Кіріспе
Исламда пейіш — Алланың (С.Т.) үкімдерімен өмір сүріп, Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) салған жолымен жүргендерге арналған мәңгілік сый. Бірақ сіз пейіштің сегіз ерекше қақпасы барын білдіңіз бе? Әрбір қақпа ғибадат пен ізгі амалдардың белгілі бір түрін білдіре отырып, мұсылмандарға Жәннатқа кірудің әртүрлі жолдарын ұсынады.
Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген:
«Кімде-кім дәретті жақсылап алса, сосын: “Алладан басқа тәңір жоқ, Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Мұхаммед — Оның құлы әрі Елшісі” десе, оған Жәннаттың сегіз қақпасы ашылады, ол қайсысынан қаласа, содан кіреді.» (Сахих Муслим)
Жәннаттың сегіз қақпасы
Исламдағы Жәннаттың сегіз қақпасы, ол — Жәннатқа апарар әртүрлі ғибадаттар мен изгі амалдардың нышаны. Намаз, ораза, садақа мен сабыр сияқты амалдар арқылы әрбір мүмін-мұсылман Алланың (С.Т.) рақымына үміт артып, мәңгілік бақытқа жол аша алады.
Пейіштің қақпалары
1) Бааб Ас-Салат (Намаз қақпасы)
Бұл қақпа — намаздарын тұрақты, уақытында және ықыласпен орындаған мүміндерге арналады. Бес уақыт намазына мұқияттылық танытып, уақытылы оқып қаза қылмауға тырысып бағатын, оған қосымша духа, тәһәжжуд сынды нәпіл намаздарды жиі оқып тұратын мұсылмандар осы есіктен кіреді.
2) Бааб Әл-Жиһад (Жиһад қақпасы)
Бұл қақпа — Алла жолында өмірін не мал-дүниесін сарп еткендерге, әділет пен иман жолында күрескендерге арналған.
3) Бааб Ар-Райян (Ораза қақпасы)
Рамазан айындағы ораза Исламда өте маңыздылыққа ие ғибадат. Пейіштің Ар-Райян қақпасы арнайы ораза тұтқандарға арналған қақпа. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай, қиямет күні бұл қақпа Рамазан айында шын ықыласпен ауыз бекіткендерді шақырады.
4) Бааб Ас-Садақа (Садақа қақпасы)
Исламда қайыр, садақа маңызды орынға ие. Жарлы-жақыбайларға, мұқтаждарға жиі көмектесетін, мейірімді жандар осы қақпадан кіреді.
5) Бааб Әл-Хажж (Қажылық қақпасы)
Исламның бес парызының бірі қажылық десек, бұл қақпа Меккеге қажылық парызын шын ниетпен орындаған мүміндерге арналған.
6) Бааб Әл-Каазимин әл-Ғайз уә әл-Аафина анин-Наас (Ашуын басушылар және кешірім қақпасы)
Ашуын жеңе білген, басқаларды кешіре білетін, басқа түскен қиындықтарға сабыр танытқан мүміндер осы қақпа арқылы кіреді.
7) Бааб Ат-Тауба (Тәубе қақпасы)
Алла Тағала күнәсіна өкініп, кешірім сұрап, Оған оралған пендесін жақсы көреді. Бұл қақпа шын жүректен тәубе етіп, күнәларынан арылуға ұмтылған және дұрысталуға тырысқан мүміндерге ашылатын қақпа.
8) Бааб Аз-Зикр (Алланы еске алу қақпасы)
Алланы жиі еске алатын, зікір айтатын, Оны мадақтап, күнделікті өмірінде естен шығармайтын мұсылмандар осы қақпа арқылы кіреді.
Бұл қақпалардың маңыздылығы
Бұл қақпалар тек Жәннаттың есіктері ғана емес, олар — Алланың (С.Т.) рақымына жетелейтін әртүрлі жолдардың символы. Әрбір мұсылман садақа беру, ораза ұстау, намаз оқу немесе Алланы еске алу арқылы әркім Жәннатқа кіру мүмкіндігіне ие. Әрине, бұл сөзімізден Ислам парыздарының бірін ғана орындаса жеткілікті екен, қалғанын орындамаса да болады екен дегенді ұғуға болмайды. Баста Исламның бес парызы болып, діннің өзге де бұйрықтарын орындап, тыйғандарынан тыйылу әрбір мұсылманның борышы. Алланың ризалығы мен оның пейішіне парыздарды бөле жармай толық орындауға тырысқан жағдайда ғана тез қол жеткізе алмақ. Ал пейіштің сегіз қақпасы бұл, өзге амалдарды үзбей орындаумен қатар, оның қайсысын көбірек жасағанына қарай белгіленетін орын болса керек.
Жәннат қақпалары туралы ойлану
Бұл қақпалардың әрқайсысы жеке амалдарды білдіргенімен, бәрінің түпкі мақсаты — Аллаға (С.Т.) жақындау және Оның разылығына жету. Бұл дүниенің өткінші екенін ұғыну арқылы мұсылман мәңгілік өмірге дайындала алады.
Қалай осы қақпалар арқылы кіруге болады?
- Намаз оқу – бес уақыт намазды уақытында орындау
- Садақа беру – мұқтаждарға көмектесуді әдетке айналдыру
- Ораза ұстау – Рамазан және басқа да нәпіл оразалар
- Қажылыққа бару – өмірінде бір рет қажылық жасау
- Тәубе ету – күн сайын Алладан кешірім сұрап, жақсылыққа ұмтылу
islam.kz