Жас ұлғайса да, миыңыз қартаймайды...
Жас ұлғайса да, миыңыз қартаймайды...
5 жыл бұрын 2864

Джордж Вашингтон атындағы университеттің (АҚШ) Медициналық орталығының директоры, американдық геронтолог дәрігер Gene Cohen неврология саласындағы соңғы зерттеулерге сүйене отырып, егде адамның миының әлдеқайда икемді болатындығын дәделдеді.

Біздің миымыз өмір бойы  ойлар мен естеліктерді кодтайды және жаңа нейрондық байланыстар қалыптастырады. Сонымен қатар, мидың оң және сол жақ жарты шарларының өзара әрекеттесуі біздің шығармашылық қабілетімізді дамытады.

Жастық шақтағыдай жылдам болмаса да денсаулығы жақсы егде жастағы адамның миы да икемділікке ие болады. Сол себепті ақыл тоқтатқан ересектер дәлірек тұжырым жасап, дұрыс шешім қабылдайды. Зерттеулер бойынша жас келген сайын миымыздың жағымсыз эмоцияларға сабырлықпен қарап, тыныштықпен жауап беретіні анықталды.

Ми 60-80 жас кезінде толық күшпен жұмыс істей бастайды. Адамның зияткерлік  белсенділігінің шыңы ми толыққанды жұмыс істей бастағанда шамамен 70 жасқа сәйкес келеді. Уақыт өте келе мидағы зат-миелиннің мөлшері арта түседі, бұл нейрондардың арасынан тез өтуге сигнал береді. Осының арқасында мидың жалпы зияткерлік қуаты орташа деңгеймен салыстырғанда 3000% -ға дейін артады. Ал миелин өндірісінің ең жоғарғы белсенділігі 60-80 жаста көрініс табады.

Егер 60 жасқа дейін мидың екі жарты шарының арасында функциялар қатаң бөлінсе, онда 60 жастан кейін адам мидың екі бөлігін де бір уақытта қатар қолдана алады. Осы орайда ол басын бір бағытта немесе басқа бағытта сәл қисайту арқылы реттей алады. Бұл айтарлықтай күрделі міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады.

Ғалымдар түрлі жастағы еріктілер тобын жинақтап, олардан әртүрлі күрделі деңгейдегі тестілеу сұрақтарына жауап беруін талап етеді. Зерттеу нәтижесінде 60-75 жастағы адамдар күрделі деген есептерді жылдам әрі дұрыс шешкен. Тәжірибенің неғұрлым жас қатысушылары қиын жағдайларда, күрделі міндеттерді шешу барысында барлық ықтимал нұсқалар бойынша есептеуге тырысқанымен  нәтижесінде шатасып кетеді. Ал  60 жастан асқандар таңқаларлық дәлдікпен екі-үш балама нұсқаны таңдап, оларды жалғыз дұрыс шешімге әкелген.

Монреаль университетінің профессоры Мончи Ури «егде жастағы адамның миы энергияны аз қажет ететін жолды таңдайды, қажетсіздікті азайтып,  мәселені шешудің дұрыс нұсқаларын ғана табады» деп санайды.

Айтылмыш мәселеге қарт адамдардың өмір бойы алған өмірлік тәжірибесі де айырықща ықпал етеді. Олар жастарға қарағанда эмоциялық ақпаратқа орнықты, төзімді жауап береді. Калифорния университетінің профессоры Дилип Джейст мәлімдегендей, «Жылдар бойы өмір сүрген адамның миы аз импульсивті және ұтымды».

 Біздер жылдам әрі дана шешім қабылдауға мүмкіндік беретін білім мен түпсананың тәжірибесін даналық деп атаймыз. 

Орта жастағы (60-70 жас) мидың ерекшеліктері:

– Мидың нейрондары өлмейді (30% - ға дейін ), ал егер адам ауыр ақыл-ой еңбегімен айналыспаған жағдайда олардың арасындағы байланыс жоғалуы мүмкін.

- жасына қарай мидағы миелин мөлшері (мидың ақ заты) артып, 60 жастан кейін максимумға жетеді.

Бұл сигналдардың нейроннан нейронға өтуін жеделдетеді, ал зияткерлік «күш» 30 есе артады.

- шашыраңқылық пен ұмытшақтық — "жедел" жадыда сақталған артық ақпараттың төлемі.

- орта жастағы адам күйзеліске төзімді болады әрі күшті эмоциялық жүктеме жағдайында да тиімді жұмыс істей алады.

- 60 жастан бастап адам жастардай бір мезгілде бір ғана жарты шарды емес, екеуін де қатар қолдана бастайды (ми амбидестриясы).

- орта жаста түйсігі едәуір артады;

- танымдық функциялардың шыңы 60-70 жас аралығында көрініс табады;

- салауатты өмір салтын ұстанған жағдайда  зияткерлік «күш» жас ұлғайған сайын азая бермейді, керісінше 80 жасқа, кейде 90 жасқа дейін арта түседі. 

Егер сіз миыңыздың қуатын барынша пайдаланғыңыз келсе, келесі кеңестерге жүгініңіз:

-Өзіңізге ыңғайлы спорт түрімен шұғылданыңыз.

- Арқаңызды, иығыңызды/осанка/ бақылаңыз. Сіздің түзу қалпыңыз ойлау  үдерісіне ерекше ықпал етеді. Оны өзіңіз тексеріп көріңіз. Қисайып отырып және еденге төмен қарап математиканың кез келген мәселесін шешуге тырысыңыз. Содан кейін арқаңызбен тік отырып, жоғары қарап немесе тура өзіңіздің алдыңызға қарап, тәжірбие жасап көрсеңіз, екінші нұсқада, яғни, түзу отырып,  ойлану оңайырақ екенін байқайсыз.

- Қан айналымын қадағалаңыз. Нашар қан айналымы адамға толығымен бой жазып, шоғырлануға мүмкіндік бермейді. Егер сіз ұзақ бір қалыпта болсаңыз, кем дегенде 1-2 минут бойы аяқтарыңызды созуға тырысыңыз. Бұл қан айналымын қалпына келтіруге жағдай туғызады. Ең жақсы қан айналымының реттегіші-зімбір және трикат.

- Ойлау қабілетін жаттықтырыңыз. Тек физикалық жаттығу ғана маңызды емес. Оларды жасау арқылы сіз миыңыздың әртүрлі аймақтарын дамыта аласыз. Профессор Катц қоршаған ортаны ойлау мен талдау мидың белсенді емес бөліктерінің де жұмысын жақсарта алатындығын айтады. Жаңа дәм мен иісті сезініп көріңіз. Жаңа жерлерге саяхаттап, өнермен айналысыңыз, классиктердің шығармаларын оқыңыз.

- «Неге және не үшін?» деген сауалды қойыңыз. Біздің миымыз қызығушылыққа бейім келеді. Өзіңізді қызықтыруға да мүмкіндік беріңіз. Қызығушылықты дамытудың ең жақсы әдісі - әрқашан «Неге және не үшін?» деп сауалды өзіңізге қою. Бұл жаңа әдетке айналсын (күніне кемінде 10 рет). Осының нәтижесінде сіз өмірде және жұмысыңызда алдыңыздан қаншама тамаша мүмкіндіктердің ашылатынына таң қалатын боласыз.

- Теріс ойлардан арылыңыз. Сіздің күнделікті тіршілікте ойлайтын ойларыңыз миыңыздың жұмысында өте маңызды рөл атқарады. Марк Джордж өзінің Ұлттық Денсаулық сақтау институтындағы әріптестерімен жүргізген зерттеулерінде бақытты, оптимистік ойлардың миды тыныштандыратын, ретке келтіретін ықпалы бар екендігін, ал теріс ойлар депрессия мен мазасыздықты тудыратындығын дәлелдеді. Теріс, жағымсыз ойлаудан гөрі мүлдем ойланбаған жақсы.

- Көбірек күліңіз. Ғалымдар күлкі денсаулығымызға пайдалы дейді. Күлу үдерісінде эндорфиндер пайда болады, бұл шиеленісті, күйзелісті азайтуға көмектеседі. Осылайша, күлкі біздің миымызды қуаттандыра алады.

-Есте сақтау қабілеттерін дамытыңыз. Ми - бұл есте сақтау құрылғысы. Ескі фотоальбомды немесе мектеп күнделігін қолға алып, өткеннің жақсы кезеңдерін еске түсіріңіз. Тек жақсы естеліктеріңізге көңіл бөліңіз. Жаман естеліктермен байланыстырылған адамдардың фотосуреттеріне қарамаңыз. Оларды қолыңызбен немесе қағаз парағыңызбен жабыңыз. Ақылыңызға көбірек ойлануға әрі еске түсіруге мүмкіншілік беріңіз. Естеліктердегі жағымды эмоциялар қиындықтарды жеңуге жәрдемдеседі.

- Демалыңыз. Жұмыс кезінде әрдайым үзіліс жасаңыз. Бұл бір жерде ұзақ уақыт отырғаныңыздан туындаған шиеленісті жеңілдетуге көмектеседі. Әр сағат сайын 10-15 минут қана демалсаңыз, сіз жұмыс қабілеттілігін арттыра аласыз. Қысқа демалу миыңызды босаңсытуға және ойларыңызды тазартуға жәрдемдеседі.

-Жұмбақтарды шешіңіз. Кейбіріміз мозаиканы, бірқатарымыз сөзжұмбақтарды, ал базбіреулері логикалық жұмбақтарды ұнатады. Мұның барлығы сіздің миыңызды белсендірудің  үздік тәсілі. Жұмбақты ермек үшін шешіңіз, алайда оны шешу барысында сіз миыңызды да жаттықтырасыз. Бірақ сіз шешімін таба алмайтын жұмбақтардан жырақ жүргеніңіз абзал.

- Өз дағдыларыңызды жетілдіріңіз. Кесте тігу, оқу, сурет салу және сөзжұмбақтарды шешу сияқты әр қилы күнделікті әуес ісімен айналысу әркімге  өте маңызды. Мұны бәрін жаңа жолмен жасауға өзіңізді мәжбүрлеңіз, дағдыларыңызды жетілдірудің тың шешімдерін табыңыз. Жаңа кітаптарды оқып, сурет салудың жаңа тәсілдерін үйреніңіз, күрделі сөзжұмбақтарды шешіңіз. Мысалы, төңкерілген кітапты оқып көріңіз. Егер бұл бірден нәтиже бермесе, ренжімеңіз. Машықтаныңыз! Жақсы нәтижеге қол жеткізу сіздің миыңыздың сау болуына ықпал етеді.

- Қаламмен және қағазбен ұйықтаңыз. Жатар алдында негізгі ақпаратты қарау оның 20-30% есте сақталуын қамтамасыз етеді. Ұйықтар алдында егер сізге көп ауыртпалық тудырмаса, кітапты кереуеттің жанына қоюға болады.  Кереуеттің жанында бір дәптер мен қалам ұстауды ұмытпаңыз. Егер сізге қандай да бір ерекше ой келсе, оны жазғанша ұйықтап қалуға тыныштық бермейді. Дегенмен таңертең сол ойларыңыз ақылға қонбайтын әрі күлкілі болып көрінсе де,  көңіліңізді түсірмеңіз! Себебі, ең бастысы, сіздің миыңыз жұмыс жасады.

- Шоғырлану. Концентрация мидың жұмысын жақсарта алады. Миыңызды әрдайым жағымды жайттарға, жақсы ойларға, құбылыстарға шоғырландырып, бағыттап үйретіңіз.

- Шаттана ойнаңыз. Адамдардың өміріне ілімге ізденіс және шығармашылық енген кезде, олар өз жұмысына өнімділікті 127%-ға арттырады. Өзіңізді таңдандыра отырып, әлемді таңдандырыңыз. Бала кезіңізде не істегеніңізді есіңізге түсіріп, оны ересек адам ретінде жасаңыз. Бұл сіздің данышпаныңыздың кілті. Да Винчи, Эдисон, Эйнштейн, Пикассо - барлығы ойнауды және зерттеуді жақсы көретін. «Балалық шаққа түсуден» қорықпаңыз. Мұның бәрі  ерте ме, кеш пе, бәрібір болады, алайда оның пайдасын, артықшылықтарын түсінбей жатады.

- Сананың циклдерін анықтаңыз. Сіз санаңыздың ең белсенді жұмыс істейтін уақытын анықтаңыз. Егер осы уақытты біле алсаңыз, бұл мерзімде ең маңызды, күрделі тапсырмаларды орындай аласыз. Бұл таңертең, кешке, түнде болуы мүмкін.

- Жазыңыз. Жеке күнделік жүргізу, бірінші кезекте, өзіңіз үшін өте пайдалы. Бұл миды өте жақсы ынталандырады. Бейтаныс адамдарға хат жазыңыз. Бұл ретте жауап алмау маңызды емес. Хаттар сіздің миыңыздың мүмкіндіктерін дамытуға жол ашады. Басқалардың сізді оқи алатындай етіп жазу тәсілдерін, жолдарын табыңыз. Бұл сіздің балалық шағыңыздың тарихы, басқа адамдармен бөліскіңіз келетін күлкілі немесе қызықты жағдайлар болуы мүмкін. Блогты мүмкіндігінше көп адамдар оқи алатындай етіп бастаңыз. Байланысыңыз!

- Миды белсендіру мақсатында ароматерапияны қолданыңыз. Хош иістерді сергіту, демалу үшін пайдалануға болады. «Энергетиктер» құрамына жалбыз, кипарис, лимон, эфиопиялық кактус шырыны кіреді. Сіздің сергек болып, босаңсуыңыз үшін герань, раушан немесе тибеттік бақбақ қажет. Ваннаға немесе спрейге бірнеше тамшы май жеткілікті болады. Сондай-ақ қол орамалға бірнеше тамшы май тамызса да артық болмас. Алайда қолданбас бұрын бұл майға аллергия жоқ екеніне алдын ала көз жеткізіңіз.

-Өзіңізді шабыттандыратын адамдармен қоршаңыз. Қазіргі замандастармен қатар, өткен өмірде де сізді шабыттандыратын адамдармен қарым-қатынас жасаңыз.

Сіз қанша жаста болсаңыз да, не істесеңіз де, миыңызға жүктеме қажет. Бұл логикалық жұмбақтар, Шекспирді жаттап алу немесе қытай тілін үйрену т.б. болуы мүмкін. Егер сіз миыңыздың қоқыстағы автомобиль сияқты тот басуын қаламасаңыз, миыңызды бос қоймай, өнімді еңбек етуіне ықпал етіңіз.

Ендеше, көңіліңізді түсірмеңіз! Миыңыздың жұмыс жасап, дамуына назар аударсаңыз, бәрі алда! 60 жас, 70 және 90 жаста да денсаулығыңыз мықты болсын!

Дереккөз: islam.ru

Аударған: Меруерт Бақдәулетқызы

0 пікір