Адамдағы шайтани әрі нәпсіқұмарлық сезімнің оянып қозуы жыныстық гормондардың әсер күші мен олардың мөлшеріне байланысты. Ол болса, гормондардың жыныстық мүшесіне ықпалына тікелей қатысты. Бұл қандағы жыныстық гормондардың деңгейінің артуының нәтижесі. Қандағы бұндай арту көрсеткіші көп тамақ жеуге деген әуестікті көрсетеді. Ораза болса әлгі түрдегі гормондардың қандағы мөлшерін азайтады. Ораза ұстаған күндері байқалатын нәпсінің тыныш табуы қандағы гормонның азаюынан. Нәпсіқұмарлық, шәһуаттық сезімдер басылған тұста адамның ақыл-парасатын асқақтататын адамгершілік сезімдері ояна бастайды.
Оразаның құмарлық сезімді басатынын меңзеген Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай бұйырған болатын:
«Үйленуге шамасы келетін жастар дереу үйленсін. Үйлене алмайтындар ораза ұстасын. Өйткені ораза − (нәпсіні) қорғаушы қалқан».
Иә, жастықтың ең бір албырт шағында ойнап жүріп от баспай, нәпсіқұмарлық сезімдері арнасынан асып-тасып тұрған кезінде шайтани сезімнің шырмауына түспей, ар-ұят, әдеп-ибаны сақтауда Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан осы бір кеңестің қаншалықты бағалы екенін бүгінгі ғылыми шындықтар да жарыса мақұлдауда.
Нәпсі еркіндікті көксейді
Нәпсі ылғи да «әй дейтін әжесіз, қой дейтін қожасыз» еркін болуды аңсайды. Ол түгілі: «Мен сендердің ұлы раббыларыңмын» (Назият, 24) - деп шектен шыққан Перғауын секілді өздігінше құдайылық пәрменділікті, қалауынша жүріс-тұрысты табиғи түрде қажет етеді. Есепсіз келіп жатқан нығмет-несібелерге ой жіберуден қашқақтайды. Оған қоса бұл дүниеде уысына байлық тиген болса тіптен тайраңдап аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей есіреді. Құдайдың берген несібесіне ойланбастан қол салып, опырған күйі тамақтан тоғытуды ғана біледі. Сөйтіп барып: «(Алланың нығметін) мал тәрізді жейді» (Мұхаммед сүресі, 12) мағынасын білдіретін аяттың шапалағын сұрап алады. Ал Рамазан айында бай болсын, кедей болсын бәрі де өздерінің ештеңеге мәңгілік иелік ете алмайтын пенде, құл екендіктерін терең сезінеді. «Құдайсыз қурай да сынбайды» демекші, жоғарыдан жарлық келмейінше қарапайым нәрсені істеуге де шамасы келмейтіндігін іштей бағамдап, санасымен зерделеп, қиялы құдіреттілігінен біржолата арылып құл болушылыққа бір табан жақындай түседі, шынайы міндеті болып табылатын шүкіршілігін жасайды.