«Мен өзімді мұнафиқпын ба деп қорқамын!» деген кісіге сахабаның айтқаны
«Мен өзімді мұнафиқпын ба деп қорқамын!» деген кісіге сахабаның айтқаны
2 ай бұрын 1359 islam.kz/
А. Қасым

Ұлы ғұлама, Ислам дініндегі мүжтәһид ғалымдарының бірі Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбәни (Алла одан разы болсын) өзінің "Китәбуль Әсәр" атты деректер жинағында мынадай бір дерек келтіреді:

١٩٧ - مُحَمَّدٌ، قَالَ: أَخْبَرَنَا أَبُو حَنِيفَةَ، قَالَ: حَدَّثَنَا جَوَّابٌ التَّيْمِيُّ، عَنْ ⦗٥١٩⦘ أَبِي مُوسَى الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَجُلًا أَتَاهُ، فَقَالَ: إِنِّي أَتَخَوَّفُ عَلَى نَفْسِي النِّفَاقَ، فَقَالَ لَهُ أَبُو مُوسَى: «أَمَا صَلَّيْتَ قَطُّ حَيْثُ لَا يَرَاكَ أَحَدٌ إِلَّا اللَّهُ» قَالَ: بَلَى، قَالَ: «فَإِنَّ الْمُنَافِقَ لَا يُصَلِّي حَيْثُ لَا يَرَاهُ أَحَدٌ إِلَّا اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ»

Имам Мұхаммед (р.а.) айтады: Бізге Әбу Ханифа хабар берді, Ол (Әбу Ханифа) айтты: Бізге Жәууәб әт-Тәймий, Әбу Мұса Әшғариден былай деп хадис жеткізді: «Бір кісі Әбу Мұса әл-Әшъариге келіп (р.а.): «Мен өзімді мұнафиқпын ба, деп қорқамын!» - деп айтады. Сонда Әбу Мұса (р.а.): «Сен Алладан басқа ешкім көрмейтін жерде болсаң да намаз оқисың ба?» - деп сұрайды. Ол: «Иа!» деп жауап береді. Әбу Мұса (р.а.): «Шынында Мұнафиқ Алладан басқа ешкім көрмейтін жерде намаз оқымайды!» - деп айтады»1.

Бұл риуаяттан түсінеріміз

Бұл риуаят Исламдағы екіжүзділік, яғни, мұнафиқтық мәселесіне қатысты маңызды түсінік беретін дерек. Хадисте бір кісі сахаба Әбу Мұса әл-Әшъариге (р.а.) келіп, өзінің мұнафиқ болып қалуынан қорқатынын айтады. Мұнафиқтық – Исламда өте ауыр күнә, ол адамның сырттай мұсылман болып көрініп, іштей мұсылманшылыққа күмәнмен қарайтын адамды білдіреді. (Дегенмен, мұнафиқтықтың да сатылары бар. Мәселен, шын мағынада мұнафиқ адам болады және шын мағаныда мұнафиқ емес, бірақ мұнафиқтықтың белгілері бойынан табылар адам болады). 

Жоғарыдаға риуаятта сауал сұраған кісінің жүрегінің тазалығына күмәндануы оның иманының беріктігін және Алла алдындағы жауапкершілігін сезінетінін көрсетеді. Ал ардақты сахабаның (р.а.) оған: «Сен Алладан басқа ешкім көрмейтін жерде намаз оқыдың ба?» деп сұрауы: мұнафиқтықтың басты белгісі – ғибадатты тек адамдарға көрсету үшін жасау екендігін ұқтыруға бағытталған.

Және де сахаба Әбу Мұсаның (р.а.) әрі қарайғы сөзі де маңыз аударарлық: «Шын мәнінде, мұнафиқ Алладан басқа ешкім көрмейтін жерде намаз оқымайды». Бұл сөз де мұнафиқтық дертінің негізгі мәнін ашып отыр. Яғни, шынайы мұсылманның ғибадаты Алланың разылығы үшін жасалады, ал мұнафиқ тек адамдардың көз алдында ғана діндар болып көрінеді. Сондай-ақ, сахабаның ол сөзі ешкім көрмейтін жерде де намазын дұрыс оқу – адамның ыхлас (шынайылық) деңгейін тексеретін маңызды өлшем екендігін ұғындырып отыр. 

Бұл хадистің тағы бір маңызды аспектісі – Әбу Мұсаның (р.а.) сұрақ арқылы мұсылманды өз ниетін тексеруге шақыруы. Хадис мұсылмандарды өздерінің ғибадаттары мен ниеттерін үнемі бақылап, тексеріп отыруға үндейді, сонымен қатар, мұсылман адамның өзін-өзі сұраққа алып, істеген істерін таразылап жүруін үйретеді.

Осы «Әсәр»2 арқылы мұсылмандарға ғибадаттың сыртқы формасы ғана емес, оның ішкі мәні де маңызды екені түсіндірілуде. Сондықтан, мұсылман әрқашан өз ниетін таза ұстауға және ғибадатын тек Алла үшін жасауға тырысуы керек. Құдай Тағала біздерді: «Олар көрер көзге оқиды»3 деген аяттағы пенделерден болудан сақтасын! 


1Имам Мұхаммед: «Китәб әл-Әсәр». №248 хадис.
Хадис ғылымында "Әсәр" деп, сахабалар мен тәбиғиндердің және әтбағут-тәбиғиндер мен олардан кейінгі дін ғұламаларының бізге жеткен сөздері мен істерін айтады.
3 Құран: «Мәъун» сүресі, 6 аят.

0 пікір