«Бастарыңа келген қандай да бір қайғы-қасірет өз қолдарыңмен істегендерінің нәтижесі. (Солай болса да) Ол көбін кешіреді». («Шура», 30 аят).
Уа, жамағат! Ардақты ағайын!
Біліңіздер, біз қазір қасиетті Рамазанның ең берекелі күндері мен ең шарапатты түндерінде тұрмыз. Бұл — ішінде мың айдан артық қайырлы түн бар және қадіріне жеткен жанды бақытқа кенелтетін Рамазанның соңғы он түні. Хақ Тағала Құран Кәрімде: «Қадір түні мың айдан қайырлы» («Қадір» сүресі, 3-аят) — деп, бұл түндердің қасиетін паш еткен.
Қадірменді бауырлар!
Осы мүбарак түндерде Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) үмбетіне ең мағыналы, ең ұлық дұғаны үйретіп кеткен. Мүміндердің анасы Айша (р.а.) анамыз Алла елшісінен (ﷺ): «Уа, Алланың елшісі! Егер мен Қадір түніне жетсем, не айтып дұға қылайын?» — деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ):
«Аллаһумма иннәкә 'афууун, тухиббул 'афуа фә'фу 'анни»
«Аллаһым! Расында, Сен Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені кешіре көр!» — деп айт, — деген екен.
Уа, Алланың құлдары!
Осы бір қысқа ғана дұғаның астарында қаншама терең мағына жатыр! Пайғамбарымыз (ﷺ) ең қасиетті түнде дүниенің байлығын, мансап пен атақты сұрауды емес, Алланың кешірімін (ғафуын) сұрауды өсиет етті. Өйткені, Жаббар Хақ пендесін кешірсе — ол пенденің ең үлкен жеңісі, нағыз бақыты сол! «Ғафу» деген сөз — күнәнің ізін де қалдырмай, мүлдем өшіріп тастау дегенді білдіреді.
Ардақты ағайын!
Бәріміз де Алланың кешіріміне мұқтажбыз. Қаншама қателікті бастық, қаншама күнә арқаладық. Құлшылықтағы кемшілігіміз бен намаздағы немқұрайлылығымыз тағы бар... Сондықтан осы берекелі түндер — күнәдан арылып, парағымызды ақтан бастауға берілген алтын мүмкіндік.
Алла Тағаланың «Әл-'Афу» (Кешірімді) деген есімі — Оның ең ұлық сипаттарының бірі. Ол — құлдарының таудай күнәсін кешіріп, жақсылығын асыратын Раббымыз. Құранда: «Ол (Алла) көбін кешіреді» («Шура» сүресі, 34-аят) және «Шын мәнінде, Алла — өте кешірімді, ерекше рақымды» («Ниса» сүресі, 43-аят) — делінген.
Қадірменді жамағат!
Егер Алла Тағала кешірімді сүйсе, Ол Өз пенделерінің де бір-біріне кешірімді болғанын қалайды. «Олар кешірсін, кеңшілік етсін. Алланың сендерді кешіргенін қаламайсыңдар ма?» — дейді Жаратқан Иеміз. («Нұр» сүресі, 22-аят). Демек, Алланың кешіріміне ие болғысы келген жан — адамдарды кешіре білуі керек. Кім Тәңірдің рақымын тілесе — өзіне зәбір көрсеткенге кешірім берсін.
Уа, халайық!
Бұл түндер — санаулы, Рамазан — өте шығатын қонақ. Сондықтан уақытты бос өткізбей, намазбен, Құранмен, дұғамен өткізейік. Тілден тастамай айтар дұғамыз:
«Аллаһым! Расында, Сен Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, бізді кешіре көр! Бізге рақым ет, бізді Өзіңнің сүйікті құлдарыңның қатарына қос! Қадір түнінің шарапатына бөлеп, екі дүниеде де нығметіңнен айырма!»
Уа, Раббым! Барша мұсылман қауымының күнәсін кешіріп, құлшылықтарын қабыл ет! Әмин!