Бисмилләһир рахманир рахим
Бүгінде жер планетасының домалақтығы ғылыми шындық. Ешкім жер планетасының шар тәріздес екендігін жоққа шығармайды. Алайда ерте заманда жердің домалақ екендігіне адамдарды сендіре қою қиынның қиыны еді. Европа елінде жердің домалақтығы 15 ғасырдың аяқ шеңінде ғана ғылыми дәлелденген болатын. Жердің домалақтығын алғаш паш еткен Коперник екендігі қабыл етіледі (1473-1543 ж). Дейтұрғанмен, Коперниктен 500-600 жыл бұрын мұсылман әлемінде жердің домалақтығы - көптеген Ислам ғалымдары арасында күмән келтірмес шындық саналатын.
ІХ-Х ғасырлардағы мұсылман географ ғалымдары мен астроном мамандарын айтпағанда, Фиқһшы, Құран тәпсіршісі, хадисші мамандары да Құран аяттарынан шаббытана отырып жердің домалақтығын ашық айтқан. Оған олардың мың жыл бұрын жазып қалдырған еңбектеріндегі мәлімдемелері дәлел.
1) Ибн Хазм. Мәселен, миләди 11 ғасырда қайтыс болған Ислам фиқһшысы, әрі хадисші Ибн Хазм (қ.ж.м. 1064 ж.) Алла оны рахымына бөлесін, өзінің «әл-Фасл филь-миләли уәл-Әһуә уән-Нихәл» атты еңбегіндегі «Жердің домалақтығы жөнінде баяндама» атты тарауда былай дейді (әдейі арабшасын беріп отырмын):
قَالُوا إِن الْبَرَاهِين قد صحت بِأَن الأَرْض كروية والعامة تَقول غير ذَلِك وجوابنا وَبِاللَّهِ تَعَالَى التَّوْفِيق إِن أحد من أَئِمَّة الْمُسلمين الْمُسْتَحقّين لاسم الْإِمَامَة بِالْعلمِ رَضِي الله عَنْهُم لم ينكروا تكوير الأَرْض وَلَا يحفظ لأحد مِنْهُم فِي دَفعه كلمة بل الْبَرَاهِين من الْقُرْآن وَالسّنة قد جَاءَت بتكويرها قَالَ الله عز وَجل {يكور اللَّيْل على النَّهَار ويكور النَّهَار على اللَّيْل} وَهَذَا أوضح بَيَان فِي تكوير بَعْضهَا على بعض مَأْخُوذ من كور الْعِمَامَة وَهُوَ إدارتها وَهَذَا نَص على تكوير الأَرْض ودوران الشَّمْس
«Шынында нақты дәлелдер жердің домалақтығын айғақтайды. Көпшілік (қарапайым халықты айтып тұрса керек) оның олай еместігін айтуда. Алланың тауфиқымен біздің оларға берер жауабымыз келесідегідей: «Ғылымда «имам» атануға лайықты мұсылман ғұламаларының ешбірі «жердің домалақтығын» жоққа шығармаған, олардың ешқайсысынан оны жоққа шығарар бір сөз болса да жетпеген. Керісінше, Құран мен хадистерде жердің домалақтығын білдірер айғақтар бар. (Мысалы,) Алла Тағала (Құранда) былай деген: «Ол түнді күндізге орайды, күндізді түнге орайды...». («Зүмәр» сүресі, 5 аят). Осы аят түн мен күндіздің бір-бірін (айналдыра) орайтындығын ашық түрде баяндауда. Аятта - «сәлдені орау» сөзінде қолданатын «тәкуир» сөзі қолданылып тұр, бұл оны айналдыра орау дегенді білдіреді. Ендеше, осы келтірген аят – жердің домалақтығына және күннің айналатындығына нақты айғақ болып есептеледі»
- дейді ғұлама1.
Енді Ибн Хазмның (Алла оған разы болсын) өмір сүрген жылға қараңыз да, біздің өмір сүріп жатқан ғасырға қараңыз. Арада мың (1000) жыл бар. Бізден мың жыл бұрын өмір сүрген бір ғалымның қазіргі технология дамыған заманда өмір сүріп жатқан ғалымдарша пікірлеуі таңқаларлық. Бұл ғалым - атақты "сиқа" дәрежесіндегі хадисші, әрі шариғат ғұламасы болған.
2) Имам Фәһруддин ар-Рази. Атақты Құран тәпсіршісі Имам Фәһруддин ар-Рази да «жердің домалақтығын» дәлелдеуге тырысқан Ислам ғалымдарының бірі. Бұл ғалым 12 ғасырда өмір кешкен (миләди 1149-1210 ж). Фәһруддин ар-Рази тек шариғат майталманы ғана емес, бұл кісі – философия, логика, астрономия, математика, медицина салаларын да жетік меңгеріп, осы салаларға арнап еңбек жазған ғұлама. Алғаш рет Логика (мантық) ғылымын философиядан бөле-жарып қарап, өзінше бір ғылым саласы ретінде танытқан Фәһруддин Рази екендігі айтылады. Дегенмен, Фәһруддин Рази мұсылмандардың арасында көбіне өзінің ауқымды тәпсірімен танымал. «Ғайыб сырларының кілттері» деген мағынадағы «Мәфәтихуль ғойб» атты ауқымды тәпсірі әлі күнге шейін өз құнын жоғалтпаған.
Фәһруддин ар-Рази аталмыш тәпсір кітабының бірнеше жерінде жердің домалақтығын дәлелдеуге тырысып баққан. Мысалы, «Раъд» сүресінің 3 аятын тәпсірлей келе, жерді түзу деп айтушыларға қарсы:
أَنَّهُ ثَبَتَ بِالدَّلَائِلِ/ أَنَّ الْأَرْضَ كُرَةٌ فَكَيْفَ يُمْكِنُ الْمُكَابَرَةُ فِيهِ؟`
«...Жердің шар тәріздес екендігі көптеген дәлелдермен нақтыланған бола тұра, қалайша ол жөнінде дауласуға болады?» - деп, жердің домалақтығы талассыз ақиқат екендігін білдірген2. Фәһруддин ар-Рази Коперник пен Галилеодан 5-6 ғасыр бұрын өмір сүрген Ислам ғалымы.
3) Ибн Хордадбех. ІХ (9) ғасырда өмір кешкен ирандық мұсылман географ Ибн Хордадбех (ابن خرداذبة), өзінің «Жолдар мен елдер» атты арабша еңбегінде («әл-Мәсәлик уәль-Мәмәлик») жердің домалақтығын былайша паш еткен екен:
إن الأرض مُدَوَّرَةٌ كدوران الكرة.. موضحة كالمحة في جوف البيضة" (والمحة هي: صفار البيض)
«Сөзсіз жер – доптың домалақтығындай домаланған тәрізде... Құдды жұмыртқаның ағының ішіндегі сарысы сияқты көрініс табады...»3.
Бұлармен қатар: энсиклопедист Ибн Руста (қ.ж.м. 912 ж), мұсылман саяхатшы және геогроф әрі тарихшы Әбульхасан әл-Мәсъуди (миләди 896-956 ж), географ ғалым Әбу Абдулла әл-Идриси (м. 1100-1165 ж.), әл-Кәзуини (миләди 1202-1283 ж., «ъажаибуль махлуқат», «жаратылыс ғажайыбтары») сынды 9-11 ғасырларда өмір кешкен мұсылман ғалымдары жер планетасының шар тәріздес екендігін өздерінің еңбектерінде ашық жазып кеткен. Осыдан келіп, бір кездері мұсылман әлемі ғылымда да христиан әлемінен бір көш ілгері болғандығын ұғыну қиын емес.
1Ибн Хазм: «әл-Фасл филь-миләли уәл-Әһуә уән-Нихәл». 2 том. 78 бет.
2Фәһруддин ар-Рази: «Мәфәтихуль ғойб», Құран тәпсірі, «Раъд» сүресінің тәпсірі.
3«әл-Мәсәлик уәл-Мәмәлик».