Нағыз бақыт нәпсінің қалауына қарсы тұруда
Нағыз бақыт нәпсінің қалауына қарсы тұруда
2 сағаттан соң 44 islam.kz/

Шынайы бақыт тек нәпсінің қалауларына қарама-қайшы дүниелердің ішінде жасырылған. Адам баласы көздің жауын алып, көңілді арбайтын жылтырақ та өткінші ләззаттардың соңында емес, мейлі ащы болса да, мәңгілік ақиқаттар әлемінде өмір сүруі тиіс. Ардақты сахаба Әбдірахман бин Ауфтың (р.а.) мына сөздері бұл шындықты қандай көркем баян еткен десеңізші:

«Ислам діні нәпсіге ауыр тиетін, орындалуы қиын кейбір бұйрықтарды әкелді. Біз ең қайырлы жақсылықтарды дәл осы нәпсіміз қаламайтын, орындалуы қиын бұйрықтардың ішінен таптық. Мәселен, Алла Елшісімен (с.ғ.с.) бірге Меккеден шығып, һижрет еткен едік. Нәпсімізге ауыр тиген сол көштің арқасында бізге үстемдік пен жеңіс нәсіп болды. Сондай-ақ, Алла Тағала Құран Кәрімде:

«(Уа, Мұхаммед!) Раббың Сені үйіңнен хақ жолында (соғысқа) шығарғанда, мүміндердің бір тобы мұны мүлдем қаламаған еді. Ақиқат анықталғаннан кейін де, олар көз алдында өлімге айдалып бара жатқандай Сенімен (жиһад жайында) тартысқан болатын» (Әнфал сүресі, 5-6 аяттар).

Міне, осы аятта айтылғандай, біз Алла Елшісінің қасында Бадр шайқасына аттанған едік. Алла Тағала сол жерде де бізге үстемдік пен жеңіс сыйлады. Яғни, біз ең үлкен жақсылықтарға әрдайым осылай нәпсімізге ауыр тиетін істер арқылы қол жеткіздік».

Жаратушы Хақ Тағала баршамызды әр уақытта және әр жерде Алланың ризалығын іздеп таба алатын ариф (көкірегі ояу) құлдарынан ете көрсін. Нәпсінің жетегінде кетіп, ақыретін ұмытқан бақытсыз жандардың күйін кешуден Өзі сақтасын. Көңілімізді иманның нұрымен және Алланы зікір етудің тыныштығымен толтырсын.

Әмин!..


Osman Nuri Topbaş, Gençler Soruyor, Erkam Yayınları

0 пікір