Жүніп деген не? Жүніп деген ғұсылы, яғни, бой дәреті бұзылған адам. Жүніптік күйі - ерлі-зайыптылардың қатынасқа түскеннен кейін немесе түнде ұйқыда шәуеттің бөлінуінен яки ояу кезде ләззатпен шәуәт бөлінгеннен кейін туындайды. Жүніп адамға ғұсыл алып, толық шомылуы уәжіп.
Жүніп адам мына алты нәрсені жасамауы керек, олар:
- Мешітке кіру. (Жүніп адам мешітке кірмейді, аса қажет болса таяммум соғып кіреді).
- Құран оқу. (Жүніп адам Құранды кітаптан да, ауызша да оқымайды, алайда кітапты ұстамай әрі ауызды жыбырлатпай ойша оқуына болады).
- Құран кітапты ұстау. (Жүніп адамға құран кітапты тыссыз ұстауы харам, бірақ сырты қапталған болса немесе бір матаның, не, қағаздың дәнекерлігімен ұстаса болады).
- Қолын жумай (немесе дәрет алмай) таза ыдысты және таза киімді ұстау. (Қолын жуып ұстағаны дұрыс).
- Азан шақыру. (Жүніп адамның азан айтқаны мәкруһ, бірақ азаны саналады, әйтсе де, азанды қайта шақырған мұстахаб).
- Қамат түсіру. ( Жүніп адамның қамат түсіруі де мәкруһ, бірақ түсірген қаматын қайта түсірмейді, өйткені бір рет айтылған қаматты қайта түсірмейді)1.
1Әбульхасан әс-Суғди: «ән-Нүтәф филь Фәтәуә».