Көреалмаушылықтың зияны мен деңгейлері (хадис)
Көреалмаушылықтың зияны мен деңгейлері (хадис)
1 жыл бұрын 4836

Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен бір сахих хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген:

إياكم والحسد فإن الحسد يأكل الحسنات كما تأكل النار الحطب

«Іштарлықтан сақтаныңдар. Шынында көреалмаушылық жақсы амалдарды жойып жібереді, құдды от отынды жандырып жойып жіберетінідей». (Әбу Дәуід, «Сүнән»).


Хадистегі «Хасад» деген сөздің қазақшадағы тілдік мағынасы: «көреалмау», «іштарлық», «қызғану» деген мағыналарға саяды. Ал оның (Хасадтың) анықтамасы: әлдебіреудің қолындағы нығметті (жақсылықты) қөреалмай қызғану және онда ол артықшылықтың жойылуын тілеу. Хасад ету ауыр күнәлардың бірі. Оның ауыр күнә екендігін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) "... жақсы амалдарын жойып жібереді" деген сөзінен ұғамыз. 

Алла Тағала «Фәлақ» сүресінде хасад етушіден, яғни, көреалмаушының көреалмаушылығынан Аллаға сыйынуды бұйырған: «Көреалмаушының кесапатынан Аллаға сыйынамын де!» деп дұғаға қосуымызды кеңес еткен. Өйткені, іштар адамның зияны тек өзіне ғана емес, көреалмаған адамына да залалын тигізеді. Сондықтан да, Жаратушы Алла Тағала көреалмаушының тигізер кесапатынан сақта деп Аллаға сыйынуды үйретіп отыр.

Көреалмаушылықтың деңгейлері

Көреалмаушылықтың төрт деңгейі болады:

Біріншісі - көреалмайтын адамынан әлдебір нығметтің жойылып кетуін тілеп тұратын көреалмаушылық түрі, яғни, ондағы бар артықшылықты қызғанып, іштей сол нәрседен оның мақұрым болуын, сол нәрсесінің жойылып кетуін тілеп тұрады. Міне осыны «хасадтың» бірінші деңгейі деп алған ғалымдар.

Екіншісі - әлдебіреудің дүниесін қызғанып «онда болмасын, менде болсын» деп ойлау. «Одан кетсін, маған жетсін» деген қызғаныш. Бұл да күнә болып есептелінеді.

Үшіншісі - әлдекімнің қолындағы нәрсе менде де болса деп армандайды, бірақ, егер менде болмаса ода да болмасын деп тілейді. Бұл да күнә. 

Төртіншісі - «ғибта» деп аталады, бұл алдыңғы үшеуінен қарағанда жақсырақ, күнә емес. Ғибтаның анықтамасы: өзгеде бар нәрсені өзінде де болуды тілегенімен, өзгедегі ол артықшылыққа қызғанышпен қарамайды. Қызғаныштың бұл түрінде «менде болмаса, ода да болмасын» деген ой жоқ. Мұның баламасын «қызығушылық», «қызыға қарау» деуге болады. Бір сөзбен айтқанда «ақ қызғаныш» (белая зависть).

Қызғаныштың алдыңғы үшеуі - күнә болып есептеледі. Хадисте айтылғандай, ондай қызғаныш түрлері - кісінің жақсы амалдарын жойып жібереді. Сондықтан да, мұндай қызғаныш көкейде туа қалған заматта әғузуді айтып, Аллаға сыйынып, ондай күнәдан ішкі жан дүниесін арылтуға талпынуы тиіс. Әғузуді айтқан сайын шайтан да ондай жаман ойды азайтады.

Ал төртінші қызғаныш түрі күнә емес. Өйткені мұнда арам ой жоқ, ол жай қызығушылық.   

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

Тұрғын Нұғман

0 пікір