Коперник «Күн қозғалмайды» деген, ал Құран «Күн қозғалады» деп ашық айтады. Қазіргі ғылым не дейді?
Коперник «Күн қозғалмайды» деген, ал Құран «Күн қозғалады» деп ашық айтады. Қазіргі ғылым не дейді?
4 күн бұрын 1314
Абдусамат Қасым, Исламтанушы

Николай Коперник өзінің гелиоцентрлік дүние жүйесінде («De Revolutionibus Orbium Coelestium», 1543) Күнді мүлдем қозғалыссыз деп санаған. Коперниктің гипотезасы бойынша, күн - ғаламның орталығы, өзге планеталар оның айналасында айналып қозғалады.

Ал Коперниктен 9 ғасыр бұрын түскен қасиетті Құран аяттарында күннің өз орбитасында белгілі межеге қарай «жүзіп» қозғалып бара жатқандығы айтылады. Мәселен, «Ясин» сүресінде былай делінеді:

«وَالشَّمْسُ تَجْرِي لِمُسْتَقَرٍّ لَهَا»

«Күн өзінің (межеленген) орнына қарай жүзіп барады. Бұл - Құдіретті, білгір Алланың өлшемі»1.

Аталмыш аяттың түпнұсқасында осы шақ қалыбында «тәжрий» етістігі қолданған. Оның мағынасы: «жүзіп барады», «ағып барады», «жүгіріп барады», «қозғалып барады» деген ұғымдарға саяды. 

«Ясин» сүресінің 40 аятында болса күн мен айдың өз орбиталарында «жүзіп» бара жатқандықтары айтылған: 

«لَا الشَّمْسُ يَنْبَغِي لَهَا أَنْ تُدْرِكَ الْقَمَرَ وَلَا اللَّيْلُ سَابِقُ النَّهَارِ ۚ وَكُلٌّ فِي فَلَكٍ يَسْبَحُونَ» 

«Күн айды қуып жетпек емес. Түн де күндізді озбайды. Барлығы (өз) орбитада (немесе ғарыш кеңістігінде) жүзіп барады»2. 

Аяттың осы нұсқасында осы шақ қалыбында «йәсбәхун» етісті көпше түрде қолданылып отыр. Оның мағынасы: «жүзу» дегенді білдірмек. Яғни, күн де, ай да өзінің белгілі орбитасында жүзіп бара жатқандығы ашық айтылып отыр. Неге «жүзу» сөзі қолданылып отыр? Өйткені кеменің су бетінде қозғалып жылжуын «жүзу» деп айтатындығы секілді, Күн де ғарыш кеңістігінде құдды суда жүзген кемедей жүзіп бара жатады. Ғарыш аппаратын "Ғарыш кемесі" деп аталуы да бекер емес. Сол себепті де Күн мен айдың қозғалысына Құранда «жүзу» етістігі қолданылуда. Бұл Құранның сөздерді дәл, әрі нақты тауып қолданатын ерекшелігінің бір көрінісі. 

Ендеше, 14 ғасыр бұрын түскен Құран Кәрім «күннің өзінің межелеген орнына жүзіп бара жатқандығын» яғни, күннің қозғалатындығын ашық айтып отыр. 

Қазіргі ғылым не дейді?

Қазіргі ғылым Күн сағатына 828 000 шақырымдық жылдамдықпен «Геркулес» шоқжұлдызына қарай қозғалып бара жатқандығын айтады. Күн біздің Құс жолы галактикасының ортасында қозғалуда. Ол 230–250 миллион галактикалық жылда галактиканы толық айналып шығады делінеді. Және де күн Галактикамен бірге «Ұлы Аттракторға» қарай қозғалуда. 

Күннің қозғалатындығын ғылым қашан анықтады?

Неміс ғалымы, метматик, астроном Иоганн Кеплер (1571-1630 ж.) барлық планетаның эллиптик орбита бойынша қозғалатындығын айтқан. Бұл одан 10 ғасыр бұрын түскен Құран аятындағы «барлығы орбитада жүзіп барады» деген аятымен ұштасады. 

Мәліметтерге қарағанда, Күннің қозғалатындығы 19-20 ғасырда ғана нақты анықталған. Бүгінде күннің де қозғалыс үстінде екендігі және белгілі жөнде жүзіп бара жатқандығы ғылыми шындық. Ал бұл шындық қасиетті Құранда он төрт ғасыр бұрын ашық әрі анық айтылып қойған. 

Осы орайда, мынадай сұрақ туындайды: егер Құран Кәрім адам сөзі болса, оқу, жазу білмейтін және құрмадан пұт жасап табынатын әрі астрономиядан мүлдем хабарсыз, қараңғы қоғамда өмір кешкен Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) күннің белгілі жөнде өз орбитасында қозғалып бара жатқандығын қалай білген? Егер, Ол (Мұхаммед пайғамбар) философ, ғалым болғанда немесе оның қолында көне халықтардың ғылыми кітаптары болғанда, айтуға болар еді мұндай жаңалықты бір жерден оқып алды деп. Алайда, Ол (с.а.у.) көкірек көзі ояу, парасатты дана болғанымен, не оқу білмейтін, не жазу білмейтін, әрідесе, ғылыми орталықтардан мыңдаған шақырым ұзақтықта - сахарада өмір кешкен тұлға еді.

Олай болса, қалайша күннің қозғалатындығын, айдың қозғалатындығын, жердің жеті қабаттан тұратындығын, көктің жеті қабаттан тұратындығын, адам баласының жатырдағы үш қараңғылықта жетілетіндігін т.б. осы сияқты көптеген күрделі ғылыми жаңалықтарға толы теңдесіз Кітап жазуы мүмкін? Бұл мүмкін емес нәрсе. Ендеше, оның бір ғана жауабы бар: Құран Кәрім - адам сөзі емес. Ол - бүкіл ғаламды, ғарышты, көкті және ондағы заңдылықтарды жаратқан дара Құдай Тағаланың сөзі деуден басқа шара жоқ. "Бұл кітап, шүбәсіз, тақуа жандар үшін тура жол". ("Бақара" сүресі).

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


Құран Кәрім: «Ясин» сүресі, 38 аят.
Құран Кәрім: «Ясин» сүресі, 40 аят.

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: