Төменде неміс жұртының әлемге әйгілі «Р.М.» журналында жарияланып, батыстықтарды ойландырған «Оразаның пайдасы» атты зерттеу мақаланы оқисыздар. Неміс зерттеушілері осы еңбектен кейін оразаны екі-ақ сөзбен «Пышақсыз операция» деп атаған екен.
Зерттеуші Жозеф Чепач ораза туралы мақала жазу үшін 1 айдан астам уақыт ораза ұстап көрген. Оның пікірінше, ораза Ислам мемлекеттерінен тысқары елдерде де өте тез тарауда. Бұл тақырыпты көптеген ғалымдар зерттеу үстінде, әрі аурулардың алдын алу үшін науқастарға ораза ұстау керектігін айтатын дәрігерлердің саны да күн өткен сайын көбейе түсуде.
Жозеф Чепач мынандай деректер келдіреді: Қазір Германияның 29-клиникасында науқастарға ораза арқылы ем жасалады екен. Ораза көптеген аурулардың алдын алумен қатар артық салмақтың да болмауына көмектеседі. Оразаны зерттеуші ретінде танылған доктор Гельмут Лацнердің айтуынша, ораза – денедегі көп жылдар бойы сақталып қалған улы, артық лас нәрселерден арылтудың ең табиғи жолы екен. Жозеф Чепач бұл мақаланы жазбай тұрып алғашында 10 күн, кейіннен 25 күн бойы ораза ұстаған. Зерттеу нәтижесінде мыналарға анық көз жеткізген:
1) Ораза ұстаған кісі өзін аш сезінбейді.
2) Ораза дене мен ойдың сезімталдығын арттыра түседі.
3) Ораза адамның дене бітімін бір қалыпта сақтайды.
4) Ораза ұстау барысында артық салмақтан арылуды ғана көздемей, оның рухани, ішкі әсерін де білгім келді. Өйткені, тамақтанудың адамның дене мен рухына да қатар әсер ететінін білгендіктен, одан қорғанған кезде ой мен рухтың тазаратындығына сене түстім.
Ораза тек қана адамға емес, бүкіл жан-жануарларға да тән. Апталар бойы, немесе айлар бойы аш жүру - әрбір аңда болып тұратын құбылыс. Дәл қазіргі таңда көптеген дамыған мемлекеттер аса тоқшылықта өмір сүруде. Осы тоқшылыққа әбден үйреніп алғандықтан, аз ғана күн ашығуға аса қиналады. Бұл мемлекеттерде шамадан тыс көп тамақтанудың салдарынан ауру түрлері күн өткен сайын молаюда.
«Діни мерекелердің рухани дәмін сезіну үшін ораза ұстап дайындалу керек» деген психолог Журген Вом Шейд тағы бір сөзінде: «Ораза ұстамаған адам оразадағы жасырын, сырлы қасиеттерді біле алмайды. Яғни адам дүниеге салынған сайын, руханияттың дәмін де сезбейді» дейді.
Оразаның тағы бір түрі – аңдардың ұстайтын оразалары. Сырқаттанған не қатты жараланған аңдар ішіп-жеуді сап тыяды. Денеге қауіп төнгенде, ол ас қорытумен айналысқысы келмейді. Өйткені, дененің жинаған энергиясының үштен бірі тамаққа жұмсалады. Сондықтан да энергияны өз бойынан алып, бар күшін ауруға қарсы бағыттайды.
Оразаның ұмытылған ерекшеліктерін батыстықтарға қайта ескертуде айтарлықтай үлкен үлесі бар доктор Отто Бачингер (Otto Buchinger 1882-1970) «Шипалы ораза» атты кітабында қатты бір ауруға шалдыққанда өзінің ораза ұстағандығын жазған.
Буын ревмантизміне ұрынған Бачингер ауруы артқан сайын бұлшық еттерінің суалғанын, бауыры ісіп, өтінің қайта-қайта асқынғанын көргенде ораза ұстай бастаған. Бачингер ең озық неміс маманы Густав Риедлдың бақылауымен ораза ұстап, ауруынан құлан-таза айыққан. Доктор Бачингер он мыңдаған ауруға жүргізген зерттеуін былай қорытындылайды: «Температураны түсіруден бастап ораза мың да бір ауруға ем. Ораза – пышақты қажет етпейтін операция».
Психолог Журген Вом Шейд бұл жайлы былай дейді: «Өзін әр нәрсеге әбден тәуелді қылып тастағандар үшін ораза аса маңызды. Ораза кезінде олар өздерін еркін сезінеді. Сонымен қатар, ораза арқылы небір ауруларды, нашақорлар мен араққа салынғандарды да психотерапевт жолымен емдеуге болады». Сонымен, Жозеф Чепач ораза барысында ой мен рухта мыналарға көз жеткізген:
1) Ораза барысында бар зейінімді толықтай бір нүктеге жинақтай алдым.
2) Денеммен мен қоса ойлау, сезіну қабілетім арта түсті.
3) Күнделікті бойкүйездіктен арылдым. Тырысқақтығымның азайғанына куә болдым.
4) Велосипедке міну, жаяу жүру секілді жеңіл спорт түрлерінде денемде жеңілдік сезіндім.
Ораза зерттеушісі доктор Лацнер бұрынғы 10 мың метрге жүгірушілерден 54 жастағы бір спортсменнің ең жоғарғы дәрежеге 49-ыншы ораза күнінде қол жеткізгендігін айтқан.
Оразаны зерттеушілерден Хельга Бахлер ханым «аштық жариялау» мен «оразаның» арасындағы айырмашылықты былай атап көрсеткен: «Екеуінің арасындағы бір ғана ерекшелік – ол адамның ниетінде. Ораза – өз қалауыңмен болатын іс. Ал, аштық жариялау болса, бір нәрсеге көңіл толмаушылықтан, қатты ашуланудан барып туындайды. Ашулану мен ерегес салдарынан асқазан оксид бөледі, ал, бұл оксид болса қарынды қатты аштырады. Ораза ұстаған кісі аштықтықты сезінбейді де, аштық жариялағанның қарны тез ашады».
Доктор Гельмут Лацнер «Оразаның арқасында жаңа туғандаймын» деген кітабында: «Ораза ұстаушының ашығу кездері – оның емделу сеанстарына ұқсайды, дейді. Бұл кездер – зиянды нәрселердің бірте-бірте денеден ажыратыла бастаған сәттері. Ораза кезінде кейбіреулерде кездесетін ауыз бен тер иістері осы зиянды нәрселердің денеден сыртқа шығуы». Доктор Гельмут Лацнер сөзін былайша жалғастырады: Мынандай пайдаларын білгеннен кейін ораза ұстаудың қасиетін ұғына түсеріңіз анық:
- Руханияттың өсуі.
- Жан мен денеге деген байланысыңыздың арта түсуі.
- Еске түсіру қабілетіңіздің жоғарылауы.
- Өзіңізге деген сенімнің күшеюі...