Жүректің кенеттен тоқтауы жайында Ислам не дейді?
Жүректің кенеттен тоқтауы жайында Ислам не дейді?
6 жыл бұрын 8236
Данияр АСЫЛБЕКОВ, терапевт, АҚ «Кардиология және Ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» кардиолог резиденті

Жүрек өлімі - ХХІ ғасыр нәубеті. Бұрынғы замандағыдай оба келіп бүкіл халықты қырып кетпейді, қазір атынан ат үркитін зұлматтар алға шығуда. Сол қасіреттің бірі – кенеттен келетін жүрек өлімі. Бұл өлімді әлемнің сан түрлі ғалымдары мен зерттеушілері, дәрігерлері жан-жақты зерттеуде. Біз бұл мәселенің шешімін басқа қырынан, яғни діннен іздеп көрдік. 

ХХІ ғасырда жан аурулары алдыңғы қатарға шықты. Рух денемен қатар сусындамағаннан кейін, адамзат қу құлқынының қамын ойлап, рухты ысырып қойды. Соның кесірі бірден болмаса да, тиіп жатыр. Қазір ададмдар жаппай рухсыздыққа, имансыздыққа, мейірімсіздікке шалдығып, күн тәртібіне қайтадан сол баяғы аса қауіпті тажалдар оралды.

Олардың көшін ЖИТС, АҚТҚ, қатерлі ісіктер (рак) мен обырлар секілділер бастаған еді, енді кенеттен болатын жүрек тоқтауы да алдыңғы қатарға шықты. Осы орайда айтатынымыз кардиология, невропатология, психитария ғылымдарының қазіргі уақытта күрмеуі шешілмей келе жатқан аурулары жайында болмақ.   

Кенеттен жүрек тоқтауы (Внезапный сердечный смерть). Аяқ астынан болатын бұл өлім – жүректің бірер уақыт ішінде белгілі-белгісіз себептерден қызметін күрт тоқтатуы [1]. 

Кенет болатын өлім - қиналусыз өлім. Ол физиологиялық және психикалық қалыпты жағдайда жүрген адамның ешқандай күдікті белгілерінсіз, алғашқы  симптомдары басталғаннан 1 сағат ішінде қайтыс болуы.

Бұл қасіретке жүректің ишемиялық аурулары себеп болып тұр. Соның ішінде атын атап, түрін түстейтін болсақ: ишемиялық аурулар көшбасшы инфаркт - 60%, стенокардия - 24%, мылқау ишемиялар 16%-н алып отыр. Осы кенеттен келетін өлім 20% жастардың спортпен айналысу уақытында, 30% ұйқыда жатқанда ал жартысы бізге белгісіз әртүрлі себептермен болады екен[2]. 

Кенеттен болатын өлімнің алдын алу үшін тез арада медициналық көмек көрсете білу керек. Осы аурулардың 75-80% ауруханаға жетпей-ақ қайтыс болады. Ағзада өмір сүру қызметінің кері айналмай тоқтауы - биологиялық өлімнің басталуы алдында жанталас және клиникалық өлім болады. Оның нақты себебін ғалымдар әлі анықтаған жоқ. Дегенмен, ізденіс шаралары, түрлі ғылыми-практикалық зерттеулер үздіксіз жасалып келеді. 

Енді Алланың аяттарына зер салайықшы, Құранда былай делінеді: «Құдайды еске алуда жүректері қатайған пенделерге қандай өкінішті. Олар ашық адасуда[3]» немесе «Расында кәпірлерді ескертсең де, ескертпесең де бәрібір (ескерту оларға пайда бермейді). Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректері мен құлақтарына мөр басып, бекітіп тастаған. Көздерінде де перде бар [4] - делінген. «Олардың жүректерінде ауру бар. Алла олардың ауруын күшейте түседі» деп жалғаса [5] мына жерде «Олардың жүректері бар. Бірақ, онымен шындықты түсіне алмайды»  [6] - делінеді

Байқағаныңыздай, бұл ажал бекерден-бекер емес. Құранда олардың сырты сау болғанмен іші таза емес деп айқын жазылған. Іші деп рухани кедейлік меңзелген. Сандарды сөйлетер болсақ, жүректің кенеттен тоқтауы дамыған, асып-тасыған елдерде жиі кездеседі екен. Сол баяғы Батыс, ұлы саналатын ағылшындар мен мұхиттың ар жағындағы силикон жазығының тұрғындарында көп кездеседі.

«Жүрек деген жұдырықтай кесек ет,

Сүйген, күйген сезім – қанын еселеп», - деп Сәбит атамыз айтпақшы, жұдырықтай болған жүрек, тек насос секілді қанды қуалай беретін мотор ғана емес, ол - сезім патшасы, көңіл орталығы. Физикалық түрде саумын деп ойлап, көп адам неге өліп кетеді, себебі рухсыздыққа, имансыздыққа, ұятсыздыққа жол береді. Қалыпты жағдайда жүрек мүлдем тыным алмайды, тіпті ұйқыда жатқанда да жұмысын жалғастыра береді. Ол қашан дем алады? Қашан тынығады? Жүрек жақсы сөздермен және иман нұрымен шомылғанда тынығып демалады. Міне сондықтан, Құранда анық түрде баяндалған: «Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы зікір етумен ғана орнығып, тыныштық табады[7]». 

Алла елшісі де дәл осы ауруларды болжап кеткендей, қиямет қайым жақындағанда, белгісіз себепті ажал көбейеді, деп айтқан [8] хадис мағыналары бар. Бұл ауру мүміндерде де кездеседі, бірақ ол қуанышпен сүйіншіленеді. Оған Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Мүмінге кенеттен жеткен ажал – тыныштық, ал күнәһар үшін – қайғының басы»,[9] - деген сөздері себеп.

Бір әйел Айша анамызға келіп, жүрегінің мейірімсіз, қаттылығын айтып шағымданған. Сонда Айша (р.а): «Үнемі өлімді есіңнен шығарма және де өлім жайлы көп айт. Ол сенің жүрегіңді жібітіп, жұмсартады». Біраз уақыттан соң әлгі әйел Айшаға келіп, алғысын айтады [10]». 

Сондай-ақ көптеген зерттеулерде аса қауіпті шығу тегі белгісіз аритмиялар мәйітті патологиялық ашулардан (вскрытия) кейін морфологиялық субстраттар арқылы көруге болады[11]. 

Жүректің кенеттен тоқтауы тек физиологиялық ақаулардан ғана емес, Құдайды ұмыт қалдырып, ғапылдықпен өткізгеннің кесірінен де болатынын болжадық. 

 

Пайланылған әдебиеттер:

  1. https://my.clevelandclinic.org/health/diseases/17522-sudden-cardiac-death-sudden-cardiac-arrest
  2. https://www.ncbi.nlm.nih.gov/pubmed/17993308
  3. Зүмәр сүресі, 22-аят. 
  4. Бақара сүресі, 6-7 аяттар. 
  5. Бақара сүресі, 10-аят.
  6. Ағраф сүресі, 179-аят.
  7. Рағыд сүресі, 28-аят
  8. Табарани
  9. Муслим
  10. Ихия-у улумуддин. Абу Хамид Мұхаммад әл-Ғазали. ауд.Б.Убаев. Қызылорда, 2017 жыл, 305 бб.
  11. https://cyberleninka.ru/article/n/vnezapnaya-serdechnaya-smert-rol-postreperfuzionnyh-aritmiy-diagnosticheskaya-tsennost-prognosticheskih-prediktorov
0 пікір