Неге Құран аяттарында «құлақ» жекеше түрде, ал «көз» көпше түрде айтылады?
Неге Құран аяттарында «құлақ» жекеше түрде, ал «көз» көпше түрде айтылады?
2 жыл бұрын 6300
Имам Шағрауи (рахимаһуллаһ)

... Осы орайда назар аударатын тағы бір нәрсе бар. Алла тағала Құран Кәрімде «құлақ» сөзін жекеше түрде қолданады да, «көз» сөзін болса көпше түрде қолданады. Мәселен, «Фуссыйләт» сүресінде (22 аят) былай делінеді:

«Уәмәә күнтүм тәстәтирунә ән йәшһәдә ъалейкм «сәмъукум» уәлә «әбсорукум»...»

«Сендер өздеріңе құлақтарың, көздерің және терілеріңнің айғақ болады деп жасырынбаушы едіңдер...».

(Аталмыш аяттың арабша нұсқасында «құлақ» деген ұғымды білдірер «сәмъ» сөзі жекеше түрде қолданылған, ал «көз» деген мағынаны білдіретін «басар» сөзі – «әбсор» болып, көпше түрде қолданылып тұр).

Неге «құлақ» сөзі жекеше түрде айтылады да, «көз» сөзі көпше түрде «көздер» деп айтылады? Алла Тағала қасиетті аяттарында «сәмъ» / سمع (құлақ) емес, «әсмаъ» / أسماع (құлақтар) деп көпше түрде айтуы керек емес пе еді? Логикаға салсақ, солай болуы керек.

Бірақ Алла Тағала «құлақты» жекеше түрде қолданып, ал «көзді» көпше түрде қолдану арқылы Құранның нәзік те шебер тұсын ашуда. Тарқатып айтар болсақ.

Көз – адам баласының еркіндегі сезім мүшесі. Мысалы, мен қаласам қараймын, қаламасам қарамаймын. Қаласам көргім келмеген нәрсеге көзімді жұмамын немесе жүзімді бұрамын және мән бергім келмеген нәрседен көзімді алып қашам. Құлақ болса олай емес. Құлаққа келгенде адам баласының еркі шектеулі. Қалаған кезінде естіп, қаламаған кезінде естімей қалмайды.

Мысалы, өзіңізді бір бөлмеде деп елестетіңізші. Бөлменің ішінде он адам бар делік. Олардың дауыстары қаласаңыз да, қаламасаңыз да екі құлағыңызға естіліп жатады. Сіз олардан назарыңызды бұрып, көргіңіз келген адамыңызға қарап, ал көргіңіз келмеген адамыңызға қарамауыңыз мүмкін, алайда «есту» мәселесіне келгенде, ондай таңдау еркі сізде жоқ. Сіз естігіңіз келген нәрсеңізді естіп, естігіңіз келмеген дыбысты естімей қоя алмайсыз. Бәлкім естімеген кейіп танытарсыз. Естімегендей боп отыруыңыз мүмкін. Алайда бәрібір құлағыңызға бөлмедегілердің дауыстары еріксіз келіп жатады.

Олай болса, көздер көп: мен мынаны көрем, сіз ананы көресіз, анау басқасын көреді т.б. осылай көздер көбейе береді. Адам екі көзін жұмса еш нәрсе көрмей қалады. Алайда «естуге» келгенде, бір жерде отырған бәріміз – бір нәрсені естиміз. Әркімнің назары әркелкі нәрсеге ауса да, әркім өзі қалаған жерге қарай алса да, бөлмедегі бәрі есту мәселесінде бірігеді. Бәрі бірдей нәрсені естиді. Ешкім құлағын алып қаша алмайды. Көру - әртүрлі. Есту – бір. Сондықтан да, Құран аяттарында «құлақ» сөзі жекеше түрде қолданылған да, «көз» сөзі көпше түрде қолданылған[1].


[1] Имам Шаърауи: «Қодоя әл-Аср». 3 том.

Аударып дайындаған А. Қасым. 
 
0 пікір