Кітап оқумен емделу әдісін естіп пе едіңіз? (Библиотерапия)
Кітап оқумен емделу әдісін естіп пе едіңіз? (Библиотерапия)
2 ай бұрын 1545
islam.kz

Кітап оқумен емдеу немесе библиотерапия (Bibliotherapy) бұл психикалық әрі эмоционалдық тұрғыда денсаулықты жақсарту, өзін-өзі дамыту және жеке қиындықтарды жеңу үшін мақсатты түрде кітап оқу арқылы емдеу әдісі. Оқитын кітап, мейлі әдеби болсын, мейлі психологиялық, діни немесе танымдық кітаптар болсын, бәрібір.

Кітап оқумен емделу әдісі адамдарға келесі мәселелерде көмектесу үшін жүйелі түрде пайдаланылады:

  • Сезімдері мен ойларын реттеу.

  • Уайым, мазасыздық, депрессия немесе психологиялық жарақаттармен күресу.

  • Өзіне деген сенімділікті ояту мен өзін-өзі тануын арттыру.

  • Сыни ойлау мен ой жүгірту дағдыларын дамыту.

Осы тұжырымдаманы XIX ғасырдың басында Анна және Зигмунд Фрейд сияқты медицина мамандары да қолдаған. Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай ауруханаларында кітапханалар ашылып, библиотерапия әдісі арқылы сарбаздардың психологиялық жарақаттарын емдеу әдісі кеңінен қолданыла бастады.

2009 жылы танымдық жүйк (когнитивті) нейропсихолог, доктор Дэвид Льюис кітап оқудың психикалық денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдейтін зерттеу жүргізді. Оның зерттеу нәтижелері көрсеткендей, кітап оқу күйзеліс деңгейін төмендетуде басқа релаксация әдістеріне қарағанда тиімдірек және жылдамырақ әсер етеді. Алты минут бойы үнсіз кітап оқу күйзелісті 68%-ға төмендеткен екен. Салыстырмалы түрде, музыка тыңдау – 61%, бір кесе шай ішу – 54%, ал жаяу серуендеу – 42% көрсеткішке ие болған.

Библиотерапия қашан пайда болды?

Бұл әдістің тарихы тереңде жатыр. "Библиотерапия" терминін алғаш рет 1916 жылы америкалық журналист Сэмюэл Крозерс "Atlantic Monthly" журналындағы "Әдеби клиника" атты мақаласында қолданған. Ол бұл терминді "адамдардың кездестіретін проблемаларды шешуге көмектесу үшін кітаптарды пайдалану өнері" деп анықтады.

Алайда, кітаптың емдік қасиеті туралы идея одан да бұрын пайда болған:

  • Ежелгі Мысырда ІІ Рамзес патша кітаптарына арналған арнайы бөлме салдырып, оның есігіне "Жанды сауықтыру үйі" деп жаздырған деседі.

  • Грек философы Аристотель әдебиеттің емдік пайдасы бар екенін айтып, көркем әңгімелер оқуды ауруды емдеудің бір жолы деп санаған екен.

  • Араб және Ислам тарихында да атауы болмағанымен, кітаппен емдеу тәжірибесі болғанын көруге болады. Ежелгі ауруханалардың көбінде қызметкерлер мен емделушілерге арналған кітапханалар жұмыс істеген. Мысалы, 1272 жылы Каирдегі ауруханалардың бірінде емделушілерге медициналық емнің бір бөлігі ретінде Құран оқу тағайындалған.


Библиотерапияның тиімділігі

Көптеген терапевттер мен олардың пациенттеріне жүргізілген тәжірибелері кітап оқумен емдеудің таңғаларлық нәтижелер беретінін дәлелдеді. Осы саланың маманы және "Кітап оқудың емдік күші" (The Healing Power of Reading) атты кітаптың авторы Биджал Шах былай дейді:

"Мен өз клиенттерімнің оқу арқылы ем әдісінен айтарлықтай өзгергенін байқадым. Олардың кітаппен емделу процесіне шындап кірісуі керемет нәтижелер берді. Мен өз кітабымда қайғы, нейроәртүрлілік, қарым-қатынас, қатерлі ісік, тіпті ана болу сияқты тақырыптарды қамтитын оқиғаларды баяндаймын. Бұл салаға деген қызығушылық халықаралық деңгейде артып келеді және оған деген сұраныс та өсуде".

Библиотерапия қалай жұмыс істейді?

Биджал Шахтың айтуынша, оның тәжірибесі осы саланың маңызды бастаманың бірі, ол доктор Кэролин Шродестің еңбектеріне негізделген. Шродес 1949 жылғы диссертациясында психотерапия мен библиотерапияның ұқсастықтарын талдап, кітаптың емдік әсері болуы үшін онда үш негізгі сипат болуы керек екенін атап өтті: 

  1. Өзін кейіпкермен теңестіру (Identification): Оқырман кітаптағы кейіпкерлермен, жағдаяттармен немесе сезімдермен өзін байланыстырғанда, бұл оған өзін және өз жағдайын тереңірек зерттеп, түсінуге мүмкіндік береді. 
  2. Эмоционалды тазару (Catharsis) Өзін кейіпкермен теңестіру оқырманның ішкі ұқсас сезімдерімен байланыс орнатуына әкеледі. Егер бұл сезімдер сыртқа шығарылса, осындай эмоционалды босаңсу адамға жеңілдік сезімін сыйлайды.
  3. Терең түсінік (Инсайт Insight). Кітап оқу барысында кейіпкердің тәжірибесін жанама түрде бастан өткізу арқылы оқырман өзінің жеке жағдайына қатысты жаңа түсінікке ие болып, оны тереңірек ұғынады. Бұл оған жаңа көзқарас қалыптастыруға және өз мәселелерін шешудің тиімді стратегияларын табуға көмектеседі. Сондай-ақ, оқырманның өзіне және басқаларға деген жанашырлық сезімі артады.

Жоғарыда айтылғандардан байқағанымыздай, кітаппен емдеу әдісінің нәтижелі болуы үшін терең оймен және зейін салып оқу керек екен. Оқырман өзінің санасымен және сезімімен оқып отырған мәтінге толықтай еніп, кітап оны қысқа уақытқа болса да шынайы өмірден алшақтатуы тиіс. Оқырманның осылайша ойымен және сезімімен мәтінге енуі, оның жанындағы шынайы өмірден пайда болған жарақаттар мен сызаттарды қалпына келтіруі мүмкін.

Құрметті оқырман, "Библиотерапия" тақырыбымен және оның әдістерімен танысқаннан кейін, сіз үшін Алла Тағаланың «Біз Құраннан иман келтіргендер үшін шипа әрі рақым болатын нәрселерді түсіреміз» ("Исра" сүресі, 82-аят) деген сөзін тереңірек түсінген боларсыз. Сондай-ақ, бірінші түскен қасиетті аяттың неге: «Иқро! – Оқы!» деп басталуының астарындағы бір мәнінің адам жан дүниесінің емі – оқу екендігіне назар аударту болғандығын айтсақ қате болмайды. Осы оқу емінің адам жанына қаншалықты пайдасын тигізетінін түсінгеннен кейін, Сіз енді Құрандағы қиссаларға, уағыздар мен нұсқауларға басқаша оймен, жаңа сезіммен қарайтын шығарсыз. Сондай-ақ, Құранды оқу, оған терең ой жүгірту және толықтай берілу шаршаған жандарға қалай ем, ауырған рухтарға қалай шипа болатынын түсіндіңіз деген ойдамыз.

Дереккөз: islamonlinenet. 

Қазақшалап, әзірлеген islam.kz

 

0 пікір