«Дүйсенбіден бастап жаңа өмір бастаймын, спортзалға барамын, ағылшын тілін үйренемін...» – осылайша бәріміз өзімізге уәде беріп, алдыға мақсат қоямыз да, артынша оны кейінге ысыра саламыз. Кейде іске құлшынып кіріскенімізбен, мәселен, аптасына 3 рет бірнеше сағаттан жаттығып, алайда көп ұзамай бәрін тастап кетеміз. Неге бұлай болады? Өйткені жүктеме ауыр, ағза тез жалығады, ол әлі әдет болып қалыптаспаған.
Кайдзен әдістемесі немесе бір минут принципі
Жапондарда «1 минут» принципіне негізделген «Кайдзен» атты ерекше әдістеме бар. Оның мәні – адам белгілі бір іспен күн сайын, бір уақытта, тура бір минут қана айналысуы тиіс. Бір минут – өте аз уақыт, демек бұл кез келген адамның қолынан келеді. Жалқаулық сізге кедергі бола алмайды. Бұрын жарты сағат бойы істеуден қашып, түрлі сылтау іздеген істеріңізді бір минуттың ішінде еш қиналмай орындайсыз.
Секіртпемен секіру, пресс жасау, көзге арналған жаттығу, шет тілінде кітап оқу – уақыт небәрі бір минутпен шектелсе, бұл істер ауыр көрінбейді. Керісінше, қуаныш пен қанағат сезімін сыйлайды. Осындай кішкентай қадамдар арқылы сіз өзіңізді жетілдіріп, үлкен нәтижелерге қол жеткізесіз.
Түйіннің мәні неде?
Ең бастысы – сіз өз күшіңізге деген сенімсіздікті жоясыз. Күн сайын орындалған кішкентай іс сізді шарасыздық сезімінен арылтып, жеңіс дәмін сездіреді. Осы жетістікке қанаттанып, біртіндеп бір минутты бес минутқа, кейін жарты сағаттық толыққанды жаттығуға қалай ауысқаныңызды байқамай да қаласыз. Нәтиже айқын көрінеді!
«Кайдзен» сөзі екі түбірден тұрады: «кай» (өзгеріс) және «дзэн» (даналық).
Бұл тұжырымдаманың авторы Масааки Имаи «Кайдзенді» бизнеске де, жеке өмірге де бірдей сәтті қолдануға болатын нағыз өмірлік философия деп есептейді.
Неге бұл әдіс тиімді?
Көпшіліктің санасында «үлкен нәтижеге тек көп күш жұмсау арқылы жетуге болады» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан бұл әдіс біреулерге тиімсіз көрінуі мүмкін. Алайда, адамның бүкіл күшін сарқып алатын ауқымды бағдарламалар көбіне адамды қажытып, нәтижесіз қалады. Ал «Кайдзен» принципі барлық адамға қолайлы және өмірдің кез келген саласына қолдануға жарамды.
Ендігі қалғаны – өз қажеттіліктеріңізді анықтап, бүгіннен бастап «Кайдзен» әдісін іс жүзінде қолдану ғана қалды. Сәттілік!...
golbis.com сайттынан аударылды. аударған islam.kz