Оқжетпес – жәй тау ма, әлде ежелгі пирамида ма?
Оқжетпес – жәй тау ма, әлде ежелгі пирамида ма?
4 ай бұрын 3027 islam.kz/
Абдусамат Қасым, ойтолғау

Қазақстанның жүрегінде, Көкшетаудың баурайында орналасқан Бурабай – табиғаты ерекше, сыры терең өлке. Мұнда келген әрбір жан әсем көлге көз тігіп, жасыл орманның тамаша ауасын жұтып, бейнебір ерте заманға тап болғандай күй кешеді. Ал осы өлкенің ең басты киелі нышандарының бірі – Оқжетпес тауы. Оқжетпес тауы - тау ма, пирамида ма?


Фото: burabaypark.qr

Көпшілікке Оқжетпес жайлы аңыздар жақсы таныс. Әр нұсқада түрліше баяндалатын хикаялардың түйіні біреу – бұл тау ерлік пен махаббаттың, адалдық пен арманның куәсі ретінде сипатталады. Бірақ жақында Бурабайға сапар шегіп барғанымда, мұндай әсем көріністі тамашалап отырып, оқжетпес тауының жиегіндегі алып плитка тастары мені: мүмкін Оқжетпес – жай ғана тау емес, ежелгі дәуірлерден қалған пирамида шығар? - деген пікірге жетеледі.


Фото: borovoe.kz

Тау бейнесіндегі құпия құрылыс

Қайықпен Оқжетпестің айналасын аралаған әрбір жолаушы оның ерекше құрылымына көз жеткізе алады. Бір қарағанда табиғи жартас секілді көрінгенімен, екінші қырынан қарағанда тастардың қалап-орналасуы әдейі жасалғандай әсер қалдырады. Әсіресе алыстан көз салғанда оның пирамидаға ұқсас сұлбасы айқын байқалады.


Фото: borovoe.kz

Бір қызығы, тек Оқжетпес қана емес, маңындағы Жұмбақ тас та маған бір қызық көрінді. Оның бір қырынан қарағанда ол Египет пирамидаларының алдында жатқан әйгілі Сфинкс мүсінін еске түсіреді. Кездейсоқ сәйкестік пе, әлде бұл да адам қолынан шыққан ежелгі туынды ма? - деген ой мазаламай қоймады.

Ғылыми зерттеу неге жоқ?

Қызығы сол – Оқжетпес пен Жұмбақ тас жайлы деректердің көбі аңызға сүйенеді екен. Интернеттен іздеп қарағанымда, ресми ғылыми еңбектерді көзім шалмады. Бұл да ойға қалдырады: неге ғалымдар бұл тақырыпты зерттемеген? Әр тасы қалағандай көрініп тұрған осындай құбылыстың тегіннен-тегін қалыптасқанына сену қиын ғой? Неге бұл да ертеде адам қолынан жасалған пирамида болуы мүмкін шығар деген ой ешбір зерттеуші ғалымды мазаламаған?

Мүмкін, ежелгі өркениеттер өз ізі мен сырын Бурабайдың дәл жүрегінде қалдырған шығар? Мүмкін, біздің елдің де пирамидалары бар, бірақ ол жай ғана «таулар» деген атаумен қалып қойған болар?


Аңыз ба, ақиқат па?

Қазақ халқы әрқашан ерекше орындарды аңызға орап жеткізген. Оқжетпестің де махаббат пен ерлікке байланысты әңгімелерге айналуы заңды. Бірақ сол аңыздардың тасасында шынайы тарихи құпия жасырынып қалмағанына кім кепіл?  

Бәлкім, Оқжетпестің тік қаланған тастары мен Жұмбақ тастың ерекше бейнесі жай табиғаттың ойыны емес, бабаларымыздың бізге қалдырған үнсіз мұрасы шығар? Осы тәрізді сауалдар, шаңырағыма оралғанға шейін мына пақыр пенденің ойынан кетпей қойды. Ақыры қалам тербеп, осы бір ойымды қалың оқырманмен бөліскенді жөн санадым. "Жындының айтқаны келмейді, сандырағы келеді" демекші, кім біледі мына бір пақырдың осы сандырағы расында да тарихи факт болып шықпасына кім кепіл?!


Фото: e-history.kz

Қорытынды

Оқжетпес – біздің халқымыз үшін қасиетті тау. Бірақ ол тек қана аңыздың кейіпкері емес, бәлкім, ежелгі өркениеттің куәсі де болуы әбден мүмкін. Бұл ойды терең зерттеп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеу – болашақтың еншісінде деген ойдамын.

«Оқжетпес – жай тау ма, әлде ежелгі пирамида ма?» – бұл сұрақ ұшбу ерекше мекенге барған сайын көкейімде туындайтын болады...

 
Фото: tilalemi.kz

0 пікір