Кітап оқуға құштарлықты оятудың және оны өмірлік дағдыға айналдырудың 10 жолы
Кітап оқуға құштарлықты оятудың және оны өмірлік дағдыға айналдырудың 10 жолы
2 минут бұрын 63 islam.kz/

Бүгін біз кітап оқу барысында кездесетін кедергілерді еңсеру, зейінді тұрақтандыру және кітапқа деген шынайы махаббатты ояту жолдары туралы сыр шертеміз.

1. Ең бастысы – ниеттің түзулігі

Кітап оқу – ең алдымен Алла Тағаланың әмірі. Мұсылман баласы «Оқы!» деп бұйырған Жаратушы Иесінің еркіне бойұсынып, білім іздейді. Екіншіден, бұл амалдың астарында үлкен мән жатыр: оқу – дүние мен ақыреттің пайдасын көздеу.

Оқы! Өйткені оқу - сенің өзіңе, ата-анаңа, ұрпағыңа, бауырларыңа және айналаңдағы барша жандарға шапағатын тигізеді. Ислам үмбетіне пайдалы тұлға болу үшін оқы. Өйткені оқудан қалып, ілімнен қол үзген қауым әрқашан өзгелердің жетегінде жүруге мәжбүр.

Кітап оқу – Хақ Тағаланың ризалығына жетелейтін, адамның өз тұлғасын қалыптастырып, өзгелерге де игілік сыйлайтын жол. Ниетіңді түзесең, ол саған міндетті түрде демеу болады. Дұрыс ниетпен оқылған әрбір пайдалы дүние үшін – мейлі ол шариғат ілімі болсын, мейлі өзге сала болсын – Алладан сауап жазылады. Адам алдына айқын мақсат қойып, ісінің қажеттілігін терең ұғынғанда ғана оқу процесі жемісті болмақ. Әйтпесе, нәтижесіз оқуға жылдарын сарп етіп, еш белесті бағындыра алмауы мүмкін. Бүгінгі күннің ащы шындығы да осы.

2. Нақты жоспар бекіту қажет

Жүйелі нәтижеге жету үшін мына қадамдарды айқындап алған жөн:

  • Өз мүмкіндіктеріңізді саралау;
  • Кітап оқуға арналған тұрақты уақытты белгілеу;

  • Оқығыңыз келетін туындыларды іріктеу;

  • Мәліметті қабылдау мен қорыту қабілетіңізді бағалау;

  • Не үшін оқып жатқаныңызды анық сезіну.

Осы сұрақтарға жауап тапқан соң, нақты жоспар құруға болады. Мәселен: «Алдағы алты айда осы бес кітапты тәмамдаймын» немесе «Бір-екі жылдың ішінде мына 20 кітапты оқып тауысам» деген сияқты. Бекітілген жоспарға аса зәру жағдай болмаса, еш ауытқымай, қатаң бағыну керек. Бастапқыда мұндай тәртіпке үйрену қиын соғуы мүмкін, бірақ табандылық танытсаңыз, түбінде зор нәтижеге кенелесіз.

Сондай-ақ, жоспарда орта жолды ұстанғаны абзал. Аз уақытта ондаған кітапты атүсті оқып шығуға ұмтылудың да, немесе тым аз әдебиетке шектен тыс көп уақыт бөлудің де қажеті жоқ. Қажеттілікке қарай жоспарды түзеп, толықтырып отыруға болады.

3. Оқу үшін арнайы уақыт белгілеу

Кітап оқуды күннің соңына, шаршаған шаққа қалдырудың қажеті жоқ. Керісінше, барлық шаруаны ысырып қойып, тек кітапқа арналатын нақты уақытты бекіту керек. Бұл таңдауға өте жауапкершілікпен қараған абзал. Ми тың, ақпаратты қабылдауға қабілетті кезде оқыған тиімді.

Мәселен, таң намазы мен күннің шығуы арасындағы берекелі уақытты, не ақшам намазына дейінгі (күн батар алдындағы) бір сағатты арнауға болады. Сондай-ақ, ақшам мен құптан арасын немесе құптаннан кейінгі сәтті пайдалануға болады.

Сонымен қатар, күнделікті тіршілік барысындағы «өліара уақыттарды» бос жібермеңіз. Қоғамдық көлікте, кезекте тұрғанда, досыңды көлікте күткенде немесе сауда орнында алушы болмай тұрған сәтте – уақытты ұт, кітап оқы! Шын мәнінде, күні бойы осындай үзілістерде қаншама алтын уақыт зая кетіп жатыр. Сондықтан жаныңызда әрқашан кітап жүрсін, бос сәт туа қалса, бірден парақтап кетіңіз. Сонда күніңіз берекелі, уақытыңыз бұрынғыдан әлдеқайда ұзақ әрі мүмкіндігі мол болып көрінетін болады.

4. Біртіндеп бауыр басу

Кейбір жандар осындай насихаттарды оқығанда, бойын жігер кернеп, бірден бірнеше кітапқа бас қояды. Тіпті басқа маңызды істерін жинап қойып, бар уақытын оқуға сарп етуі мүмкін. Алайда мұндай аптық тез басылады да, ол адам кітапты қалай қатты бастаса, солай тез тастап кетеді. Сондықтан бұл істе де біртіндеп ілгерілеу (тәдриж) принципі маңызды. Жоғарыда айтқанымыздай, кітап оқу – бір сәттік науқандық жұмыс емес, ол өмірлік стиль, тұрақты әдет болуы тиіс.

5. Іске маңыздылықпен қарау

Кітап оқу – еріккеннің ермегі немесе жай ғана хобби емес, бұл – аса маңызды әрі салмақты құлшыныс. Оқу процесі терең пайымды, арнайы уақытты, қаржылай шығынды, қажырлы еңбек пен жанқиярлықты талап етеді. Әрбір тақырыпқа ыждағатпен жақындау керек. Әрбір сөздің мағынасын ұғынып, көкейге түю шарт.

Әр кітапты бейне бір конспект жасап отырғандай ықыласпен оқыңыз. Маңызды тұстарына белгі қойып, өзіндік ой-түйіндеріңізді жазып жүру өте пайдалы. Кейін қайта оралу қажет болатын құнды ақпарат кездессе, оны міндетті түрде түртіп алыңыз. Егер бейтаныс термин немесе түсініксіз сөз тіркесі жолықса, оны жазып алып, тиісті дереккөздерден немесе мамандардан сұрап білуге тырысыңыз. Мұндай тәсіл оқудың өнімділігін бірнеше есе арттырады.

Егер сахабалар мен ұлы имамдардың өмір жолына үңілсек, олардың ілім жолында қандай орасан зор құрбандықтарға барғанын көреміз. Зәйд ибн Сәбит пен Абдулла ибн Аббас (Алла олардан разы болсын), имам аш-Шафиғи мен Ахмад, имам ан-Навави секілді тұлғалардың ғұмырнамасын еске түсіріңізші... Осындай ұлылардың өмір тарихына қайта оралсаңыз, адам мүмкіндігінің сіз ойлағаннан әлдеқайда кең екеніне көзіңіз жетеді.

6. Жүйе мен тәртіп

Тәртіп – әрбір істің берекесі. Кітап оқу да бұл қағидадан тыс қалмауы тиіс. Әр сала бойынша арнайы дәптер (немесе жазба арнасын) арнаған жөн. Көкейге түйген ойлар мен маңызды жазбалар кейін іздегенде табылмайтындай шашыраңқы болмауы керек.

Мәселен, бір дәптерді шариғи әдебиеттерден алған үзінділерге, екіншісін – экономикаға, үшіншісін – көркем әдебиетке, төртіншісін – тарихқа және тағы басқа салаларға арнаңыз. Тіпті бұдан да егжей-тегжейлі жіктеу жасасаңыз, нұр үстіне нұр. Оның үстіне, қазіргі заманғы технологиялар бұрынғы буынның түсіне де кірмеген зор мүмкіндіктерді ұсынып отыр.

Тәртіп тек кітап сөресі мен дәптер бетінде ғана емес, ең алдымен баста болуы шарт. Кейбір адамның көкірегінде ақпарат көп болғанымен, соны жүйелеп, талдап, орнымен қолдана алмайды. Ал екінші бір жан өзіндегі аз ғана ілімді жүйелі түрде игергендіктен, оны шебер пайдалана біледі. Білімді жүйелеу – оны толық иелену деген сөз.

7. Жеке кітапхана жасақтау

Кітапханаңызды өміріңіздің ажырамас бөлшегіне айналдырыңыз. Ерлі-зайыптылар үй ішіндегі ас бөлмесінің, қонақжайдың немесе жатын бөлменің талғамға сай жабдықталуына қалай көңіл бөлсе, үйінде кітапхананың болуына да солай күш салуы керек. Бұл – сән-салтанат немесе байлықтың белгісі емес. Бұл – баспананың ең маңызды іргетасы. Кітапхананың міндетті түрде алып болуы шарт емес, ол мақтаныш немесе сән үшін тұрмауы керек. Ең бастысы – ішіндегі кітаптардың құндылығы мен мазмұнында.

Пайдалы кітаптарды сатып алуға ниеттеніңіз. Бұл тек дәулетті жандарға ғана тиесілі іс емес, бұл – бәріне ортақ мұрат. Егер адам кітаптың қадірін шын түсінсе, ол үшін артық тамақ ішуден немесе қымбат киім алудан оңай бас тартар еді. Бір кешкі асқа жұмсалатын қаражатқа бес-алты құнды кітап сатып алуға болады. Бір киімнің ақшасына он кітап келеді. Ал бір реттік саяхаттың орнына тұтас бір кітапхана жасақтауға мүмкіндік бар.

Үйінде кітапхана болуының маңызын ұғынған жан оны жан-жақты білім нәрімен толтыруға тырысады. Әрбір маңызды салаға қатысты кем дегенде бір кітап болғаны абзал. Мұндай кітапхана – сарқылмас «садақа жарияға» айналады. Өйткені ол тек сізге ғана емес, жарыңызға, балаларыңызға, тіпті немере-шөберелеріңізге дейін қызмет етіп, сауабы үзілмейтін ілімнің бастауы болмақ.

8. Алған іліміңді өзгемен бөлісу

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менен жеткен бір аят болса да жеткізіңдер», – деген. Алған біліміңді өзгеге үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық міндеті. Оқыған-түйгеніңді басқаға айтып беру арқылы іліміңді пысықтайсың, жадыңда бекітесің және жүйелейсің. Ең бастысы – айналаңдағы жандарға нұр сыйлайсың.

9. Сұхбаттас ортаның әсері

Егер өзіңіз сияқты кітапқа құштар достармен аптасына бір рет болса да бас қосып, оқыған дүниелеріңізді ортаға салсаңыздар, бұл оқу процесін әлдеқайда қызықты әрі өнімді ете түседі. Тіпті достар арасында тақырыптарды бөліп алып, соңында бір-біріңізге мазмұндап берсеңіздер, білім көкжиегіңіз кеңейе түседі. Көп түкірсе – көл. Жалғыз адамның оқығаны мен бір топ адамның ілім алмасуының нәтижесін салыстыруға келмейді.

10. Ілімді маманынан алу

Арнайы салалық немесе күрделі әдебиеттерді оқуға кіріспес бұрын, сол саланың майталмандарынан кеңес алған абзал. «Қай кітаптан бастаған дұрыс?», «Қай еңбек мазмұндырақ?», «Бұдан кейін не оқу керек?» деген сұрақтарға жауап іздеңіз.

Көп адам кітапты дұрыс таңдамағандықтан алтын уақытын зая кетіреді. Біреулер мағынасы таяз кітапқа алданып, маңыздысын жіберіп алса, енді бірі дайындығы болмаса да тым күрделі еңбекке бас қойып, тауы шағылып жатады. Ілгерідегі ғұламаларымыз ілімді әрдайым өздерінен ілгері озған ұстаздардан алған. Олар тәкаппарлыққа салынбай, білім иелеріне құрмет көрсетіп, әрдайым ақыл сұрайтын.

Міне, кітап оқуды өмірлік серікке айналдыруға көмектесетін он кеңес осы. Бұл қағидалар кітаптан нәр алуға, уақытты тиімді пайдалануға жол ашады деген үміттеміз.


ansar.ru сайттынан аударылды, қазақшалаған islam.kz

0 пікір