Неге «Оқы!» деген үмбет оқымай кетті?
Неге «Оқы!» деген үмбет оқымай кетті?
3 сағат бұрын 210 islam.kz/
Мұхаммед Махмұд

«Оқы!» (Иқра) деп басталған иләһи жолдауды арқалап, жер бетіне хақ нұрын шашқан, адамзатты құлдық пен қараңғылықтан құтқарып, жалғыз Жаратушыны тануға шақырған бұл үмбет бір кездері ғылым мен білімнің туын ұстаушысы еді. Сол жолдаудың нұрымен сусындаған ғалымдар әлемнің әр түкпіріне білім нәрін сеуіп, адамзатты парасаттылыққа бастады.

Кезінде Құранның қасиетті «Оқы!» жобасын ұран еткендер бұл жолдан таймай, ілім мен танымды биіктетті, теңдессіз ислам өркениетін құрды. Аббасилер дәуірінде халифа әл-Мәмун грек ғалымдарының еңбектерін аудартуға пәрмен берді. Соның арқасында Бағдат шаһары адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған білім ордасына айналды. Бір ғана көшенің бойында 200-ден астам баспахана мен кітап дүкені болғанын, «Байт әл-Хикмада» (Даналық үйі) медицина, инженерлік және әдебиет саласындағы мыңдаған томдардың сақталғанын бүгін бірі білсе, бірі білмес.

Бүгінгі батыс өркениетінің жетістігі – кезіндегі Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд, Ибн Халдун мен әл-Хорезми секілді ислам ғұламаларының Андалусиядан бастап бүкіл әлемге таратқан ғылыми негіздеріне сүйеніп тұрған жоқ па?

Алайда, қашан бұл үмбет өзінің басты міндеті болған – «Оқу» міндетінен қол үзді, сонда оның айбаты қайтып, абыройы шайқалды. Біздің бағымыз бен айбынымыз болған білім нұры сөнгенде, еңсеміз түсті. Ал бүгінгі ғылым мен технологияда бізден көш ілгері кеткен озық елдерге қарасақ, оқудың олардың қанына сіңгенін, өркениетінің өзегіне айналғанын көреміз.

Жапония: Қағаз кітапты артық көретін ел

Жапондар – әлемдегі ең көп оқитын халықтың бірі. Осыдан сегіз жыл бұрынғы дерек бойынша, бұл елде 3116 кітапхана болған. Технологияның отаны болса да, жапондардың 94%-ы электронды нұсқадан көрі, қағаз кітапты парақтағанды артық көреді.

Жақында жүргізілген сауалнама нәтижесінде жапондардың кітап сатып алуға жұмсайтын қаржысы олардың шығын тізімінде денсаулықтан кейінгі екінші орында тұрғаны белгілі болды. Олар үшін білім – жанның саулығы.

Корея: 90% аз көреді

Корей халқы да оқуға келгенде алдына жан салмайды. 2014 жылы халықтың 90%-ы тұрақты оқитыны белгілі болғанда, олардың ғалымдары бұл көрсеткішті «төмен» деп дабыл қақты. Ойлап қараңызшы, 90% олар үшін аз!

Кореяда «Paju Book City» деп аталатын тұтас бір «Кітап қалашығы» бар. 385 гектар алқапты алып жатқан бұл жерде 200-ден астам баспа мен заманауи ғимараттар орналасқан. Оңтүстік Кореяның бүгінгі экономикалық «ғажайыбының» сыры да осында – олар оқу арқылы мүмкін еместі мүмкін етті.

Сингапур: Оқу – өмір салты

Сингапур елі «Read Singapore» (Сингапур, оқы!) бағдарламасы арқылы бүкіл халықты кітапқа баулыды. Бұл жобаның ерекшелігі сол – белгілі бір кітаптарды бүкіл ел болып оқиды, сосын кафелерде, мектептерде, кітапханаларда сол туындыны талқылайды. Бұл оқуды жай ғана ақпарат алу емес, қоғамдық мәдениетке айналдырудың үлгісі.

Ащы да болса, ақиқат: Бүгінгі ислам әлеміндегі, әсіресе араб елдеріндегі көрсеткіштер көңіл көншітпейді. 2011 жылғы есеп бойынша, бір еуропалық жылына орта есеппен 200 сағат уақытын оқуға арнаса, бір араб азаматы жылына небәрі 6 минут қана оқиды екен. Бұл – нағыз рухани қасірет!

Біз «Оқы!» деп басталатын ұлы діннің өкілі бола тұра, оқудан қалайша қалыс қалдық? Түбімізге жететін де, бізді биікке шығаратын да – осы білім. Ендеше, ата-бабамыз аманат еткен білім туын қайта тігу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.


Islam Online сайтынан аударылды: لماذا أمة اقرا لا تقرأ؟ 

0 пікір