Өлі теңіз немесе Лұт (ғалейһиссәләм) теңізінің құпиясы
Өлі теңіз немесе Лұт (ғалейһиссәләм) теңізінің құпиясы
6 жыл бұрын 18247
Оңғар ӨМІРБЕК

Бұған дейін Өлі теңіз туралы әл-Ақса мешітіне зиярат етіп келгендердің: «Теңізге түстік, суына батпайсың», - дегенінен өзге мағлұматым жоқ еді. «Неге Өлі теңіз деп аталған, оған түскен адамның суға батпауының себебі неде?» - деген сауалдарды да ең болмаса қызық үшін қоймаппыз. Білгіміз келмегендіктен де шығар.

Өлі теңізге сапар

Зиярат сапары бағдарламасының төрт сағаты Өлі теңізге арналыпты. Бардық. Өлі теңіз Палестинаның Иорданиямен шектесетін түстігінде екен. Ойпаңдағы қазан шұңқырды алып жатқан бұл көгілдір теңізді көл деу керек секілді. Өйткені, ешқандай теңіз, не мұхитпен жалғаспайды. Бергі Израиль жақ беті айнала биік жоталы жар, ал қарама-қарсы Иордания жағы созылып жатқан біртұтас жалаңаш тау. Оның етегіндегі елді мекеннің азын-аулақ үйлері жай көзге ап-анық көрінеді. Екі ара шамамен 1,5-2 шақырым ғана.

Ойпаңға тас басқыштармен түстік. Жағажайда да, суға түскен ер мен әйел де аралас, ығы-жығы. Бізге алдын-ала топ жетекшісі Амангелді Еренғайыпұлы:

– Суды шашып, шалпылдатуға да, оған сүңгуге де болмайды. Өйткені, тұзды. Жұтып қоймаңыздар, көзге бір тамшысы тисе удай ашытады. Қиындық туғызуы мүмкін. Бір-біріңізді бақылап, көзден таса етпеңіздер, жеке қалдырмаңыздар, - деп ескертті.

Өлі теңіз деп аталуына суға түскен соң көзіміз жетті. Не өсімдік, тіпті су балдыры да, балық тұрмақ жәндік те жоқ. Удай ащы тұзды судан не тіршілік күтесіз? Әйтсе де, мына жұрттың бәрі тұзды су денедегі суық пен жел-құзға ем бола ма деген үмітпен жүр. Соның бірі біз. Дененің суға батуы қиын екен. Өзіңді жер үрлеген шар секілді жеңіл сезінесің. Барынша абайлап сақтанбасаң, аяғыңның көктен келуі оп-оңай. Біздің алдымызда ғана бір әйел құлап, су жұтып ауруханаға жеткенше көз жұмған көрінеді. Сондықтан қасымдағы Әбілхан ақсақал екеуіміз суға түсе берістегі қылдырықтай темір тіреуіштен қос қолдап ұстап, оны бір жарым сағат бойы шыр айналумен болдық.

Өлі теңізді жергілікті жұрт Лұт теңізі деп атайды екен. Ал, оны әйгілі Лұт қауымымен байланыстырады. Неге? Оның қашан, қалай пайда болуы әлі көпке құпиясы белгісіз әрі ғибрат аларлық хикая екен. Енді сол хикаяға ден қоялық.

Лұт қауымының оқиғасы Ибраһим (а.с.) пайғамбардың тұсында болған. Ибраһим (а.с.) Лұттың (а.с.) кіші атасы екен. Лұт ибн Һаран ибн Тарих. Ал, Тарих Ибраһимның (а.с.) әкесі. Алла Тағала Лұт (а.с.) хақында қасиетті Құранның он төрт сүресінің жиырма төрт жерінде баяндаған. Әкесі оның бала кезінде-ақ ерте дүние салған Лұт (а.с.) Ибраһиммен (а.с.) бір отбасында атасы Тарихтың қолында өсіп, тәрбиеленеді. Ол Ибраһимды (а.с.) өте жақсы көреді. Алаулаған отқа тасталған Ибраһим (а.с.) одан аман-сау шыққан мұғжизаны адамдар өз көздерімен көре тұра оған иман келтірмегенде, тек жалғыз Лұт (а.с.) ғана кіші атасының соңынан ереді. Бұл туралы Алла Тағала: «Сонда Лұт оған иман келтірді», - деген («Әнкабут» сүресі, 26-аят). Өз қауымынан оқшауланып, жападан жалғыз қалған Ибраһиммен (а.с.) жат жерге қоныс аударған Лұт (а.с.): «Шын мәнінде, мен Раббыма бойсұнамын. Күдіксіз, Ол аса Үстем, хикмет Иесі», - деді» («Әнкабут» сүресі, 26-аят).

Садум еліне Лұттың (а.с.дағуаты

Ибраһим (а.с.) Мысырдан Палестинаға келісімен (немере інісі) Лұтты (а.с.) Мутафикаға (Садумға) дағуат жасауға жібереді. Садум – үлкен сауда орталығы әрі керуен сарайы да еді. Кей деректерде «Онда жеті қала болған», - деседі. Олардың тұрғындары арасында бірде бір мүмін болмаған, бәрі де дінсіз екен. Алла Тағала Садум қауымын жоюға жіберілген елшілердің аузымен: «Ол жерден мүміндерді шығардық (құтқардық). Дегенмен ол жерден мұсылмандардан бір үйден басқасын таппадық», - деген («Зәрият» сүресі, 35-36-аяттар).

Тек Лұттың (а.с.) отбасы ғана мұсылман, да ал қалғандарының бәрі кәпір әрі өте пасық, барынша азғындықтың шегіне жеткен ел болатын. Онда бұған дейін әлемде ешкім жасап көрмеген аса жиіркенішті әрекет жаппай етек жаяды. Алла Тағала Құранда мұны: «Лұт сол уақытта еліне: «Сендерден бұрын әлемде ешкім де жасамаған бір арсыздықты істейсіңдер ме? Сендер әйелдерді қойып еркектерге асыласыңдар ма? Әрине, сендер азғын елсіңдер», - деді», - деп баян еткен («Ағраф» сүресі, 80-81-аяттар).

Алла Тағала: «(Елшілер): «Расында, біз бір қылмысты елге жіберілдік. Тек Лұтты және (оған ілескендерді) ғана түгел құтқарамыз», - деді» («Хижр» сүресі, 58-59-аяттар). Бұл елге Лұт (а.с.) пайғамбар: «Дүниеде (әйелдер бола тұрып) еркектерге шабасыңдар ма? Раббыларың сендер үшін жаратқан әйелдерді (қажет етпей) тастайсыңдар ма? Сендер шектен шыққан елсіңдер», - деді («Шұғара» сүресі, 165-166-аяттар).

Олар әйелдермен емес, тек еркектермен өзара жыныстық қатынасқа түсуді қалады әрі солай етті де! Алла Тағала бұл аса жиіркенішті арсыздықты көптеген аяттарында айыптаған: «Лұт сол уақытта еліне: «Сендер көре тұра арсыздық істейсіңдер ме? Сендер әйелдерді қойып еркектерге жақындасасыңдар ма? Әрине, сендер надан елсіңдер», - деді» («Нәміл» сүресі, 54-55-аяттар). Бұлар мұнысын ашықтан-ашық жасап, бір-бірінің дәл осындай арсыз іс-қылығын көруден ұялып, қымсынбады. Бұларды азғындықтары айуаннан да төмен деңгейге түсірген болатын. Құранда ешбір қауым дәл осылардай жиіркенішті көріністе сипатталмаған: кәпірлер, қылмыскерлер, Алла Тағала мен оның пайғамбарына қарсы бұзықтықта шектен шыққан надандар, бәрі-бәрі осылардан табылды.

«Лұт сол уақытта еліне: «Рас өздеріңнен бұрын әлемде ешкім істемеген арсыздықты істедіңдер. Сонда сендер еркектерге жақындасып, жол кесіп (қарақшылық жасап) және мәжілістеріңде теріс қылықтар істейсіңдер ме?» - деді» («Әнкабут» сүресі, 28-29-аяттар). Бұлардың өздері бас қосқан мәжіліс-жиындарында жиіркенішті, ұяттан жұрдай іс-қылық жасайтыны соншалық, тіпті, бәрінің көзінше бір-бірлерінің дауыстап жел шығарғанына мәз болып, күлісетін. Ал, Алла Тағала адам баласына мұның өте арсыз іс-қылық екенін әлденеше рет Құранда ескертті. Ал, Лұт (а.с.) болса бұларды үздіксіз имандылыққа шақырып, адамгершілік жоғары қасиеттерді уағыздаумен болды. «Лұт елі жіберілген (пайғамбарды) жалғанға шығарды. Сол уақытта (бұларға) туысы Лұт: «Қорықпайсыңдар ма? Мен сендерге сенімді бір елшімін. Енді Алладан қорқыңдар да маған бойсұныңдар. Бұл үшін өздеріңнен ақы сұрамаймын. Менің еңбегім әлемдердің Раббысы үшін», - деді» («Шұғара» сүресі, 160-164-аяттар).

Садум елінің Лұтқа (а.с.) жауабы

«Сонда елінің жауабы: «Егер шыншылдардан болсаң, қане, бізге Алланың азабын келтірші», - деуден аспады» («Әнкабут» сүресі, 29-аят). Нұх қауымының, Ад және Самуд елдерінің пайғамбардың (а.с.) қаншама шақыруына (дағуатына) қайтарған нақты жауабы осы болды. Алла Тағала: «Расында, (Лұт) бұларды (біржолата) қолға алуымызды ескертті. Десе де, бұлар ескертуге күмәнмен қарады», - дейді («Қамар» сүресі, 36-аят). Тағы бір аятта: «Сонда елінің жауабы: «Оларды (Лұттың (а.с.) отбасын) елден шығарыңдар. Өйткені, олар пәксінген адамдар» деу ғана болды», - деген («Ағраф» сүресі, 82-аят).

Елінің таққан кінәсінің түріне қараңыз! «Олар пәксінген адамдар». Бұлар елдің бәрі өздері секілді бұзақы, пасық әрі кәпір болуын қалады. Шынтуайтында, Лұт (а.с.) пен оның екі қызынан өзгенің бәрі де қылмыскер әрі нағыз бұзақы болатын. Осылайша бәрі жабылып Лұтты (а.с.) елдерінен қууды ұйғарды. «(Олар): «Ей, Лұт! Егер (уағыз айтудан) тыйылмасаң, әлбетте, (елден) шығарыласың», - десті» («Шұғара» сүресі, 167-аят). Лұт: «Расында, мен сендердің (арсыз) қылықтарыңнан жиіркенемін», - деді («Шұғара» сүресі, 168-аят).

Садум еліне келген азап

Өзінің қаншама дағуатына құлақ аспаған қауымының иманға келуінен үмітін үзген Лұт (а.с.) амалсыздан бұларға қарсы дұға жасап: «Раббым, мені және отбасымды бұлардың іс-қылықтарынан құтқар», - деді» («Шұғара» сүресі, 169-аят). Бұл елде Лұтқа (а.с.) жаны ашып көмектесетін де, қол ұшын созатын да ешкім табылмады. Ал, бұл елдің мүлдем шектен шыққаны күмәнсіз еді. Сондықтан да, оның өз үйінен аттап сыртқа шығуы мұңға айналды. Сонда Алла Тағала Лұттың (а.с.) дұғасын қабыл етіп, үш бірдей ұлық періштелер Жәбірейіл (а.с.), Микаил (а.с.) және Исрафилді (а.с.) жібереді. Үш періште алдымен Ибраһимге (а.с.) Исхақ деген ұлды болатынын сүйіншілеп келеді. Сол кезде Ибраһим (а.с.) періштелерге: «Ей, елшілер! Бұйымтайларың не?» - деді. Олар: «Шынында, біз қылмысты бір елге үстінен (балшықтан) тас жаудыру үшін жіберілдік. Раббың тарапынан шектен шығушылар үшін (осы) белгіленген (жаза)», - деді» («Зәрият» сүресі, 31-34-аяттар).

Тағы бір аятта: «Елшілеріміз Ибраһимге сүйіншімен келген сәтте: «Біз мына ауылдың адамдарын жоямыз. Өйткені, оныңтұрғындары залымдар», - деді», («Әнкабут» сүресі, 31-аят) деп баяндалған. Сонда Ибраһим (а.с.) біршама ойланып: «Сендер үш жүз мүміні бар ауылды жоясыңдар ма?» - деп сұрады. Олар: «Жоқ», - деп жауап берді. Ол (а.с.): «Егер онда екі жүз болса ше?» - деді. Олар: «Жоқ», - деді. Ол (а.с.): «Егер онда қырық мүмін болса ше?» - деп сұрады. Олар: «Біз оны жоймаймыз», - деді. Ол (а.с.): «Егер онда он төрт мүмін болса ше?» Олар: «Он төрт болса, онда жоймаймыз». Ол (а.с.): «Егер онда біреу болса ше?» - деп тағы сұрады. Олар: «Тіпті, біреу болса да оны жоймаймыз», - деді. Сонда ол (а.с.): «Онда Лұт бар», - деді. (Олар): «Ол жерде кімнің бар екенін (біз) жақсырақ білеміз; (азапта) қалушылардан болатын әйелінен басқа оның өзін және үй-ішін, әлбетте, құтқарамыз», - деді» («Әнкабут» сүресі, 32-аят).

Ибраһимның (а.с.) періштелермен Лұттың қауымы туралы сөйлескенін Алла Тағала тағы бір аятта: «Ибраһимнің (бойынан) қорқынышы кетіп, қуанған кезінде, Бізбен (елшілерімізбен) Лұт елі жайында пікір алысты. Шынында, Ибраһим өте жұмсақ, аса сақ әрі тәубешіл», - дейді («Һұд» сүресі, 74-75-аяттар). Ибраһим (а.с.) Лұт елінің соншалықты жасаған зұлымдықтары мен шектен шыққан арсыздықтарына қарамастан бұларға тағы бір мұрсат берілуін қалады. Сол уақытта (періштелер): «Ей, Ибраһим! Бұлардан бетіңді бұр! Өйткені, (бұл) Раббыңның әмірі. Расында, оларға қайтарылмайтын азап келеді», - деген («Һұд» сүресі, 76-аят).

Періштелер Садум еліне көрікті жас жігіттер бейнесінде келді. Бұл сол елдің тұрғындарына қияметте сұралғанында ешбір сылтау-желеуі қалмауы үшін соңғы сынақ еді. Алла Тағала періштелерге: «Пайғамбарларының оларға қарсы куәлік беруін күтіңдер», - деп тапсырды. Яғни, Лұт еліне қарсы кесімді үкім шығарылмайынша жоймауларын ескертті.

Сонымен періштелер жігіт кейпінде ауылға келіп кіреді. Ауыл сыртынан су әкеле жатқан Лұттың қызы көрікті жас жігіттерді көріп, «жергілікті тұрғындар бұларға тиісе ме?» - деген қауіппен, оларға: «Аялдай тұрыңыздар», - деп өтінді де асығып әкесіне жетеді. Қызы Лұтқа: «Бір жас жігіттер келді. Мен оларға зияндық жасала ма деп қорқып тұрмын», - деді. Сонда Лұт (а.с.) тездетіп барып, олардан: «Сендерге не керек?» - деп сұрады. Олар: «Қонақпыз», - деді. Лұт (а.с.) бұларды кайтарып жібергісі келіп тұрды да мұның себебін айтуға ұялды. Сөйтіп оларға: «Жүріңдер», - деді. Лұт (а.с.) жолда бұларға жағдайды түсіндіргісі келіп: «Алламен ант етем, ей, жігіттер! Мен бүкіл жер жүзінде бұлардан өткен бұзылған елді көрмедім», - деді. Жол бойы Лұт (а.с.) бұл айтқанын әлденеше рет қайталаумен болды. Ал, періштелер оның еліне деген кесімді үкім беруін күткен еді. Бұлар үйге кірісімен Лұт (а.с.) қонақтарын жасырып қойды. Ал, Лұттың (а.с.) ниеті бұзық кәпір әйелі: «Лұттың үйінде өмірімде көрмеген көрікті кісілерді көрдім», - деп бүкіл жұртқа жар салды.

Осылайша бұл хабар ауылдың арсыз тұрғындары арасына тез тарасымен, бұзақылар енді сәл кешіксе аса қымбат бірдеңеден құр қалатындай Лұттың (а.с.) үйіне асығып-үсігіп жетеді. Алла Тағала: «Қауымы оған асығып келді. Олар бұрыннан да жаман істер істейтін», - деген («Һұд» сүресі, 78-аят). Тағы бір аятта: «Қаланың халқы қуанысып жетті», - делінген («Хижр» сүресі 67-аят). Осы екі аяттан-ақ бұзақылардың арсыздығының қаншалықты дәрежеге жеткенін шамалай беріңіз.

Лұт (а.с.) үйінің ішінен сырттағы бұзақы қауымға: «Ей, халқым! Мына менің қыздарым, олар сендер үшін таза. Енді Алладан қорқыңдар! Қонақтарымның алдында мені қорламаңдар. Іштеріңде бірде-бір есті кісі жоқ па?» - деді» («Һұд» сүресі, 78-аят). Лұт (а.с.) «қыздарым» дегенде, жалпы әйел затын меңзеді. Пайғамбарларға қауымының әйелдері қыздары іспетті. Сол себепті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әйелдері «мүміндердің аналары» деп аталған. Ал, пайғамбар (с.а.у.) үмбетінің әкесі деп есептелген (Ибн Кәсир). Ал, енді: «Лұт (а.с.) оларға өз қыздарын зинаға ұсынды», - деушілердің пікірі негізсіз әрі түбірінен қате. Лұт (а.с.) пайғамбардың бұлай етуі, әсте мүмкін емес. Сонда олар: «Сен білесің, қыздарыңда біздің жұмысымыз жоқ. Расында, сен біздің нені қалайтындығымызды жақсы білесің», - деді» («Һұд» сүресі, 79-аят). Лұт: «Әттең! Сендерге (қарсыласып) төтеп беретін күшім болса, әлде бір мықты тірекке паналасам еді», - деді» («Һұд» сүресі, 80-аят).

Лұттың (а.с.) иманды екі қызынан өзге арқа сүйейтін ешкімі де жоқ еді. Ал, сенген әйелі болса... кәпір! Пайғамбар (с.а.у.): «Аллам, бауырым Лұтты өз рақметіне бөлесін! Шындығында, ол мықты бір тіректі – Алланы паналайтын еді. Алла Тағала одан кейінгі пайғамбарларды (қорғайтын әрі қорғаныш болар) күш-қуатты ортамен (рулас, әулет) жіберген», - деген (Бұхари, Мүсілім). Расында, Алла Тағала негізінде пайғамбарларды қорғауға күш-қуаты жетіп артылатын рулар мен беделді әулеттерден шығарған. Бірақ Лұттың (а.с.) арқа сүйер руластары да, әулеті де болмады. Алла Тағала басқа бір аятта: «Қаланың халқы қуанысып жетті. (Лұт оларға): «Бұлар менің қонағым. Мені масқара етпеңдер. Алладан қорқыңдар. Мені қорламаңдар», - деді. Олар: «Біз сені жұртқа (араласудан) тыймап па едік», - деді. (Лұт): «Егер (айтқанымды) істейтін болсаңдар, (үйімдегі) бұлар қыздарым», - деді», - деп баяндаған («Хижр» сүресі 67-71-аяттар).

Алла Тағала: «(Мұхаммед (с.а.у.) өміріңе серт! Олар, расында, (не істеп, не қойғанын айыра алмастай) мастықта дел-сал еді», - деген («Хижр» сүресі, 70-аят). Сонда бұларды нәпсілері билеп, шындықты көрмейтін көр соқыр болды да Лұттың (а.с.) үйіне күшпен басып кіруге ұмтылды. Ал, келген қонақтарының ешнәрсе болмағандай тыныш, сабырлы күйде тұрғанына таңғалған Лұт (а.с.) елшілерге: «Сөзсіз, сендер бөтен кісілерсіңдер», - деді. (Елшілер): «Жоқ, біз олардың күмәнданған (азабын) алып келдік. Біз саған (нағыз) шындықты жеткіздік. Біз рас айтамыз», - деді» («Хижр» сүресі, 62-64-аят).

Тағы бір аятта: «Олар: «Қорықпа, уайымдама. Расында, біз, (азапта) қалушылардан болатын әйеліңнен басқа, өзіңді және отбасыңды құтқарамыз. Бұл ауыл халқына бұзықтықтары үшін көктен пәле жаудырамыз», - деді», - деп келген («Әнкабут» сүресі, 33-34-аят). «Сонда барып олар өздерінің Алла Тағаланың елшілері екенін айтты. Жәбірейіл (а.с.) шығып бір соққы берген сәтте олардың барлығының көздері соқыр болып қалды. Алла Тағала: «Олар (Лұттың) қонақтарынан дәмеленді. Сонда олардың көздерін соқыр еттік. Ал, енді азабым мен ескертуімді татыңдар», деп айтқан («Қамар» сүресі, 37-аят).

«Олар мұны сиқыр деп ойлап: «Сендерге ертең (көресіні) көрсетеміз», - деп кіжініп, (көздері көрмегендіктен) қабырға сипалап үйлеріне кетті. Періштелер Лұтқа (а.с.): «Олардың  уәдесі  таңертең, ал таңның атуы жақын емес пе?» - деді» («Һұд» сүресі, 81-аят) және оған отбасын алып Садумнан тез шығып кетуді бұйырды. «Дереу түннің бір бөлігінде (ешкім көрмеу үшін) үй-ішіңмен (бұл елден) кет. Өзің олардың соңынан жүр. Сендерден ешкім артына қарамасын. Бұйырылған жерге барыңдар. Расында, олар (бұл ел) таң ата (ешбіреуі де тірі қалмай) жоғалады» деген бұйрықты білдірдік» («Хижр» сүресі, 65-66-аяттар). Алла Тағала: «Сонда оны да, үй-ішін де жоқ болатындардың ішіндегі кемпірден басқасын түгел құтқардық» («Шұғара» сүресі, 170-171-аяттар); «Тек Лұттың отбасын таң ата құтқардық. Бізден бір нығмет. Осылайша шүкірлік еткендерге сый көрсетеміз», - деген («Қамар» сүресі, 34-35-аяттар).

Сөйтіп Лұт (а.с.) Садумды тастап шықты. Онымен бірге екі қызы ғана болды. Олар ауылдан ұзап кеткен соң, таң атып күн шыққанда садумдықтарға Алланың азабы да жетті. Алла Тағала: «Расында, оларға таңертең ертемен бір азап келді. Ал,енді азабым мен ескертуімді татыңдар», - деп айтқан («Қамар» сүресі, 38-39-аяттар). Алдымен Жәбірейіл (а.с.) бұларды ащы дауыспен оятып, содан соң қанатының шетімен қалаларды аспанға атты. Аспанға атқаны соншалық, «аспандағы періштелер сол қалалардағы тауықтар мен иттердің (азан-қазан) үрейлі дауыстарын естіді», - делінген. Мұнан соң аспаннан бұларға әрқайсысының аты жазылған тастар жауып, елдің астын-үстіне келтіріп, ойран-ботқасын шығарған.

«Оларға әміріміз келген сәтте ол жердің үстін астына түсірдік. Сондай-ақүстеріне қыздырылып, Раббыңның құзырында таңбаланған қиыршық тас жаудырдық. Бұл (апат) залымдар (үшін) қашық емес» («Һұд» сүресі, 82-83-аяттар).

«Сонда оларды күн шыға ащы дауыс орап алды. Олардың астын үстіне шығарып, үстерінен қиыршық тас жаудырдық. Күдіксіз, мұнда көрегендер үшін өнегелер бар. Өйткені, ол жер жол үстінде. Күдіксіз, мұнда мүміндер үшін ғибрат бар» («Хижр» сүресі, 73-77-аяттар).

«Оларға (тастан) жаңбыр жаудырдық. Ескертілгендердің жаңбыры қандай жаман еді! Расында, мұнда бір ғибрат бар. Ал,олардың көбісі иман келтірмеген еді. Рас, Раббың аса Үстем, өте Мейірімді» («Шұғара» сүресі, 173-175-аяттар).

«(Алла) Мутафиканы жермен-жексен етті. Сонда оларды үсті-үстіне (апат) басты. Ал, енді Раббыңның қай нығметтеріне күмән келтіресің. Бұл әуелгі (уәде етілген) ескертулерден бір ескерту» («Нәжім» сүресі, 53-56-аяттар).

Алланың апатына ұшырағандардың ішінде Лұттың (а.с.) әйелі де бар еді. Өйткені кәпір болатын. Нұхтың (а.с.) әйелі мен баласы да кәпір еді. Иман алшақтықты, ал күпірлік туыстық қатынастарды жояды. Бұл туралы Алла Тағала Құранда: «Алла кәпірлерге Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін мысал етті. Олар ізгі екі пендеміздің некесінде еді. Екеуі де ( екі әйел де) оларға қиянат жасады. Сондықтан (екі пайғамбар да) ол екеуін Алланың жазасынан қорғай алмады. (Ол екі әйелге): «Екеуің тозаққа кірушілермен бірге кіріңдер», - делінді», - деген («Тахрим» сүресі, 10-аят). Осы аяттағы Алла Тағаланың: «Екеуі де (екі әйел де) оларға қиянат жасады», деген сөзінде, тәпсіршілер бұл жердегі қиянат ар-намыс мәселесі емес, иман қиянаты екеніне бір ауыздан келіскен. Өйткені, пайғамбарлардың жұбайларында кәпірлік кездескенімен, ар-намыс мәселесінде опасыздық болмаған. Бұл пайғамбарлар әулетінің артықшылығы. Соның қатарында Лұттың әйелі де күйеуіне ар-намыс тұрғысында опасыздық жасамаған, бірақ ол қауымына олардың бұзақылық істерінде көмектескен-ді.

Бұл жазаға ұшыраған елдің белгісі ретінде кейінгі ұрпақтарға ғибрат үшін үстерінде азабын қияметке дейін татып жататын ащы, яғни өлі теңіз осылай пайда болды. Қазір бұл Өлі теңіз деп те, Лұт теңізі деп те аталады.

Лұт (а.с.) қауымының оқиғасы

Бүгінгі адамзат үшін қандай ащы сабақ болуы тиіс?

Еркектердің өзара жыныстық қатынасын (гомосексуализмді) Садум елі адамзат тарихында ең алдымен бастаған. Мұны қазіргі таңда: «Сирек кездесетін табиғи жағдай немесе адамның қанында (генінде) бар» деп әлдекімдер білгішсініп жүр. Бұл бос сандырақ. Әлбетте, бұл қандай да бір қалыпты табиғи жағдай емес әрі адам қанында да жоқ. Керісінше, бұл шектен шыққан аса жиіркенішті азғындық! Мұны санасыз төрт аяқты айуан да жасамайды, яғни, айуанның еркегі еркегіне шапты дегенді көрген, не естіген адам бар ма? Жаратушы жер бетіне халифа деп аса жоғары сана берген адам баласының осы айуаннан да төмен құлдырап, нәпсінің көзсіз құлына айналғанын қай ұғымға, қай ақылға сиғыза аласыз.

Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болғай) пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Лұт қауымының қылығын істеп жатқандарды (көрсеңдер) өлтіріңдер», - деген әмірін жеткізген (Әбу Дәуіт, хадис әлсіз хадистер тобына жатады).

Үлкен өкінішке орай, бұл шектен шыққан азғындықтың (гомосексуализмнің) осы күндері «демократиясы дамыған» деп біздегі әлдекімдер аузының суы құрып тамсанатын Батыс дүниесінде етек жайғаны соншалық бірқатар елдерінде бір жыныстылардың некелесуі заңдастырылып, қоғамда кәдімгі ет үйренген қалыпты жағдайға айналды. Алла сақтай гөр! Бұл аз десеңіз, енді әйелдің әйелмен некеге тұруы да сол елдерде сөкет, ерсі саналмайтыны таңқалдырады. Былтыр Қарағандыда әйелмен әйелдің некелесуін заңдастыруды талап еткен ат төбеліндей көшеге шыққан топты телеарналардан көріп, жағамызды ұстадық. «Ұятсыз, күнәлі іс-қылықты көрісімен тыймасаң, ертең үйіңе кіріп келеді» деп хадисте ескерілген арсыз іс-қылық осы. Енді саналы деген адамның жан-жануармен заң жүзінде некелесе бастағанын қай ұғымға сиғызарсыз. Естімеген елде көп. Бұлармен салыстырғанда хақ дініміз ауыр күнә санайтын зина, яғни некесіз ер мен әйелдің жақындасуы «табиғи» сияқты көріне ме, қалай?! Мұнан Құдай сақтасын!

Еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жақындасуы Жаратушы Иенің табиғат заңына да қайшы. Ұрпақсыз адамзаттың тұқымы тұздай солмай ма?

Сондықтан да ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) Алланың қаһарын келтіретін мұндай арсыз әрекеттерге жол бермей, алдын алу үшін: «Лұт (а.с.) қауымының қылығын істеп жатқандарды (көрсеңдер) өлтіріңдер», - деп бұйыруы тектен тек пе?!

Адам баласы тойымсыз нәпсіге ерік берген осындай азғындығы арқылы ақырзаманның келуін жеделдетіп жатқан жоқ па?! Бір қуанарлығы мұсылман елдері бұл азғындық-гомосексуализмнен аулақ. Мәңгі аулақ болғай! Мұсылмандығымыз берік, иманымыз кәміл болса, иншаАлла азғындық атаулыны жолатпасымыз хақ.

Бәріміз де өмір сүріп, өсіп-өне бергіміз келеді. Бұл үшін иман аясында ой-санамыз да, тұла бойымыз да таза, ішетін тамағымыз да, табысымыз да адал, тіпті жүретін орта, түстенетін, қонатын орын да неше түрлі пәле-күнәдан аулақ болуы қажет. Бұл үшін мына бір хадисті ой безбенінен өткізелік.

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) жеткізген хадисте: Пайғамбар (с.а.у.) Табук жорығына бара жатып жолай Хижрға, Самуд қауымының үйлерінің жанына түскен. Сонда кейбір сахабалар барып Самуд қауымы ішкен құдықтардан су әкеліп, онымен қамыр илеп, қазан асқан. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қазандарды төгуді және қамырларды түйелерге беруді бұйырды. Содан соң адамдарды орындарынан тұрғызып, түйелері су ішкен құдықтан су алудан және адамдарды азапқа ұшыраған елге кіруден қайтарып: «Мен сендердің бастарыңа олардың бастарына түскеннің түсуінен қорқамын. Оларға кірмеңдер», - деген (Ахмад). Тағы бір хадисінде пайғамбар (с.ғ.с.): «Алланың мына азабына ұшырағандарға жылаған халде болмаса кірмеңдер», - деп бұйырған (Бұхари, Мүсілім).

Басқа бір риуаятта: «Егер жылағыларың келмесе, олардың бастарына түскеннің өз бастарыңа түсуінен қорқып жылауға тырысыңдар», - деп ескерткен.

Яғни, ешкім де Мәдәин Салихқа басқа тарихи мұраларды зиярат еткендей бармау керек. Ол жерге бара қалған кісі Алланың оларға көрсеткен азабын еске алып, жылаған күйде кіргені орынды. Алла Тағала: «Шынында, Самуд елі Раббыларына қарсы келді, Самуд елі құрысын!» - деп лағынеттеген («Һұд» сүресі, 68-аят).

Осымен Құранда мүміндерге ғибрат әрі насихат ретінде баян етілген Лұт (а.с.) теңізі мен оның қауымы туралы хикаят осындай.

Айтпақшы, сол Өлі теңізге ем үшін түскен осы жолдар авторының сап-сау екі тізесі сырқаттанып, оған неше түрлі өсімдік тұнбалары мен бальзам жағумен әлек.

0 пікір