Мәуліт мәртебесі
Мәуліт  мәртебесі
5 жыл бұрын 3527
Серікбай қажыОРАЗ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти.

Мәуліт – дана халқымыз қадым замандардан бері мерекелеп келе жатқан ұлттық мейрам десе болады. Ардақты Елшінің (с.ғ.с.) мәулітін жырмен жырлап, ұйып тыңдайтын ғұрпы бар еді. Діннен жырақтап кеткен жетпіс жылда ұлт жадынан ұмытыла жаздаған жағдайы бар. Бүгінде осынау игі дәстүрді қайта жаңғыртып жатырмыз.

Мәуліт сөзі арабша туылу, туылған уақыты деген мағыналарды білдіреді.

Бұл – адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың туған уақытына байланысты тойланатын мейрам. Пайғамбардың (с.ғ.с.) көзі тірісінде тойланбаған, ол дүниеден өткеннен кейін бірнеше ғасырлардан соң аталып өте бастаған игі бастама. Сондықтан да шариғат ғұламаларының басым бөлігі Мәулітті бидғат хасана, құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы уәждері де бар.

Сахих хадисте Пайғамбардың (с.ғ.с.):

«Дүйсенбі күні ораза тұтамын. Себебі мен сол күні туылғанмын әрі сол күні маған пайғамбарлық берілді», - деп, пайғамбарлықпен бірге өзінің өмірге келгені үшін жыл емес, ай емес, апта сайын Раббысына шүкіршілік ретінде қосымша құлшылық орындайтынын жеткізген. Бұл үмметі үшін де үлкен үлгі.

Олай болса, ғаламның Жаратушысы: «Біз сені әлемдерге мейірім-рақым ретінде ғана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят) - деп куәлік еткен Елшіні (с.ғ.с.) қалайша ұлықтамаймыз?! Қазіргі заманда адамзатқа өзара мейірім, рақым, шапағат жетіспейді. Қоғамда орын алып тұратын небір келеңсіздіктер, дау-дамай, талас-тартыс, кикілжің, текетірестердің түпкі негізі бір-біріне деген рақымшылық пен кешірімділіктің жетіспеуі, тіпті жоқтығы десе де болады. Күллі әлемге мейірім, рақым ретінде жіберілген Пайғамбардың (с.ғ.с.) салып кеткен сүннет жолын берік ұстанғанда ғана алуан түрлі түйткілдің түйіні оңай тарқатылары хақ.

Біздің қазіргі жағдайымызда Мәуліт мерекесін тойлау міндетті десек те болады. Себебі, басқаны қойғанда мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс Пайғамбардың (с.ғ.с.) аты-жөнін де жөнді білмейтін, дін ұстындарын дұрыс түсінбейтін жандар баршылық.

Сондықтан Мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар (с.ғ.с.) туралы, Оның (с.ғ.с.) алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтап жалғастыру жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары туралы үгіт-насихат жүргіземіз. Осындай зор мүмкіндікті қалт жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз. Расында, бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Ендеше адамзаттың Ардақтысының (с.ғ.с.): «Қашан мені бала-шаға, ата-ана және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше имандарың кәміл болмайды» деген өсиетіне амал етіп, иманымызды толықтыруға барынша тырысайық.

Жаратқан Ие Құран Кәрімде былай дейді:

 «Шын мәнінде, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер, сендер де оған салауат, сәлем айтыңдар!» («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

Аятта атап өтілген салауат сөзі Алла Тағаланың рақым-мейірімі әрі Пайғамбарды (с.ғ.с.) періштелеріне мадақтауы, ал періштелерден жарылқау тілеу, ал адамдардан дұға, тілек айту дегенді білдіреді.

Әлқисса, қазіргі қазақ тілінде салауаттылық сөзінің мағынасы көшелілік, парасаттылық, ұлағаттылық деген мағыналарды да қамтиды. Сонымен қатар, теріс әдеттерден ада, денсаулығын күтіп ұстайтын ар-ұятты жанды салауатты өмір салтын ұстанушы деп атайды.

Шынтуайтында, бұл сөздің түпкі мағынасы дініміздегі Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту деген мағынадан өрбиді. Абыз жыршы Әбубәкір Кердері айтқандай:

Ағузі мен бісміллә – әрбір сөздің бастауы,

Әлхамдулилла, салауат – мұсылман пенде аузынан дұрыс емес тастауы.

Ақиқатында, Пайғамбарға (с.ғ.с.) көп салауат айтатын жан – нағыз парасатты мұсылман, мақтаулы үмметке лайықты ардақты һәм ұлағатты жан. Мұндай адам халық арасында да дұғасы қабыл болатын салауатты, салиқалы мүмін деп сипатталған.

Салауат Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген құрметтің, сүйіспеншіліктің, ыстық ықыластың, адалдықтың белгісі. Салауат айтуымыз Пайғамбардан (с.ғ.с.) бұрын өзіміз үшін қайырлы. Әнәс ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он мәрте са-лауат жолдайды да, оған разы болады. Оның он күнәсін кешіреді», - деген.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауатты алуан түрлі жолдармен айтатындар, өлеңге қосып өрбітіп, термемен, ән-жырмен жеткізетіндер бар. Дегенмен, ең қысқа түрі: «Аллаһумма салли уа сәллим алә сәйидинә Мухаммәд уа сәллим».

Ақиқатында, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзбеді, көңілдердегі кірбіңді, қайғы-қасіретті кетірді, әлсізді демеді, шектен асқанды сабасына түсірді, күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндірді, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті, ізіне ерген ізгілерді жасампаздыққа, жарқын болашаққа бастады. Артындағы бізге пәни дүниеде бағдаршымыз болатын Алла Тағаланың кәләмі – Құран Кәрім мен өзінің сүннетін – түні де күндей жарқыраған, рухани соқырдан өзге жан адаспай табатын сара жолды қалдырды.

Оны (с.ғ.с.) досымен бірге дұшпаны да мойындады. Есімі аталғанда еріксіз құрметпен бас иді. Оның (с.ғ.с.) бетіне басатын ешбір айыбын, кемшілігін таба алмады. Сөзі мен ісінің шынайылығына қарсы ешбір уәж айта алмады.

Өйткені Ол (с.ғ.с.) – екі дүниенің сардары, әлемдерге жіберілген иләһи рақым нұры, адамзат ұрпақтарының ішіндегі ең абзалы, Жаратқан Иенің ең сүйікті құлы әрі ардақты Елшісі (с.ғ.с.).

Ендеше ардақты Елшінің (с.ғ.с.) шарапатты Мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болғай! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сын-сипатын жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп еткей! Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылық пен бауырмалдықтың арта түсуіне, Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне бойсұнып, тыйымынан тыйылуға бір сеп болғай!

Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты мырзамыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Жаратушының жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болатындай сансыз салауаты мен сәлемі болғай!

«Иман» журналы, (№11, 2019 жыл)

0 пікір