Намаздың рәкәғаттарында шатасқан адам не істейді?
Намаздың рәкәғаттарында шатасқан адам не істейді?
3 жыл бұрын 5519

Намаз оқып тұрып күмән туса не істейді? 

1) Намаздың рәкәғаттарында шатасқан кісі намазын қайта оқиды, егер мұндай жағдай ол кісіде бірінші болып тұрса немесе ондай шатасу жағдайы өте сирек туындаса. Өйткені Пайғамбарымыз  (с.а.у.) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің қанша рәкәғат оқығаны жөнінде күмәнға түссе, намазын қайта оқысын» - деген[1]. Бұл жағдай - бірінші рет күмәнданып тұрған кісіге қатысты немесе намаз рәкәғатында сирек шатасатын кісіге қатысты.

2) Ал, намаз рәкәғаттарында жиі шатасатын кісі, қанша рәкәғат оқығандығында шатасқан жағдайда, ойы басым болған рәкәғатын негізге алады. Мысалы, екінші рәкәғат па, әлде үшінші рәкәғат па, деп шатасқан кісінің ойында «үшінші рәкәғат» екендігі басым болса, сол бойынша «үшінші рәкәғат» деп оқып кете береді. Бұған қатысты хадисте (с.а.у.) былай делінген: «Кімде-кім намаз рәкәғаттарында күмәнға түссе, дұрысын (ойша) қарастырсын, сол бойынша намазын тәмәмдасын».

3) Намаз рәкәғаттарында шатасып және қай рәкәғат екендігін ойша таңдай алмай тұрса, ойындағы рәкәғат санының ең азын таңдайды. Мысалы, екі рәкәғат па, үш рәкәғат па, деп екеуінің біріне басымдылық бере алмай тұрған кезде, «екі рәкәғат» деп, азын таңдайды да, сол бойынша намазын тәмәмдайды. Бірақ, бұл жағдайда әр рәкәғатта «әттахият» отырысына отырып, әттахият дұғасын оқып келесіге тұрады. Намаз соңында сәһу сәждесін жасайды. Өйткені екі рәкәғат дегені - үш рәкәғат, үш рәкәғат дегені - төрт рәкәғат болып қалуы мүмкін, сондықтан да, мұндай жағдайда әр рәкәғатта әттәхият отырысына отырғаны дұрыс.

4) Егер намаз рәкәғаттарына қатысты күмән намазды толық оқып болғаннан кейін туындаса, ол күмәнға мән берілмейді. Мысалы, ақшам намазын толық оқып, екі жаққа сәлем бергеннен кейін, екі рәкәғат оқыдым ба, әлде үш рәкәғат оқыдым ба, деген күмәнді ой келсе, намазды толық оқыдым деп, ол ойға мән бермейді.

5) Алайда, намаз рәкәғатын кем оқығандығын нақты біліп тұрса, сол арада намаз бұзатын артық әрекетке бармастан кем рәкәғатын тәмәмдап, соңында сәһу сәждесін жасап, намазын аяқтайды. Ал сол арада сөйлеу, не күлу, ішіп-жеу сияқты намаз бұзатын әрекетке барып қойса, намазын қайта оқиды.

6) Кімде-кім намаз рүкундерінің бірін (ішкі парыздарының бірін) істемегенін нақты біліп тұрса, бірақ қайсысын орындамағанын білмесе, ол бір сәжде жасап, қағдаға отырады, кейін қиямға тұрып әдеттегідей бір рәкәғат оқиды - сүре, рүкуғ, екі сәжде жасап, әттәхияту оқып, сәһу сәжде жасайды.

7) Имам мен жамағат намаз саны жайында таласқа түссе, мысалы, имам төрт рәкәғат оқығанын айтып, ал жамағат үш рәкәғат оқылғанын айтса, қараймыз: егер имам төрт рәкәғат оқығандығын нақты біліп тұрса, жамағаттың сөзіне мән берілмейді, ал имам нақты білмей тұрса, онда жамағаттың сөзіне құлақ асады[2].


[1] Имам Зәйлағи: «Насбур риуая». Хадис ғориб.
[2] Имам Шүрунбүләли: «Имдәд». 494 бет.

0 пікір