1995 жылы ЮНЕСКО осы ұйымның құрылуының 50-жыл толуына байланысты өткізілген жиынында 16-қарашаны Халықаралық толеранттылық күні деп жариялады. Ал 1996 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы БҰҰ-на мүше елдерге әр жыл сайын 16-қарашаны Халықаралық тағаттылық күні ретінде атап өтуді ұсынды. Сөйтіп, халықаралық қауымдастық толеранттылықты қазіргі заманғы адамзат болмысының іргелі тұғырнамасы ретінде мойындады. Толеранттылық әр заманда адамзат үшін маңызды ұстаным болып табылды. Дегенмен, жаһанданған қазіргі әлем үшін оның маңызы еселеп артып отыр. Егер осыдан 50-100 жыл бұрын түрлі этностар өз мемлекеттерінің аймағында немесе федерациялар мен одақтардың құрамында тіршілік етіп келсе, қазіргі мегаполистер жүздеген ұлттар мен ұлыстардың ортақ мекеніне айналған. Бұл ұлттар мен ұлыстар түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің, діндер мен конфессиялардың өкілі болып табылады. Сондықтан олардың қалыпты өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету - мемлекеттің де, азаматтық қоғамның да негізгі міндеттерінің бірі.
Толеранттылықтың тамыры терең және оны әлеуметтік өмірдің өткінші құбылысы ретінде бағалауға болмайды. Толеранттылық адам табиғатының мәнді сипаты, оның рухани кемелділігінің көрсеткіші. Толеранттылық екі немесе одан да көп қауымдастықтардың күш тепе-теңдігінен де туындамайды. Күш тепе-теңдігі тым тұрақсыз және азды-көп уақыт аралығында тез өзгеріп отырады. Толеранттылық әлсіздің әлдіге бағынуыннан да туындамайды. Өйткені, әлсіз өзінің әлсіздігін әрдайым сезініп отырады және ішкі наразылық ерте ме, кеш пе лап етіп сыртқа шығады. Толеранттылық шексіз төзімділік те емес, адам қорлыққа төзбейді, қорлыққа төзген адам адами қасиеттерден ада болады.
Толеранттылық жеке тұлғаның ішкі рухани күйі. Қоғамда осындай толерантты тұлғалар неғұрлым көп болса, оның тұрақтылығы да жоғары болады. Жеке тұлғалық толеранттылық өмірлік тәжірибе мен әлеуметтік қарым-қатынастың, үздіксіз рухани ізденістің жемісі. Бұл үдерісте отбасынан басталатын тұлғалық әлеуметтенудің маңызы зор.
Адам болмысының мәнді категориясы ретіндегі толеранттылық әділеттілік ұғымымен тығыз байланысты. Әділеттілік болмаған жерде толеранттылық та орнамайды. Алайда, әділеттілік туралы айтқанда оны саяси сипатымен шектеуге болмайды. Тағатсыздықтың қаралы үлгісін көрсеткен төңкерістердің бәрі әділеттілікті орнату, адамды адамның қанауын жою ұранымен жүзеге асты. Әділеттілік адам бойындағы априорлы сезім. Адам осы сезім негізінде жеке тұлға мен қоғам өмірінде орын алған немесе орын алуы тиіс оқиғаларға баға береді. Әділеттілік – қоғам мен ғарыштағы үйлесімділіктің сақталуы. Үйлесімділіктің бұзылуы әділетсіздікке әкеледі. Әділетсіздік тағатсыздықты туындатады. Діни дүниетаным аясында қалыптасқан осы түсінік адамдардың санасында ұялап, олардың іс-әрекеттері мен жүріс-тұрысына ықпалып ететін бағдарлық ұстанымға айналды. Мәселе бұл түсініктердің ақиқаттылығында немесе жалғандығында емес, олардың әлеуметтік перменділігінде. Сөйтіп, діни дүниетаным адамның бойында өз өмірі мен әлеуметтік болмысты бағалаудың өлшемдерін қалыптастырды.
Әлемдік діндердің ішінде діни толеранттылық принципі ислам ілімінде тиянақты көрініс тапты. Ислам діні әртүрлі этностардың, мәдениеттер мен өркениеттерді ортақ құндылықтар мен ұстанымдар төңірегіне топтастырды. Ислам діні дүниеге келген алғашқы жылдары-ақ бір қала-мемлекет аумағында діни наным-сенімдері әртүрлі халықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің құқықтық негіздерін қалады. Бұл тарихта Мәдина келісімі деген атпен белгілі. Бірқатар зерттеулер оны исламның алғашқы конституциясы деп те бағалайды. Енді осы құжат үзінділерне назар аударайық: «Аллаһтың уәдесі жалпыға бірдей. Қайсыбір мүмін келісімге келген қандай да бір мұсылман емес адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
Басқаларға қарағанда мүміндер бір-бірімен ынтымақты.
Яһудилердің бізге ергендеріне өнеге мен жәрдем бар. Оларға зұлымдық пен қарсылық көрсетілмейді.
Мүміндердің бейбітшілігі де баршаға бірдей. Мүмін Аллаһ жолындағы соғыста басқамен тек теңдік және әділдікпен ғана бейбіт қарым-қатынас орната алады...
Яһудилердің діндері өздеріне, мұсылмандардың да діні өздеріне. Сондай-ақ, олардың өздері мен қызметкерлері де өздеріне. Ал, зұлымдық пен күнәға бой алдырғандар өзі мен өз отбасына ғана зиян келтіреді...
Яһудилердің нәпәқасы өздеріне (яғни, олар мал-мүліктері мен тапқандарын өз пайдаларына жаратады), мұсылмандардың нәпәқасы өздеріне. Олар осы Ата заңды мойындағандарға қарсы келгендерге қарсы бір-біріне жәрдем береді және араларында көмек пен насихат, күнәдан пәк адалдық болуы тиіс [1].
Осылайша адамзат тарихында ислам алғаш рет толеранттылықтың құқықтық негіздерін қалыптастырды. Әлеуметтік қатынастар мен адамзат болмысының жаңа үлгілерін жасақтаған ислам өркениеті аз уақыт аралығында мәдениеті мен дәстүрі, тілі мен ділі әр алуан халықтарды ортақ дүниетаным, моральдық құндылықтар төңірегінде топтастырып, дамудың жаңа сатысына көтерді. Бұл кезең қантөгістердің тоқтап, бейбітшілік орнап, өнер мен ғылымның, мәдениет пен өркениетттің гүлденген кезеңі болды. Қоғамдағы толеранттылықтың жоғары деңгейі, моральдық ұстанымдардың түсініктілігі мен ақылға қонымдылығы, ғылыми ойға шек қоймау, фанатизмге жол бермеу осының бәрі исламды тартымды етті.
Ислам өркениеті жайлы қалам тартқан, Иран ислам Республикасының бұрынғы президенті Сейид Мухаммад Хатами ислам өркениетінің дамуында маңызды рөл атқарған үш негізгі идеялық ағымды: шариғатты, сопылықты және рационализмді атап, оларға талдау жасай келе: «ислам тарихында біз өз заманының дәстүрлі дінімен күрескен атеизм идеологтарының да есімдерін кездестіреміз. Атап айтқанда, Ахмад бен Тайеба Сарахси, Ибн Раванди және Мұхаммед бен Закрия Рази есімдерін атап өтуге болады. ... Ислам ойшылдарының басым көпшілігімен келіспеген Рази дін мен философияның ымыраға келуін теріске шығарды. Ол дін философиялық ойлауға, басқа сөзбен айтқанда, ғылыми зерттеулерге қайшы келеді деп санады»,- дейді [2]. Ғылымның дамуының басты алғышарттарының бірі – ой еркіндігі. Ислам әлемінде, ой еркіндігіне, ғылыми білімнің дамуына шек қойылмағаны белгілі. Бұл ұстаным да Құран мен Сүнеттен бастау алады. Құран аятына сай адамды дұрыс жолға салу Аллаһтың құзіреті. Аллаһ қалаған құлын ақиқат жолына түсіреді. Сонымен қатар, дінде зорлық жоқ екендігі де Құранда баса айтылған
Ғылымның исламдық тұжырымында ол да құдайға құлшылық етумен теңестіріледі, яғни Аллаһтың жаратқан дүниесін зерттеу мен тану - Әлемдер Әміршісіне қызмет етудің өзіндік бір формасы. Бұл ой көптеген Құран аяттары мен хадистерде қайталанады. Солардың тек бірнешеуімен ғана шектелейік. «Білетіндермен білмейтіндер тең бе? Ақиқатында, өсиетті тек парасат иелері ғана түсінеді». «Бір жылғы дұғадан, бір сағат ойланған пайдалырақ».
Исламның ғылымды қолдауы оның қоғамдағы орны мен беделінің көтерілуіне ықпал етті, ғылыммен шұғылдану ізгі амал ретінде қабылданды. Кейіннен ғылым ислам өркениетінің маңызды бір құбылысына айналды. Парасат пен сенімнің үйлесімділігі, ислам әлеміндегі ғылымның беделі осы өркениеттің ортағасырларда басқалардан оқ бойы озық болуын қамтамасыз етті. Г.М. Керимов араб-мұсылман әлеміндегі ғылымның дамуын былай деп сипаттайды: «Басқа халықтардың жетістіктерін игере отырып, мұсылман ғалымдары көптеген ғылымдарды дамытуда бұрын соңды болмаған жетістіктерге жетті. Олар Самарқанд, Бағдад, Дамаск, Каир және Кордовада (Андалузия, Испания) өз заманының ең жетік обсерваторияларын салды. 770 жылы мұсылман ғалымы Физарий Птоломейдің астролябиясын қалпына келтірді. Біраз уақыт өткен соң әл-Хорезми жер шарының бойлығы мен ендігі туралы ұғымды дүниеге әкелді.
Мұсылман математиктері сандарды және нөлді ойлап тауып, ондық санақ жүйесінің негізін қалады. Бұл осы саладағы ежелгі финикиялықтар заманынан бергі ең үлкен жаңалық болды» [3]. Ислам ғалымдары адам парасатының ақиқат пен шындықты танудағы зор қабілеті мен мүмкіндіктерін мойындай отырып, оның ақылын өзіне де, өзгеге де пайда әкелмейтін істермен шұғылданудан тежеуге талпынады. Осы мақсатта олар әр түрлі ғылымдардың сұрыптамасын жасап, олардың зерттеу объектілері мен пәндерін, танымдық және тұрмыстық маңызын анықтауға үлкен үлес қосты.
Ислам діни фанатизмге жол бермейді. Фанатизм – ақыл-ойдың шектілігі мен надандықтың көрінісі. Жаратушысын таныған адам оның рұқсат еткендері мен тыйым салғандарында өзі үшін бір жақсылықтың барын түсінеді. Ал, әр нәрсенің мәнін түсіну мен ақылға салу - парасаттылықтың нышаны. Ойлану мен білімді игеру және сондай-ақ ақиқатты іздеу мен құпия сырларды ашу адамды шектен шығудан сақтандырады. Сондықтан әрнәрсенің байыбына бару, сабырлылық таныту мұсылман харекетінің басты ұстанымы болуы керек. «Мүмкін, Аллаһ сендермен дұшпандарыңның арасында достық орнатар. Аллаһ – Құдіретті. Аллаһ – Кешірімшіл, Мейірімді». «Аллаһ сендерге дін үшін сендермен соғысып, тұрғын жайларыңнан қумағандармен ізгі және әділетті болуларыңа тыйым салмайды». «Аллаһ сендерге сендермен дін үшін соғысып, тұрғын жайларыңнан қуғандармен және сіздерді қуғындауға ықпал еткендермен ғана достасуға тыйым салады». Мұхаммед пайғамбар осы Құран аяттарын басшылыққа ала отырып, әр түрлі діни нанымдағы адамдардың бейбіт қатар өмір сүруі принципінің негізін қалады және оны іс жүзінде жүзеге асырды. Ол өзінің ізбасарларына басқа дін өкілдеріне қысым жасамауды өсиет етті. Ислам мемлекеті қалыптасып қанат жайған дәуірде бұл мемлекет пен діни қауымдастықтар қатынасын реттеудің негізгі тетігіне айналды. Ислам мемлекеті аймағында өмір сүретін басқа діни қауымдарды зыммилар деп атады. Олар мемлекетпен арнайы келісімдер жасады. Мемлекет зыммилердің діни әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін еркін ұстануына және олардың өмірі мен мал-мүлкінің қауіпсіздігіне кепіл болды. Зыммилер өз тарапынан мемлекетке қарсы қастандық әрекеттерге бармауға, мемлекеттің заңдарын орындауға, әдет-ғұрыптары мен дініне құрметпен қарауға, бұрыннан бар ғибадатханаларды ғана пайдаланып, жаңаларын салмауға, жиза салығын төлеуге және т.б. орындауға міндеттелді. Зыммилер арасынан мемлекеттік қызметкерлерде шықты. Бұл ислам мемлекеттерінде олардың азаматтық құқықтарының жоғары бағаланғандығын айқындайды. Зыммилерге деген осындай көзқарас исламдық толеранттылықтың негізі болып табылады. Сондықтан діни төзімділіктің теориялық және практикалық іргетасын ислам өркениеті қалады деп толық айта аламыз. «Осылай қатар өмір сүру мен өзара қатынаста болу олардың (әртүрлі халықтардың – З.Қ.) кемелденуіне ықпал етті, ал ислам рухындағы өзара көмек туралы толеранттылық ілімі мен ғылымға деген құрмет әр түрлі мәдениеттердің өзара ықпалдасуы мен тоғысуына алып келді» [4]. Ислам зерттеушісі А.Х. Зарринкуб: «Бұл қоғамның құлдырауы оның сыртқы әлеммен байланысы үзіліп, өз ішінде сепаратистік тенденциялар мен фанатизм бой алған кезде басталды» дей отырып, дәл осы төзімділік принципінен ауытқудың ислам қоғамы үшін өте зиянды құбылыс болғанын атап көрсетеді. Сондықтан бұл принцип бүгінгі күні де өз өзектілігін жойған жоқ. Ислам өркениеті, Құранды басшылыққа ала отырып, басқа өркениетттермен тату-тәтті қарым-қатынас орнатуға талпынуы керек. Қазіргі заманғы өркениеттердің әрқайсысы бір-бірінің өзіндік болмысы мен құндылығын мойындауынсыз, одан әрі үйлесімді дами алады деп айту қиын.
Исламдағы толеранттылық дәстүр Әбу Ханифаның ирджа туралы ілімінде жалғасын тапты. Осы мәселеге қатысты пікір айтып, өз көзқарасын білдірген Р. Гайнутдин Әбу Ханифаның ислам ғылымы саласындағы мұрасы және замандастары мен кейінгі буын ислам үлемдерінің оның ізденістеріне деген қатынасын баяндай келе: «Имам Әбу Ханифаның ирджа туралы ілімі осындай сынның нысанына айналды. Бұл ілімнің шектен шыққан өкілдерін сунниттік басым көпшілік ақиқаттан жырақтаушылар деп санады. Араб термині «ирджа» «кейінге қалдыру», «үміт арту» деген екі мағынадан бастау алады. Ирджа принципі үлкен күнә жасағандарға (муртакиб аль-кабир), олардың сенімі туралы пікірді Аллаһтың құзырына қалдыруға және Құдайдың оларға мейірімділік танытатынына үміт артуға қатысты болды. Кейде имам Әбу Ханифа бір нәрсе туралы шынайы білім болмаған жағдайда, бір жақты шешім қабылдамау үшін «ирджа» сөзінің орнына «вукуф», яғни қалыс қалу [пікір айтпау] терминін қолданды»,-деп атап көрсетеді [5]. Әбу Ханифа мен оның шәкірттері ислам әлемі үшін қиын қыстау заманда өмір сүрді. Саяси және діни алауыздықтар жайлаған, билік пен тақ үшін бақталастықтар толастамаған уақыттарда өзінің қарсыласын діннен безген (такфир) деп айыптау кеңінен таралған құбылыс еді. Мұның соңы бітіспес жанжалдар мен қақтығыстарға, қан төгістерге ұласты. Адамды діннен безген деу оны шарасыздық жағдайында қалдыратын. Өйткені, мұндай айып таңылған адамның жеке өз басына ғана емес, туған-туысқандарына да қауіп төнетін, оның мал-мүлкі тәркіленіп, өзі өлім жазасына кесілетін. Әрине, мұндай жағдайлар мұсылман ойшылдарын ойландырмай қоймады. Әбу Ханифаның ирджа туралы ілімі ислам зиялы қауымының осындай қантөгістерді тоқтатуға бағытталған батыл қадамы болып табылады.
Әбу Ханифаның ирджа ілімі күнәні ақтамайды және сол арқылы күнәлі істің адамның сеніміне қатысы жоқ, күнә адамның сеніміне нұқсан келтірмейді деп санаған мурджииттердің де, ауыр күнә жасау адамды мұсылман қатарынан шығарады деп санаған хариджиттердің де ілімдерінен ерекшеленеді.
Әбу Ханифаның ауыр күнә жасаған адамның үкімін Аллаһтың құзырына қалдыруды бір жағынан, құдіреті күшті Аллаһтың өз құлына мейірімінің шексіздігіне және Аллаһқа деген үміттің үзілмейтіндігіне негізделсе, екінші жағынан, адами билікті абсолюттендіруден сақтауға бағытталды. Өмір мен өлім мәселесінде шығарылатын үкім Аллаһ хақына сақтықпен және өте үлкен жауапкершілікпен келуге мәжбүрлейді. Сондықтан калимә мен шахадатты терістемеген адамның тағдырын Аллаһтың құзырына қалдыру әр заман үшін орынды болып табылады. Мұсылман мақсаты күнәға кірген адамды жазалау емес, керісінше оны сол күнәдан алыстату болып табылады. Ислам құқығының, соның ішінде Ханафи мәзһабының да өзегі мен рухы - мұсылманды күнәға жақындатпай жамандықтан шектеп, жақсылыққа бастауда. Құранда да адам иненің ұшындай жақсылық жасаса да, жамандық жасаса да Құдіретті Аллаһтан жасырын қалмайтыны айтылған. Яғни, адам жауапсыз қалдырылмайды. Бірақ, ислам құқықтанушыларының Құранға сүйене отырып, шектен шыққан жағдайда исламның тыйымдары күшін жоятындығы туралы принципті тұжырымдағанын да да естен шығармау керек. Алайда күнә адамды өзінің жаратылысынан алыстатады. Сондықтан қалыпты жағдайда адам біле тұра күнә жасамаудың, оған бой алдырмаудың амалын қарастырғаны абзал.
Исламдағы осындай толеранттылық ұстанымдары мен принциптері бір өркениет аясында түрлі этностар мен мәдениеттердің, діндер мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруінің алғышарты болып табылды. Қазіргі уақытта да исламның осы құндылықтары көптеген шиеленістердің шешімін табуға ықпал ететінін теріске шығара алмаймыз
1. Құрманбаев Қ. Исламдағы адам құқықтары. Алматы, 2012 – 180-184 б.
2. Сейид Мухаммад Хатами. Диалог цивилизации: путь взаимопониманию. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. 196-197б.
3. Керимов Г.М. Шариат: Закон жизни мусульман. Ответы Шариата на проблемы современности. – СПб.: Издательство Диля, 2007. 425-426 б.
4. Зарринкуб А.Х. Исламская цивилизация. – М.: «Андалус», 2004., 29-30 б.
5. Гайнутдин Р. Учение имама Абу Ханифы как основа толерантности в современном мире // Мазхаб Великого имама Абу Ханифы и современность: Материалы международной научно-практической конференции. – Алматы: Атамұра, 2009. – 8-9 б.