға тартып, біздің қажетсінетін дәрумендерімізді беруде. Жер мен көк тегіс адам баласының қызметіне берілген. Алайда ол көбіне «теңізде жүрген балық судың қадірін білмейдінің» кебін киіп, ғапылдыққа салынады. Міне, бір уақыт аш қалу арқылы ол осы сансыз нығметтердің қадірін ауызашар сәтінде тұла бойымен сезініп:

«Әлхамду лиллаһ», – дейді

б) Ораза күнәлардан сақтап, сабырлылыққа үйретеді

Күнә адам баласының пәк табиғатын кірлетіп, жүрегіне дақ түсіреді. Шайтанның құрығына бір рет ілініп қалған жан белді бекем буып, тәубеге келмесе, күнәға бойы үйреніп кетеді. Одан құтылу үшін болаттай берік ынта-жігер қажет.

Ораза адамды күнәдан сақтайды. Ол бейне бір қалқан секілді иесін қорғап, оның жаннатқа кіруіне көмектеседі. Пайғамбарымыз оразаның осы қасиетін нұсқап:

ٌيَا مَعْشَرَ الشّبَابِ، مَنِ اسْتَطَاعَ مِنْكُمُ الْبَاءَةَ فَلْيَتَزَوّجْ، فَإِنَهُ أَغَضّ لِلْبَصَرِ وَأَحْصَنُ لِلْفَرَجِ، وَ مَنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَعَلَيْهِ بِالصّوْمِ فَإِنّهُ لَهُ وَجَاء

«Уа, жастар жамағаты! Үйленуге шамасы келгендер үйленсін. Өйткені ол көзді (харамнан) қорғаушы, ұятты жерлерді күнәдан сақтаушы. Кімнің үйленуге шамасы жетпесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза – ол үшін қалқан», – деп мұсылмандарға насихат еткен. (Бұхари, Саум 10; Әбу Дәуіт, Никах 1).

Ораза адам бойындағы күнәға қарсы тұру қабілетін дамытады. Кісі аузы берік кезде әр түрлі жағымсыз құмарлықтарын тізгіндей алғаны секілді, күнәға қарсы бойында қалыптасқан дағды бойынша ораза емес кезде де сабырлық таныта алады. Өйткені оразаның мәні тек қана аш жүру емес, көз, құлақ, жүрек, тіпті ой-қиялдарының өзін жамандықтардан тыю. Осындай дәрежеде ораза ұстаған жан әрдайым тура жолда болмақ.

Адамның руханиятын қадағалап, дұрыс бағытқа қоюда оразаның рөлі өте зор. Ұдайы тоқ жүрген асқазан адамның бүкіл ағзаларының энергиясын жоғары деңгейге жеткізеді. Бұл өз кезегінде нәпсілік сезімдерді қоздырып, рухани нәрселерге енжарлық таныттырады.

Қарны тоқ, киімі көк адам тоқмейілсіп, аузына келгенін айта беруі мүмкін. Ал оның нәтижесі жақсы болмасы белгілі. Осы зияндардың алдын алуда ораза таптырмас шара. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): ُ

ٌ إِذَا كَانَ يَوْمصَوْمِ أَحَدِكُمْ فَالَ يَرْفُثْ وَالَ يَصْخَبْ فَإِنْ سَابّهُ أَحَدٌ أَوْ قَاتَلَهُ فَلْيَقُلْ إِنّي صَائِم

«Араларыңда ораза ұстағандарың басқаларға жаман сөз айтпасын, дауыс көтермесін. Егер басқа біреу оған тіл ұзатып, ерегіссе, «Аузым берік» - десін»; (Бұхари, Саум 9; Нәсәи, Сиям 42).

مَنْ لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزّورِ وَ الْعَمَلَ بِهِ فَلَيْسَ للِِّ حَاجَةٌ في أَنْ يَدَعَ طَعَامَهُ وَشَرَابَهُ

«Кімде-кім аузы берік кезінде өтірік айтып, жаман нәрселерден бас тартпаса, біліп қойсын, Аллаһ тағала оның тек қана ішіп-жеуін доғаруына мұқтаж емес», – дейді. (Бұхари, Саум 8).

Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов,
«Ораза – теңдесіз құлшылық».

0 пікір