Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі ﷺ былай дейді:
«Аузы берік адамның екі қуанышы бар: бірі — ауыз ашқан сәттегі қуанышы, екіншісі — Раббысымен қауышқан сәттегі қуанышы. Ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс Алланың алдында миск (әтір) иісінен де жұпар» (Бұхари, Мүслім).
Хадистің жалпыла мағынасы мен мәні:
1. Екі дүние қуанышы.
Хадис шәріп ораза ұстаған жанның екі үлкен сыйға ие болатынын сүйіншілейді:
-
Дүниедегі қуаныш: Күні бойы нәпсісін тыйып, құлшылығын аман-есен тәмамдаған мүмін ауыз ашар сәтте рухани жеңілдік пен ерекше шаттық сезінеді. Бұл — Алланың бұйрығын орындағаннан туған ішкі ризашылық.
-
Ақыреттегі қуаныш: Мүмін үшін ең ұлы марапат — қияметте Раббысымен қауышу. Сол күні оразасы үшін берілетін есепсіз сауапты көргенде, оның қуанышы еселене түспек.
2. Алланың құзырындағы жұпар иіс.
Аш жүрудің әсерінен асқазаннан шығатын, адамдарға жағымсыз көрінуі мүмкін иіс — Алла Тағала үшін ең асыл жұпардан да артық. Себебі бұл иіс — тек Алланың ризашылығы үшін шыдаған сабырдың нышаны, шынайы құлшылықтың ізі.
3. «Райян» қақпасы — оразашылардың мәртебесі Пайғамбарымыз ﷺ жәннатта сегіз қақпа бар екенін, оның бірі «Райян» деп аталатынын айтқан.
-
Бұл қақпадан тек ораза ұстағандар ғана кіреді. Олар кіріп болған соң, қақпа жабылады.
-
Бұл — Алланың өз құлдарына деген ерекше құрметі. Дүниеде Алла үшін шөлге шыдағандардың шөлін Раббымыз сол жерде мәңгілікке қандырады.
Хадистен алынар ғибрат:
- Нағыз ораза — нәпсіні тізгіндеу: Шынайы ораза тек ішіп-жеуден тыйылу емес, жан дүниені жаман әдеттерден арылту. Ораза адамды затқа құлдық ұрудан құтқарып, өз инстинктілерін басқара алатын рухани тұлға етіп тәрбиелейді.
- Сыртқы көрініске емес, мазмұнға мән беру: Адамдар ұнатпаған «ауыз иісінің» Алла алдында жұпарға айналуы — құлшылықтың ішкі мәні қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Өсиет
Уа, Алланың құлдары! Бұл ай — ұйқыдан оянатын, сергек болатын шақ. Бұл — рухани азық жинайтын мезгіл. Осы айға жетемін деп үміт етіп, бірақ ажал айдап жете алмай қалғандар қаншама?! Талай жан биылғы оразасын асыға күтті, бірақ ажал соқпағы олардың үмітін үзіп, мәңгілік сапарға алып кетті.
Сондықтан, қолымыздағы мүмкіндікті ғанибет білейік. Алла Тағала Құранда айтқандай: «Әрбір үмбеттің (белгіленген) ажалы бар. Олардың ажалы келгенде, оны бір сәтке де кейінге қалдыра алмайды, әрі ілгерілете де алмайды» (Ағраф сүресі, 34-аят).
"ар-Рақаиқуль Әхкәм аля Ахәдисис Сыйям".