Жұма күні нәпіл ораза ұстау - «жеңіл мәкруһ». Мәкруһтер екіге бөлінеді:
- харамға жақын мәкруһ
- және жеңіл мәкруһ1.
Жеңіл мәкруһ дегеніміз, істеудің әбестігі жоқ, алайда істемеген абзалырақ дегенді ұқтырады2. Ендеше, Жұма күні ғана нәпіл ораза ұстаудың әбестігі жоқ, бірақ жеңіл мәкруһ болғандықтан, тағы бір күн қосымша ұстаған абзалырақ.
Қасиетті күндердегі оразалар жұмаға тура келіп қалса?
Алайда, жылда қайталанып келетін қасиетті күндердегі нәпіл оразалардың бірі жұма күніне тура келіп қалса, оны жұма күні ұстаудың еш мәкруһтігі жоқ және ол жағдайда қосымша бір күн ұстау да шарт емес. Мысалы, «арапа» күнгі нәпіл ораза, «бараат» күнінің оразасы, «ашура» оразасы, «ережеп» оразасы т.б. айтулы күндердегі нәпіл оразалар жұма күніне сай келіп қалған жағдайда жұма күні ұстай бересіз, оның еш мәкруһтігі жоқ. Себебі, Алла елшісі (с.а.у.) «жұманың күндізін өзге күндерден ерекше етіп, оразаға арнамаңдар, бірақ әлдекімнің (әдетте) ұстап жүрген оразасы (сол күнге сай келген) болса, ол басқа» деген3.
Қаза оразаны жұма күні ұстау
Қаза ораза, нәзір ораза сияқты өтелуі парыз немесе уәжіп болған оразаны тек жұма күні ұстаудың еш мәкруһтігі жоқ, тіпті жеңіл мәкруһке де жатпайды. Мубах, ерікті амал. Сол себепті, бір күнгі қаза оразаңызды жұма күні өтеуді қаласаңыз, ұстай бересіз, еш әбес тұсы жоқ.
1 Нәжәх Хәләби: «Фиқһуль Ъибәдәт аля мәзхәбиль ханафия». Мәкруһ оразалар.
2 Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». Екі айт намазы.
3 Сахих Мүслім. Китабус сиям.