«Киіміңді тазала!»: аятының тәпсірі.
«Киіміңді тазала!»: аятының тәпсірі.
1 ай бұрын 2156 islam.kz
А. Қасым

Қасиетті Құран Кәрімдегі «Мүддәсір» сүресінің төртінші аятында Алла Тағала өзінің сүйікті пайғамбарына былай деп бұйырады:

وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ
 «Және киіміңді тазала!».

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) пайғамбарлығының алғашқы жылдары түскен «Мүддәсир» сүресінің бұл аятын бірнеше жөннен түсінуге болады:

1) Тура мағынасы: киімді жуып, таза ұстау. Өйткені, намаздың сыртқы шарттарының бірі - киім мен дене тазалығы. Тәбиғин Ибн Сирин мен Ибн Зәйд (р.анһума): «Аят намазға кедергі болар нәжістерден киімді тазалап жүруді бұйырып отыр. Өйткені, ол заманда Мекке мүшріктері денелерін және киімдерін таза ұстамайтын» дейді. Алла елшісі де (с.а.у.) бір хадисінде: «Тазалық - иманның жартысы» дей келе, дене тазалығының рухани тазалыққа бастар жол екендігін назар аудартып кеткен.

2) Астарлы мағынасы: Рухани тазалық және нәпсіні тазарту. Дінімізде дене тазалығымен қатар, рух тазалығы да маңызды. Табиғин Қатада мен тәбиғин Мүжәһид (р.анһумә) бұған қатысты: «аталмыш аятта «нәпсіңді тазала» деп бұйырады. Аяттағы киім - нәпсінің мысалы» дейді олар. Сонда мағынасы: «Нәпсіңді әртүрлі күнәлар мен рухани кірден тазала!» дегенді білдірмек1. Тәбиғин Қатада (р.а.) аталмыш аятты тәпсірлей келе: «Киіміңді тазала, яғни, киіміңді күнәлардан тазарт дегендік. Өйткені арабтар Аллаға берген уәдесінде тұрмайтын және Алланың бұйрығымен жүрмейтін адамды «киімін ластаушы»деп атайтын. Ал қашан дұрысталып, Құдайға жақындаса, оны «киімін тазалаушы» дейтін болған» деп өтеді2. Табиғин Даххак аталмыш аятты: «Киіміңді күнәға киме» деп жорамалдайды. «Мінез-құлықыңды әсемде» деп те жорамалдағандар бар.

3) Практикалық жөні. Аталмыш аятты табиғин Тауыс (р.а.) «киіміңді қысқарт» деп тәпсірлеген. Яғни, табиғиннің айтуына қарағанда, аят киімнің жерге сүйретіліп жүрердей ұзын болмау керектігіне ишара етуде, өйткені, қиімінің ұзындығы - жердегі нәжістердің етегіне тиіп, ластануына алып келеді, екіншіден ол заманда киімнің жерге сүйретіліп жүруі тәкәппарлық пен менмендіктің нышанына баланатын, киіміңді қысқарт деу арқылы кішіпейіл және қарапайым болу керектігін ымдаған дейді ол. Сондай-ақ, аталмыш аятты «киіміңді таза табыспен сатып ал» деп түсінген тәпсіршілер де болған. Бұған қарағанда, аталмыш аят мұсылмандарды адал жұмыс істеп, таза табыс табуға шақыруда3.

Жалпы алғанда Имам Құртұбы (радияллаһу анһ) жоғарыдағы аяттағы «Киім» сөзін тәпсірші ғұламалардың сегіз түрлі тәпсірлегенін айтады. Олар келесідегідей:

1) Іс, амал. (Ісіңді адалда).

2) Жүрек. (Жүрегіңді тазала).

3) Нәпсі, Эго. (Нәпсіңді тәрбиеле).

4) Дене. (Денеңді кірден тазала).

5) Отбасы. (Отбасыңды тәрбиеле).

6) Мінез. (Мінезіңді көркемде).

7) Дін. (Дініңді бидғаттардан аулақ ұста).

8) Әдеттегі киім. (Киіміңді әртүрлі нәжістен тазалап, таза киім киіп жүр)4.

Қорыта айтқанда, жоғарыдағы қасиетті аят («киіміңді тазала») материалды жөнді де, рухани жөнді де қамтым тұрғанын ұғынып отырмыз. Осылайша мүміндерді жан-жақты таза болуға шақыруда. Алла Тағала «киіміңді тазала» деу арқылы, мүміндерге үсті-басын таза ұстауды бұйырса, оның астарында "жүрегің түрлі рухани кірден де таза болсын" деп тұрғандай. Себебі, сыртқы тазалық сөзсіз маңызды, алайда ішкі жан дүниенің тазалығы одан да маңыздырақ екендігі даусыз. Ендеше, екі сөзден құралған аталмыш қасиетті аят қысқа да болса, терең мән-мағыналар мен құнды әдеп-нормаларды ішіне қамтып тұр екен.

Алла Тағала баршамызды таза құлдарынан еткей! Уа ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


1  «Тәфсируль Бәғауи», Мүддәсир сүресі.
2  «Тәфсиру Ибн Кәсир», Мүддәсир сүресі тәпсірі.
3  «Тәфсирул Құртуби», Мүддәсир сүресі, 4 аят тәпсірі.
4  «Тәфсирул Құртуби», Мүддәсир сүресі, 4 аят тәпсірі.

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: