Мұсылман үмбетіне Рамазан айында берілетін бес ерекшелік
Мұсылман үмбетіне Рамазан айында берілетін бес ерекшелік
4 жыл бұрын 4612

Фықһшы ғалым Әбу Ләйс әс-Самарқанди (рахматуллаһ) өзінің «Тәнбиһул ғофилин» атты еңбегінде  мынадай бір риуаятты «иснадымен» (иснад - хадистерді жеткізушілердің тізбегі) келтіреді.

Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен бұл хадисте ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм былай деген:

 أُعْطِيَتْ أُمَّتِي خَمْسَ خِصَالٍ فِي رَمَضَانَ، لَمْ تُعْطَهَا  أُمَّةٌ قَبْلَهُمْ

«Алдыңғы өткен үмбеттерге берілмеген бес ерекшелік - Рамазан айында менің үмбетіме берілді. Ол бес ерекшелік төмендегідей:

1) Ораза ұстаушының аузынан шыққан жағымсыз иіс – Алланың қасында мисктің иісінен де хош иісті. (Миск – хош иіс, мускус).

خلوفُ فمِ الصَّائمِ أطيبُ عند اللهِ من ريحِ المسكِ

2) "Періштелер ауыз бекіткен адамдар үшін ауыздарын ашқанға дейін Алладан кешірім тілеп тұрады".

وَتَسْتَغْفِرُ لَهُمُ الْمَلَائِكَةُ حَتَّى يُفْطِرُوا،

3) Рамазан айында шайтандардың қаныпезерлері кісенделіп, ол айда өзге айлардағыдай зиян тигізе алмайды.

وَيُصَفَّدُ فِيهِ مَرَدَةُ الشَّيَاطِينِ، فَلَا يَخْلُصُوا فِيهِ  إِلَى مَا كَانُوا يَخْلُصُونَ إِلَيْهِ فِي غَيْرِهِ،

4) Алла Тағала әр күні пейішін әсемдеп, оған (пейішке): «Салиқалы құлдарымның, олардан тұрмыстың тауқыметі мен зардабы алынып тасталып, саған келулері жақын» - дейді. (Бұл жерде – ізгі іс істейтін салиқалы жандардың пейіштік болары сүйіншіленуде). .

وَيُزَيِّنُ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ كُلَّ يَوْمٍ جَنَّتَهُ، ثُمَّ يَقُولُ: يُوشِكُ عِبَادِي الصَّالِحُونَ أَنْ يُلْقُوا عَنْهُمُ الْمَئُونَةَ وَالْأَذَى وَيَصِيرُوا إِلَيْكِ،

5) Рамазанның соңғы түні ораза ұстаушылардың күнәларын Алла Тағала кешіреді. Мұны естіген сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн – Қадір түні ме?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) оларға: «Жоқ (ол түн - қадір түні емес). Бірақ та, амал етушінің жасаған ісінің қарымтасы - бастаған ісін соңына дейін толық аяқтағаннан кейін берілмек!» - деп жауап береді[1].

وَيُغْفَرُ لَهُمْ فِي آخِرِ لَيْلَةٍ " قِيلَ: يَا رَسُولَ اللهِ، أَهِيَ لَيْلَةُ الْقَدْرِ؟ قَالَ: " لَا، وَلَكِنَّ الْعَامِلَ إِنَّمَا يُوَفَّى أَجْرَهُ إِذَا قَضَى عَمَلَهُ "


[1] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: "Тәнбиһуль ғофилин"; Имам Ахмед: «Мүснәд». №7917. Әлсіз хадис.  

А. Қасым
0 пікір