Меншігінде жоқ дүниені сату (Ислам экономикасы)
Меншігінде жоқ дүниені сату (Ислам экономикасы)
3 жыл бұрын 4139
Дайындаған Абдусамат Қасым

1) Меншігінде жоқ дүниені сату 

Ислам ғұламаларының көпшілігінің тоқтамы бойынша сауда келісімі іс жүзіне асуы үшін сатылатын зат – іс жүзінде қолда бар болуы керек. Иелігінде жоқ затқа келісім жасаспайды. Мысалы, өсіп шықпай тұрып егінін сату (өйткені еккен егіні өнім бермеуі мүмкін), малдың ішіндегі төлін туылмай тұрып сатуы (өйткені төлі өлі туылуы мүмкін), сауылмай тұрып малдың желініндегі сүтті сату (өйткені желіні жай ісіп тұрған болуы мүмкін) т.б. Бұндай келісімдер шариғатта «бәтыл» саналып, екі жақты сауда келісімі жүзеге аспайды.

Ханафи мәзхабында

Сатылатын заттың сауда келісімі барысында меншігінде бар болуы керек деген шарт, Ханафи және Шәфиғи мәзхабтарында - Исламдағы сауданың негізгі талаптарының бірі. Меншігінде жоқ затты саудалау - екі жақты «сауда келісімін» негізсіз күйге айналдырады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бірнеше хадисінде меншігінде жоқ дүниені сатудан тыйған. Сондай хадистің бірінде, Хәким ибн Хизам есімді сахаба (р.а.) былай дейді:

«Мен Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Уа, Расулаллаһ! Маған кейбір кісілер менде жоқ затты сұрап келеді. Мен, ол (зат менде болмаса да) сатып, артынан ол затты базардан сатып әкеліп оған тапсырамын» - дедім. Алла елшісі (с.а.у.) маған: «Өзіңде болмаған затты сатпа!» - деді» дейді сахаба» [1].

Амр ибн Шуъайбтан (р.а.) жеткен хадисте де Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Кісінің иелік етпейтін нәрсесін сатуына рұқсат жоқ»[2].  

(Алайда, «жоқ затқа келісім жасалмайды» дейтін мәзхаб ғалымдары: «сәләм» саудасын, «жалға беруді», «мүсәқат» және «истиснаъ» саудаларын аталмыш ережеден тыс деп есептеген).

Ханбали мәзхабында

Осы тұрғыда, Ханбәли мәзхабында «қолда жоқ затқа» келісім жасаса береді. Бастысы алдағы уақытта қолда бар болатыны нақты білінсе болғаны. Мысалы, бұл мәзхаб бойынша, әлі соғылмаған үйді макетіне қарап немесе суретіне қарап сатуға болады. Өйткені, олардың пікірінше «жоқ нәрсені сатудан тыйятын» нақты шариғи дәлел келмеген. Бірақ алушының қолына тапсыра алмайтын затын сатудан шариғат тыйяды, оны олар «ғарар» дейді. Мысалы, қашып кеткен жылқысын сату, асау түйені сату немесе қазір де, болашақта да бар болатыны нақты емес затты сату т.б.  

Қысқаша айтқанда, Ислам ғалымдары «кісінің меншігінде жоқ дүниені» сатудың шариғи тұрғыда дұрыс емес екендігі төңірегінде топтасады. Ғалымдардың көпшілігі оның себебін «сатылатын заттың келісім барысында болмауы» деп түсіндірсе, Ханбали ғалымдары оны (яғни, меншігінде жоқ дүниені сатудың дұрыс еместігін) - "саудаға салынған затты дер кезінде алушының қолына тапсыра алмауы" екендігімен байланыстырады, ал әдет-ғұрып бойынша, уақытында нақты қолда бар болатындай сипаттағы зат болса, ол жағдайда меншігінде емес дүниені саудалай алады[3]

Ибн Тәймия бойынша

Хәнбали мәзхабы ғалымдарынан Ибн Тәймия бойынша: саудагер тауардың нарықта бар жоғын нақты білмесе «базардан табармын» деген үмітпен қолында жоқ тауарды алдын-ала сатуына болмайды, онысы «ғарар» саудасы болып, харам үкімін алады, өйткені алдын-ала сатқан заты базарда болмай қалуы мүмкін, болса да бағасы оның келіскен бағасынан қымбат болып шығуы мүмкін. Ал бірақ, саудагер алушыдан мәулет (уақыт) сұрап, белгілі бір бағаға келіспей тұрып, оның іздеген тауарының нарықта бар-жоғын және бағасын нақтылап алып, одан кейін алушыға ұсынса, онысына рұқсат. Одан соң алушы өз еркі - алам десе де, алмаймын десе де. Себебі, Ибн Тәймияның пікірінше (Аллаһу аъләм), сататын заты қол жетімді жерде болса (мейлі басқа саудагерден қамтамасыз ететін болса да), әрі ол заттың нарықтағы бағасын нақты біліп тұрса, бұл жағдайда ол зат «хүкми» тұрғыда саудагердің қолында бар боп есептеледі және ондай сауда келісімі Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Өзіңде болмаған затты сатпа» деген тыйымының аясына кірмейді[4].

Шейх Ибн Тәймияның осы тұжырымына қарасақ, бүгінде тендер саудасына қатысып, өзінде болмаған тауарды ұсынуы көпшілік Ислам ғалымдарының тұжырымына қайшы болғанымен, Ибн Тәймияның көзқарасымен ұштасатынын көреміз. Бастысы - уақытында әкеп табыстай алатындай ұсынған тауарының нарықта бар-жоғын нақты білген болуы керек (нақты білмесе болмайды) және нарықтағы нақты бағасын білген болуы керек. Аллаһу аъләм.  

2) Сатылған затын алушының қолына тапсыра алу шарты 

Төрт мәзхабтың төртеуінде де "алушының қолына тапсыра алмайтын" затты саудалауға болмайды, ондай затты саудалаған күннің өзінде сауда келісімі бұзылып, келісім негізсіз күйге енеді. Мысалы, аспандағы құсты сату (өйткені аспандағы құсты алушының иелігіне тапсыра алмайды), судағы балықты сату (судағы балықты алып беруге шамасы жетпеуі мүмкін), қашып кеткен жылқыны сату т.б.  

Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «ғарар» саудасынан (ықтималды саудадан) тыйған. Ғарар деген, нәтижесі белгісіз дүние. Алушының қолына тапсыра алатыны күмәнді затты сатуы да, нәтижесі белгісіз сауда болғандықтан, «ғарар» саудасына жатады. Ғалым Қирафи «ғарарға»: «қол жеткізе ме, жоқ па, нақты білінбейтін дүние» деп анықтама берген. Осыған қарағанда, егер сатқан заты "алушының меншігіне тапсыра алмайтындай" сипатта болса, онысы ғарар сауда болып, келісім негізсіз саналады да, келісім мүлдем болмағандай күйге енеді[5].

3) Сатып алған дүниесіне қол жеткізбей тұрып басқа біреуге сату

Сатылатын затқа қатысты шариғаттың қойған тағы бір талабы – сатушы сататын затына ақиқи тұрғыда немесе хүкми тұрғыда қол жеткізген болуы тиіс. Бұл шарт - сауданың «сиххат» шарттарына жатады (сиххат шарттары – шариғатқа сай, дұрыс болу шарттары). Осыған қарағанда, сатып алған затына қол жеткізбей тұрып, өзгеге сату – «фәсид» үкімін тудырып, келісім бұзылады, мейлі ол хүкми тұрғыда меншігіне өткен зат болса да. Бұл шарттың негізінде мына хадис жатыр: «Кім азық сатып алса, оны толықтай қолға түсірмей жатып сатпасын»[6].

Алайда Ислам ғұламалары бұл шартқа әртүрлі түсініктеме берген. Мәселен, Имам Шәфиғи мен Имам Мұхаммед (рахимаһумаллаһ) «не зат болса да, оны қолға түсірмей жатып сатуға болмайды» десе, Имам Ахмед «бұл шарттың азық түріндегі заттарға ғана қатысты, одан өзге заттарға қатысы жоқ» деген пікір білдіреді.

Имам Ахмедке (рахимаһуллаһ) қарағанда, азық түріндегі затты сатып алып, оны қолға түсірмей тұрып өзгеге сатуға болмайды, азықтан өзге заттарды қолға түсірмей тұрып үшінші адамға сата алады (Кейбір кітаптарда Имам Мәлік те азықтан басқа заттарды қолына түсірмей тұрып өзгеге сата алады, ал азықтарды қолға түсірмей тұрып сата алмайды).

Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуф (рахимаһумаллаһ) бұл қағиданы тек жылжымалы мүліктерге қатысты, ал жылжымайтын мүліктерді сатып алғаннан кейін, үшінші адамға сата беруге болады дейді[7]. Өйткені үй, жер сияқты жылжымайтын мүліктерде "ғарар" сипаты тумайды. Яғни, жылжымайтын мүліктерді сатып алғаннан кейін бұзылу, жоғалып кету, жойылып кету деген ықтималдықтар жоқ, сол себепті Имам Ағзам Әбу Ханифа жылжымайтын мүліктерді сатып алғаннан кейін, оны келесі адамға сата беруге болады деген. Ал жылжылмалы мүліктерді қолға түсірмей тұрып сату - қауіпті, өйткені онда "ғарар" бар, яғни, сатып алған заты қолға түспей тұрып жойылып кетуі мүмкін, оның қолына жетем дегенше жоғалып кетуі мүмкін т.б. Мұндағы "илләт" (себеп) - ғарар[8]

Қорыта айтқанда

Ислам сауда-саттық ережесі бойынша, кісі өзінде болмаған затты келесі адамға сата алмайды. Бұл шарт - Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Сенде болмаған затты сатпа!» деген хадисінен туындаған. Өзінде болмаған затты сатпаудың өзіндік пайдасы жоқ емес. Сатып қойған затына әлдебір кедергілер себепті қол жеткізе алмай, арты ұрыс-керіске айналуы мүмкін. Мұндай орынсыздықтар болмас үшін, дініміз сатушының алдымен өзі иемденіп, одан соң сатуын бұйырады. 

Өзінде болмаған затты сатпауды сауданың басты негіздерінің бірі ретінде есептейтіндер - көпшілік ғұламалар. Бірақ Ханбали ғалымдары, өзінде болмаған затты сатуға рұқсат берген. Бастысы ол зат «қол жетімді зат» болуы шарт[9]. Әлхамдулилләһи Раббиль Аләмин.


[1] Имам Тирмизи: «Сүнән», №1232 хадис.
[2] Имам Нәсәи, №4612 хадис.
[3] Проф. Доктор: Уаһбәту Зуһайли: "әл-Муъамәләтуль Мәлияутуль Муъасыйра", 489 бет.
[4] Ахмед Абдульмәжид: «Лә әбиъ мә ләйсә ъиндәк». (albayan ae; fiqh.islamonline net).
[5] Проф. Доктор: Уаһбәту Зуһайли: «Мәусуғатуль Фиқһиль Исләми». 4\75 бет.

[6] 
Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[7] Шейх Мұхаммед Тақи Усмани: «Фиқһуль Буюъ». 1/379 бет.
[8] Проф. Доктор: Уаһбәту Зуһайли: "әл-Муъамәләтуль Мәлияутуль Муъасыйра", 492 бет.
[9] «Қолда жоқ тауарды сатуға бола ма? Тапсырыс берген заты қолға тимей жатып, үшінші адамға сатуға бола ма?». Islam.kz

0 пікір