Николай Коперниктің тұжырымдарына мұсылман астрономы Ибн аш-Шатирдің ықпал еткені анықталды
Николай Коперниктің тұжырымдарына мұсылман астрономы Ибн аш-Шатирдің ықпал еткені анықталды
Ертең 64 islam.kz/ Фото: nacion.ru

XVI ғасырдағы поляк ғалымы Николай Коперник пен одан екі ғасыр бұрын өмір сүрген араб астрономы Ибн аш-Шатирдің идеялары бір-біріне өте ұқсас болып шықты. Жаңа ғылыми зерттеулер бұл екі ғалымның әлем құрылымы туралы ойларында тығыз байланыс бар екенін дәлелдеп отыр.
Николай Коперник (1473-1543 ж) — Күн жүйесінің кіндігі Жер емес, Күн екенін алғаш рет жүйелі түрде негіздеген еуропалық ғалымдардың бірегейі. Ол заманда мұндай батыл пікір шіркеу догмаларына да, Жерді ғаламның орталығы деп есептейтін сол дәуірдегі ғылыми түсінікке де түбегейлі қайшы болатын.

Алайда, Шарджа университетінде (Біріккен Араб Әмірліктері) жүргізілген зерттеуде Коперниктің тұжырымдарына XIV (14) ғасырда өмір кешкен, Дамаскідегі Омейяд мешітінде уақыт есептеуші (хронометрист) қызметін атқарған мұсылман астрономы Ибн аш-Шатирдің (м.1304-1375 ж.ықпал еткенін анықтады. Жақында қорғалған докторлық диссертация аясында қос ғұламаның еңбектері мәтіндік және сыни тұрғыдан салыстырылып, олардың теорияларындағы ортақ тұстар мен өзіндік ерекшеліктер сараланды:

Ғылыми жұмыстың негізгі нысаны ретінде Ибн аш-Шатирдің Птолемей жүйесіндегі Күн, Ай және планеталар қозғалысына қатысты қателіктерді түзеткен «Нихайят ас-сул фи таших ал-усул» («Негіздерді түзетуге арналған қорытынды зерттеу») атты басты еңбегі алынды. Ал Коперник тарапынан оның астрономия тарихында төңкеріс жасаған әйгілі «De revolutionibus orbium coelestium» («Аспан денелерінің айналуы туралы») атты трактаты талданды.

Қос космологиялық модельді салыстырған диссертация авторы, доктор Салама әл-Мансури ханым Коперниктің астрономиялық тұжырымдарына Ибн аш-Шатирдің айтарлықтай әсер еткенін алға тартады. Әсіресе Жер мен өзге планеталардың Күнді айналатыны туралы идеяларда айқын сабақтастық байқалған. Ғалымның айтуынша, Ибн аш-Шатир барлық планеталар Жерді айналады деген Птолемей жүйесін Коперниктен екі ғасыр бұрын ғылыми негізде теріске шығарып, оның қателіктерін түзеткен алғашқы астроном болған.

Фото: Muslim Heritage

Коперниктің өзінен бұрынғы ғалымдардың мұрасына сүйенгені ғылым әлемі үшін жаңалық емес. Дегенмен, бұл зерттеу қос ғалымның идеялары арасындағы байланыстың өте терең екеніне баса назар аудартады. Доктор Салама әл-Мансури ханым Еуропа архивтеріндегі араб қолжазбалары мен олардың латынша аудармаларына шолу жасай отырып, Польшаның Краков қаласы мен Ватикандағы кітапханалардан Ибн аш-Шатирдің еңбегінің арабша түпнұсқаларын тапқан.

Зерттеуде Коперниктің бұл еңбектерді тікелей оқығанын растайтын нақты латынша аудармалар табылмаса да, планеталар қозғалысын сипаттайтын математикалық есептеулер мен түсіндірмелердің бір-біріне тым ұқсас болуы Коперниктің бұл идеялармен екі арадағы белгілі біреулер(«делдалдар») арқылы таныс болғанын аңғартады. Әсіресе Ай мен Меркурийге қатысты модельдердің екі ғалымда да айтарлықтай бірдей болуы — Коперниктің гелиоцентрлік көзқарасын қалыптастыруда Ибн аш-Шатирдің әдістерін бейімдеп пайдаланғанын дәлелдейді.

undefined
Ибн аш-Шатирдің Ай моделі / Wikipedia

Коперник өз теориясының бір бөлігін Ибн аш-Шатирден алды ма деген сұраққа доктор Салама әл-Мансури:

«Біздің талдауымыз Ибн аш-Шатирдің еңбегінде гелиоцентрлік түсінікке өте жақын идеялар болғанын көрсетті. Сондықтан Коперниктің оған ғылыми тұрғыдан қарыздар екені күмән тудырмайды», — деп жауап береді.

Бұл зерттеудің басты мақсаты — ғылым тарихындағы еуроцентристік көзқарасты қайта қарап, Ибн аш-Шатир бастаған мұсылман астрономдарының әлемдік өркениетке қосқан өлшеусіз үлесіне әділ баға беру. Себебі адамзат қол жеткізген көптеген ірі жаңалықтардың негізінде еуропалық ғалымдармен қатар, мұсылман ғұламаларының да қажырлы еңбегі мен терең ілімі жатқанын ұмытпаған абзал.

undefined
Меркуридің қозғалысының моделі. Ибн аш-Шатирдің нұсқасы. Wikipedia

Дереккөз: Исламсфера.
Аударған 
islam.kz

 

0 пікір