Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) «тамақты буы кеткенше ішпеңдер» деген?
Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) «тамақты буы кеткенше ішпеңдер» деген?
5 ай бұрын 4059

Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) «тамақты буы кеткенше ішпеңдер» деген? 

Алла елшісі (с.а.у.) өзінің бірнеше хадистерінде тамақты тым ыстықтай ішуден тыйған. Тамақты ыстық күйінше емес, біраз демін басып, суытынқыратып барып ішкен абзал. Мысалы, сахаба Әбу Һурайрадан жеткен хадисте былай делінеді: 

" لا يؤكل طعام حتى يذهب بخاره "

«Тамақ буы кеткенше желінбесін». (Бәйһәқи келтірген). Басқа бір хадисінде: «Ол береке тұрғысынан ұлығырақ» дейді. (Ибн Хаббан және әл-Хәким келтірген).

Алла елшісінің «буы кеткенше...» дегенінен екі нәрсені ұғуға болады:

  • Тамақты қатты ыстық кезде жеуге болмайтындығы.
  • Суық тамақ емес, жылы тамақ жеу керек екендігі.

Тамақты қатты ыстық кезінде жеудің, біріншіден берекесі болмайды, өйткені қатты ыстық ас ішкен адам не ішкенін білмейді. Екіншіден, денсаулыққа зияны бар. Керісінше ауыз күймейтіндей жылы күйінше ішу жұғымды, сіңімді болып келеді.

Тым ыстық ішудің денсаулыққа тигізер зиянын дәрігер мамандар былай деп сайып өтеді:

  1. Гастрид.
  2. Язва.
  3. Өңеш зақымдалуы.
  4. Көмейдің стенозы.
  5. Көмей ісігі (рак гортани).
  6. Өңеш обыры.
  7. Ішкі органдардың дұрыс жұмыс істемеуі.

Сондықтан да, егер алдыңызға буы бұрқыраған ыстық тамақ қойылған болса, ішуге асықпаңыз, екі-үш минут күтіп барып ішкеніңіз дұрыс деп ескертеді диетолог мамандар. Және де мамандардың айтуына қарағанда тамақтың 20ºС мен 40 ºС градус аралығында болуы норма саналады екен, одан ыстығы ыстық деседі. 

Тамақты ыстықтай ішпеуге мамандар соңғы уақыттарда назар аудартып жатқан болса, Алла елшісі (с.а.у.) оны он төрт ғасыр бұрын мұсылмандарға үйреткен еді, Алла елшісінің осы сөзінен кейін Исламдағы ас ішу әдебінде «тамақты ыстықтай ішпеу» тармағы кірген болатын. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әрбір сөзі даналық десек, бүгінгі хадисі де соның бір дәлелі. Өйткені, Пайғамбар өз ойынан айтпайтын, оның айтқандары Құдай Тағаланың жүрегіне салған илһамы болатын. Уа ахиру даъәунә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!

А. Қасым

 

0 пікір