«Кәпір адам бір жақсылық жасаса, қарымтасы осы дүниеде беріледі, ал ақыретте құр алақан қалады»: Хадис тағылымы
«Кәпір адам бір жақсылық жасаса, қарымтасы осы дүниеде беріледі, ал ақыретте құр алақан қалады»: Хадис тағылымы
5 ай бұрын 2234 islam.kz/
А. Қасым

Алла Тағала өзінің «ар-Рахим» сипатына сай пенделерін «кәпір» не «мұсылман» деп бөліп жармай, әділдікпен ризық-несібесін беріп отырады. «Әрекетке берекет» демекші еңбек етіп, қажырлық танытқан пендесіне еңбегіне қарай ризығын да арттырмақ. Сондай-ақ, істеген жақсылығын кәпір де болса, босқа кетірмей, Алла Тағала өзінің әділ сипатына сай, қарымтасын осы дүниеде береді. Алайда, ақыретте, оған сыйлық жоқ.

Ал, мүмін-мұсылман пендесіне екі дүниеде де жақсылық бар: яғни, мүмін пендесі әлдебір жақсылық жасаса, оған жасаған жақсылығының қарымтасын осы дүниеде де, о дүниеде де бермек.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөздерінің бірінде былай деген:

«Шынында, егер кәпір адам бір жақсы іс істесе, ол үшін осы дүниеде дәміт татқызады (жақсылығының қарымтасы беріледі). Ал мүмін жақсылық жасаса, Алла Тағала оның жақсылықтарын ақыретке қалдырады және итағаты үшін осы дүниеде ризығын береді»1.

Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген:

«Шынында, Алла Тағала мүміннің жақсылығына қиянат жасамайды. Істеген жақсылығы үшін оған осы дүниеде (ризық) беріледі және ақыретте сол ісіне сыйлық алады. Ал кәпір адам құдай үшін істеген ізгі ісінің (қарымтасының) дәмін осы дүниеде татады, алайда ақыретке көшкенде, сыйлық алар ізгілігі болмайды»2.

Екінші хадисте де айтылып тұрғандай, мүміннің жасаған ізгілігіне екі дүниеде де жақсылық болмақ. Ал құдайға сенбейтін немесе дін исламды мойындамайтын пенденің істеген жақсылығының сыйылығы тек осы дүниеде беріліп, ал ақыретте онысы үшін сауап болмайды. Өйткені, ақыреттік амалдың қабыл етілуінің бірден бір шарты – иман келтіру. Имансыз өткеннің о дүниеде амалдары босқа кетіп, құр алақан қалады.

Алайда, сондай жақсылық жасаған кәпір адам, жаны алқымына келмей тұрып иманға келіп үлгерсе не болады? Егер осы дүниеде мұсылман болып, иманға келіп үлгерсе, онда кәпір кезінде істеген жақсылығы о дүниеде алдынан шығып, ол үшін сауап беріледі.

«Сахих Бұхариде» келтірілген хадисте сахаба Хаким ибн Хизам (Алла оған разы болсын) былай әңгімелейді:

«Мен Алла елшісіне: "Уа, Алланың Елшісі, Жәһилия (надандық) кезеңінде жасаған садақа беру, құл азат ету және туыстық қарым-қатынасты сақтау сияқты істерім үшін қандай да бір сауап бар ма?" – деп сұрадым. Сонда Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): "Сен бұрын жасаған жақсылықтарыңмен бірге Исламды қабылдадың", - деп жауап берді» дейді ардақты сахаба.

Демек кәпір болып жүріп, кейіннен мұсылман болған пенденің бұрын жасаған ізгі істері қайта қаралып, ол үшін ақыретте сауап беріледі, ал исламды қабылдамай тұрып істеген күнәлары Исламды қабыл еткені себепті түгел кешіріледі.

Алла Тағала мұсылман болған күйі жан тапсыруды жазсын!


1 Сахих Мүслім.
2 Сахих Мүслім.

0 пікір