Мұхаммед пайғамбарды түсінде көрудің мән-маңызы
Мұхаммед пайғамбарды түсінде көрудің мән-маңызы
1 жыл бұрын 7453

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) - әлемдерге мейірім шуағы болып жіберілген тұлға. Оны көзбен көрген де, түсінде көрге де бақытты! Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сахих хадисінде: «Кім мені түсінде көрсе, өңінде көргенмен тең, өйткені шайтан менің бейнемде көріне алмайды» деген еді. Және де бір әлсіз хадисте: «Кім мені түсінде көрсе, ешқашан тозаққа кірмейді» делінген екен. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) әркімнің түсіне кіре бермейтіндігі де анық әрине. Көбіне салиқалы, тақуа жандарға кіреді.

Жалпы пайғамбар атаулыны түсінде көрудің екі түрлі мәні бар:

  • 1) Бір жақсылықтың сүйіншісі.
  • 2) Бір жамандықтың ескертушісі.

Кім пайғамбарлардың бірінің кескін-келбетін анық көрсе, бұл түс көрушінің игі және абыройлы жан екендігінің белгісі, ал пайғамбарлардың бірінің түр-тұрпатының өзгеріп, қабағын түйген күйінде көрсе, бұл оның ауыр күнәға барып жүргендігіне ескерту.

Ендеше, Мұхаммед пайғамбарымызды түсінде көргеннің қандай мән-мағыналары бар екен, соны қысқаша айта кетелік. Атақты түс жорушы тәбиғин ғалым Ибн Сирин Мұхаммед пайғамбарды (с.а.у.) түсінде көрудің пайдаларын атап өткен. Олар төмендегідей: 

  1. Қарызы бар адам қарызынан құтылады.
  2. Сырқат адам сырқатынан жазылады.
  3. Соғыс жағдайында көрген адам, соғыста жеңіс табады.
  4. Құнарсыз жерде көрсе, ол жер құнарланып, жасылданады.
  5. Әділетсіздік жайлаған елде көрсе, ол елде әділдік орнайды.
  6. Қауіп-қатерлі жерде көрсе, аман-саулық пен тыныштыққа қол жеткізеді.
  7. Мұхаммед пайғамбарды жүзі сұп-сұр, азып-тозып, ескі-құсқы киімде көрсе, бұл сол аймақта Дін Исламның әлсіреп, түрлі бидғат дүниелердің етек алғандығын білдіреді. (Бидғат - дінде жоқ, дін негіздеріне қайшы істер мен наным-сенімдер).
  8. Мұхаммед пайғамбарды көлікте мінген күйі көрсе, Оның қабірін көлікпен зиярат етеді.
  9. Жаяу күйінше көрсе, қабірін жаяу барып зиярат қылады.
  10. Мұхаммед пайғамбарды тіке тұрғанын көрсе, оның (түс көрушінің) және жергілікті басшының мемлекеттік істері дұрысталатындығын білдіреді.
  11. Мұхаммед пайғамбардың бір қираған аймақта азан айтқанын көрсе, ол аймақтың болашақта қайта қалпына келіп, көркейетіндігін білдіреді.
  12. Мұхаммед пайғамбар оны өзіне өкіл қылған болса, бұл мал-дүниесінен зекет беру керек екендігін білдірмек.
  13. Мұхаммед пайғамбардың қайтыс болғанын көрсе, бұл оның (түс көрушінің) ұрпағынан біреудің қайтыс болатындығына ишара.
  14. Мұхаммед пайғамбарымыздың өлі денесінің бір елді-мекенде тұрғанын көрсе, ол елді-мекенді үлкен бір қайғы басатындығына ишара.
  15. Өзін Мұхаммед пайғамбарымыздың баласы екендігін көрсе, бұл оның (түс көрушінің) қалыс иманға ие екендігін көрсетеді.
  16. Кім өзін Мұхаммед пайғамбардың әкесі екендігін көрсе, бұл оның (түс көрушінің) иманының әлсіздігін көрсетеді.
  17. Кім Мұхаммед пайғамбардың оған тағам немесе сусын, не болмаса, дүниелік бір нәрсе бергенін көрсе, ол (түс көруші) берілген нәрсенің көлеміндей жақсылыққа қол жеткізеді1.

Алла Тағала түсімізде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) күлімсіреген мүбәрак жүзін көруді жазсын. Уасаллаллаһу Тағала аля Расулиһиль Кәрим Мухаммедин уә аля әлиһи уәсахбиһи әжмәъин!

Тұрғын Нұғман


1Ибн Сирин: «Түстердің тәпсірі», (араб тілінде).

0 пікір