Исламдағы ой-пікір бостандығы мен сөз бостандығы
Исламдағы ой-пікір бостандығы мен сөз бостандығы
5 жыл бұрын 3800
Құрманбаев Қайрат

Адамдардың ой мен сөз бостандығы құқығы бүгінгі таңда адам құқығы туралы барша құжаттар мен барлық елдің конституцияларында бекітілген.

Ислам діні адам баласының санасын әртүрлі жалған нанымдардан арылтып, оны әлемнің жаратылуы, болмыс пен өзі туралы ой жүгіртуге шақырды. Өйткені адам баласы ақыл иесі болғандықтан, ол ақиқатқа ойлау арқылы қол жеткізуі керек. Сол үшін де оған еркін ойлау құқығы мен сөз бостандығы берілді.

Ислам дінінде ой-пікір бостандығы мен сөз бостандығын жеке тұлға мен қоғамға пайда келтіретіндей етіп қолдану талап етіледі. Ал зиян келтіретіндей болса, оған тыйым салынады.

Ислам діні әрбір адамға ой-пікір еркіндігін беріп, тіп, ой жүгіртуді құлшылық түрінен есептейді. Құран Кәрімде әлемге қарап ой жүгіртуге, ақыл, ойды пайдалануға, әлемді тереңірек зерттеп, ғалам мен әлеуметтік заңдардың ақиқатына көз жеткізуге шақыратын аяттар жетерлік. Мысалы: «Жер жүзінде кезіңдер де күнәкарлардың соңы қалай болғанын көріңдер», - де» (Нәміл сүресі, 69 аят); «Жер жүзінде кезіңдер де жаратуды қалай бастап, сосын екінші жаратуды да (қалай) жасайды, көріңдер! Расында Алланың әр нәрсеген күші жетеді», - де» (Анкәбут, 20) деге аяттардың мағыналары осыған дәлел болса, «Расында Алланың қасында тіршілік иелерінің ең жаманы, сондай шындықты түсінбейтін саңырау, сақаулар» (Әнфәл, 22) деген аяты өз сана-сезімі мен ақыл-ойына жүгінбейтіндерге ескерту жасаған. Яғни, бұл жерде ізгі амал үшін ой жүгіртпейтіндер, өз пікірін білдірмейтіндер мен басқаның ойын тыңдамайтындар туралы сөз болып отыр. Осы тектес оайлаудың, зікір етудің, оқып-білудің қажет екендігін білдіретін аяттар өте көп.

Әлем мен жаратылыс заңдылықтарын меңгеріп жатқан ғалымдар ой-пікір мен ғылыми ізденістер еркіндігін пайдаланып, асқан жетістіктерге жетіп отырғандығы да мәлім. Құран Кәрімнің адам баласының ғылымға деген ынтызарлығы мен барлық саланы игеру құқығын сипаттауы кездейсоқ емес. Бұл сипаттар адамды басқа тіршілік иелерінің адамды басқа тіршілік иелерінің барлығынан биіктетіп, ерекшелеп тұр.

Білім іздену бостандығы

Ислам діні білім-ғылымға, ғылыми зерттеулер жүргізуге шек қоймайды. Құран Кәрім мен пайғамбар сүннеті адамдарды білім алуға, ғылымды, жаратылыс заңдарын адамзат игілігіне қолдануға үндейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Кімде-кі ілім үйену үшін жолға шықса, Алла сол арқылы, оның жаннатқа жолын жеңілдетеді», - деп білім алуға ынталандырады.

Батыс зерттеушілері де орта ғасырдағы мұсылман ғалымдарының инлллектуалдық жетістіктерінің нәтижелерін жарыса жазған болатын. Солардың бірі, франзуз ғалымы Сиде еңбектерінің бірінде пайғамбардың (с.а.у.) өмірі мен ислам тарихынан үзінділер келтіре отырып, сол кездегі бүкіл әлемге тараған араб иислам мәдениетін ауқымды және объективті түрде сипаттап: «Мұхаммед (с.а.у.) келгеннен кейін араб түбегіндегі тайпалардың басын қосып, оларды жоғары мақсатқа жетелей білді. Осының арқасында олардың билігі Испания мен Португалиядан Үндістанға дейін жетті де, Европа халқы надандықта өмір сүріп жатқан шақта ғылым шуағы мен өркениетті шығыстан батысқа таратуға мүмкіндік берді... Ислам мектептерінде араб тіліне аударылған көне грек ғылымдары оқытылды, ал арабтардың өздері адам ой-пікірінің нәтижесінде туған барлық ғылым мен өнер түрімен айналысуға бар күш-жігерін салып, кейіннен Еуропаның көптеген елдерінде танымал болған жаңалықтарды игерді. Бұл олардың бізден ғылымда басым түскендігін білдіреді, - деп жазды (44, 43-б). Ислам діні орта ғасырда ой-пікір ортақ өркениеттің өркендеуіне түрткі бола білді.

Діни схоластика еркін ойлаудың дұшпаны. Орта ғасырда шіркеудің химия, физика сияқты т.б. ғылымдар бойынша көптеген кітаптардың оқылуына тыйым салғаны баршаға аян. Бұндай сенім ақыл-ой мен сөз бостандығына, ғылымға қарсы жасалған қадам тұғын. Батыста жеке тұлғалар арасында, қоғамда кеңінен қолданылып отырған сөз бостандығы ғасырларға созылған ұзақ күрестің нәтижесінде ғана орныға алды. Олар феодалдық басшылардың езгісі мен дін басыларының ғалыми жаңалықтар ашуға қарсы бағытталған догматтар шырмауынан өмірлерін сарп қылған жазушылар мен философтардың зор еңбектерінің арқасында ғана арыла алды.

Исламда иман негіздері мен ислам шарттарының, оның құндылықтары мен жалпыға ортақ мүдделердің сақталу шартымен сөз бен ой бостандығына шектеу қойылмайды. Дінімізде ілімнің шыңына шыға білген тұлғаларға кейбір мәселелерге қатысты шешім шығару құқығы беріліп қана қоймай, ол дін мен дүниелік істерде қажетті құрал деп танылды. Сөз бостанығы қоғам мүддесін білдіретін шариғат нормаларымен реттеледі. Ол қателіктерді түзетіп, тура жолдан адаспауға, жалпы істерде жетістіктерге жетуге көмек береді. Пайғамбар (с.а.у.): «Егер үкім шығарушы өздігінше ізденіп (ижтихад жасап) дұрыс шешім шығарса, оған екі сауап, ал егер өздігінен ізденіп қателскен жағдайда оған бір сауап», - деп мұсылман ғалымдарының қандайда бір мәселеде өз ой-пікірлерін танытуға құқылы екендігін білдірген.

Билік өкілдеріне өз пікірін білдіре алу бостандығы

Мұсылман адамның билік өкілдеріне кеңес беруі ағаттық саналмайды. Пайғамбарымыздан жеткен деректердің бірінде: «Егер біреу ақиқатты білетін болса, оның ақиқатты айтуына қорқыныш кедергі болмауы тиіс. Жиһадттың ең жақсысы – әділетсіз патшаның алдында ақиқат сөзін айту» - деп келген.

Қоғамдағы жағдайды жақсарту мақсатында билік басындағы тұлғаларға ақыл-кеңес беріп, тура жолға шақыру жауапкершілігі – ғалымдар мен халық сенім артқан адамдарға жүктеледі. Халықтың билеушілеріне деген адалдығы оларға ақиқат жолында жәрдем беріп бойсұну және парасаттылық, сыпайы мінезбен ескерту арқылы көрініс табады.

Исламда сөз бостандығының жарқын үлгілерінің бірі қарапайым халықтың басшыларының қателіктері мен кемшіліктерін тайсалмай айта алуы. Бұл ақиқатты Ислам тарихындағы халифалар мен қарапайым халықтың арасында орын алған жайттардан анық көруге болады. Мысалы, бір күні жиында бір адам халифа Омар ибн әл-Хаттабқа: «Уа Омар, Алладан қорық», - деп дөрекілік танытады. Сонда қатысып отырғандардың біреуі: «Мүміндердің әміршісіне қатты айтпа», - дейді. Сол кезде Омар (р.а.) дұрыс ақыл-кеңестің қажеттілігін ескертіп: «Егер осыны айтпасаңдар, сендерде игілік жоқ, егер мұндай ақыл-кеңесті қабылдамасақ, бізде (яғни, билеуші әміршілерде) игілік жоқ», - деген. (46, 341-б). Сол секілді халыққа хұтба оқып тұрған Омардың (р.а.) сөзін жамағаттың арасынан бір әйел адам түзетіп те, оның мүміндердің әміршісі тарапынан құпталғандығы жайлы оқиға көпшілікке белгілі.

Саяси бостандық

Саяси бостандық келесі құқықтарды қамтамасыз етеді:

1. Халықтың өз араларынан басшы сайлауы және әрбір лайықты тұлғаның басышылық қызметтерге тағайындала алуы.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние салғаннан соң Әбу Бәкірдің (р.а.), одан кейін Омардың (р.а.) сахабалардың кеңесінде бір ауыздан келісіммен мұсылмандардың әміршісі болып тағайындалуы – халықтың өз ішінен басшы сайлау ісіне атсалыса алатындығын көрсетеді.

2. Халықтың басшысылары мен билікті қадағалап, өз ой-пікірлерін білдіруі.

Жоғарыда да айтып өткеніміздей Ислам әрбір жеке тұлғаға өзінің ойы мен пікірін білдіруге және кімге де болса, қоғамдағы орны мен лауазымына қарамастан орынды сын айтуға құқық берген...

Мысалы, Әбу Бәкір (р.а.): «Мен сендердің ең жақсыларың болмасам да мені басшы етіп сайладыңдар. Егер менің істерім жақсы болса, маған жәрдемдесіңдер, ал егер жаман болса, онда мені түзетіңдер...», деген болатын халифалыққа сайланған тұсында. Және де Омар да халифаға тағайындалған сәтінде: «Сендердің бірің менің кемшілігмді көрсе, оны түзетсің», - деген екен...

3. Басшының жекелеген көзқарастарына халықтың наразылық білдіруі.

Жеке тұлға бостандығы мен ой-пікір бостандығы бар жерде түрлі пікірлер мен көзқарастардың туындайтыны хақ. Соның ішінде саясат айдынындағы пікірлердің әртүрлілігі әрекет етіп отырған билікке қарсы оппозицияның туындауына жетелейді. Ислам бостандық діні бола отырып, жеке тұлғаның саяси көзқарасын білдіруге ерік береді. Бұл белсенді саяси ұстанымды білдіреді. Оның мақсаты – әрбір адамның халқы мен отанына өз жолымен, өз әдістерімен қызмет етіп, ізгі істерді қодау және қателіктер мен бұрыс амалдарды түзету. Ол қоғамда ел мүддесі жолында биліктің кемшін тұстарын сынға алып, олқылықтарын түзету мақсатында өз көзөарастары мен ақыл-кеңестерін беретін топтың болуымен көрініс табады.  

Мұсылмандарға берілетін жәрдемақыны тоқтатқаннан кейін халифа Мағауия мінберге шығып: «Құлақ асып, бойсұныңдар» деп халқына сөз сөйлей бастаған уақытта Әбу Муслим әл-Хәлуани тұрып, оның істеген қателігін есепке ала отырып: «Уа, Мағауия! Біз саған құлақ асып, бойсұнбаймыз», - дейді. Мағауи одан: «Ей Әбу Муслим, неліктен?», - деп сұрайды. Сонда ол: «Уа, Мағауия, сен қалайша жәрдемақыны тоқтатасың? Бұл сенің әкеңнің, яки анаңның мүлкі емес қой», - дейді. Мағауия қатты ашуланып, мінбесінен түсіп, халыққа тарқап кетпеуін бұйырады да, өзі бір сағат уақыттай жоқ болып, ғұсыл құйынып келеді. Сосын ол: «Әбу Муслим маған ашуландыратындай сөз айтты. Мен Алла елшісінің (с.а.у.) «Ашу – шайтаннан, ал шайтан – оттан жаратылған. От сумен өшіріледі. Сендердің бірің ашуланатын болса, ғұсыл құйынсын» дегенін естідім. Мен барып ғұсыл құйынып келдім. Әбу Муслим рас айтты. Бұл менің де, әкемнің де мүлкі емес, оны қайтадан ала беріңдер», - деген (7, 332-б).

Осы секілді оқиғалар қарапайым халықтың басшысының алдында ойы мен көзқарасын еркін айта алуға және басшының жағымсыз іс-әрекетіне наразылық танытуға құқылы екендігін білдіреді.

Ислам діні осы тектес құқықтарды бере отырып, басшыға бағыну керек екендігіне ерекеше мән беген. Мұсылмандар өздеріне қамқоршы болатын басқарушыны таңдап, оған бүкіл ізгі мақсаттарда көмекші болуларына ант бергеннен кейін, оларға барлық игі істерде бойсұнуға міндетті.

Ислам діні халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағын сақтау мақсатында адамдар арасында бүлік шығарудан, басшының бойынан жағымсыз іс-әрекеттер көрініс тапқан күннің өзінде (игі істерде, шариғатқа қайшы емес істерде) басшыға бағынбаудан тыяды.

Демек, кез келген әлемдік демократиялық жүйлерде көрініс тапқандай, Ислам дінінде де әрбір кәмілетке толған, саналы адам мемлекет басшысының, өзінің мүдделерін қорғайтын өкілдерді сайлауға қатысуға, әрі сайлануға және өзінің қабілетіне байланысты белгілі басқарушылық қызметпен айналысуға, ой-пікірін еркін білдіруге құқылы. Бұл өз кезегінде Ислам дінінің сонау ерте кезеңнің өзінде қоғамда демократиялық ұстанымдарды дамытып, жеке бас бостандығына қаншалықты үлкен мән бергендігін көрсетеді.

«Исламдағы адам құқықтары» атты кітаптан ықшамдап алынды.
0 пікір